astana-view

Қонақ үй бизнесін жетік білеміз бе?

2016 жылғы 30 Қыркүйек
7939 просмотров

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Тайланд корольдігі елшілігімен біріге отырып, «Қонақ үй бизнесін басқару» тақырыбында семинар өткізді

Екікүндік семинарға Астана және Қарағандыдағы 12 қонақ үйдің атынан  35 менеджер қатысты. Олардың арасында Radisson, Park inn, Marriott, Rixos, Ramada Plaza, King Hotel және тағы басқа белді қонақ үйлерінің өкілдері де бар.

Қонақ үй бизнесін басқару тренингінің нұсқаушылары ретінде Таиландтан халықаралық сарапшылар – Suan Dusit Rajabhat университеті туризм, қонақ үй және мейрамхана бизнесін басқару факультетінің деканы Камонканок Киатисакчай және Таиланд қонақ үйлері қауымдастығының директоры Сетапхан Буддхани шақырылды.

Аталған семинар халықаралық қонақ үй бизнесі стандарттарын оқып-білуге бағытталды. Семинар мақсаты – Қазақстанның мүмкіндіктерін ескере отырып, қонақ үй қызметіне бейімдеу және одан әрі жетілдіру.

Семинарда, сондай-ақ, қызметкерлерді ынталандыру, қызмет көрсету стандарттары тәжірибелеріне баса назар аударылды. Сонымен қатар, тәжірибелік сабақтар да назардан тыс қалмады. 

Халықаралық туризм бүгінде сыртқы экономикалық қызметтің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып саналады. Осы орайда, Қазақстан ішкі туризмді дамытумен қатар, шетелдік меймандарды қабылдауда мүмкіндігі мол елдердің бірі болып есептеледі.

Әсіресе, Астанада өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің өтуі ел өміріндегі маңызды жағдай болып отыр. Себебі, оған Қазақстанмен қатар, алыс-жақын шетелдерден келетін туристер қатысады деп күтілуде.

Бұл ретте, Қазақстанның туристік индустриясын дамыту өзекті болмақ. Ал, халықаралық тәжірибені қолдану әлемдік туристік нарықта бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға жол ашпақ.

Сыртқы сауда палатасы қонақ үй тақырыбындағы оқыту семинарларын алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер