astana-view

Үздік брендке – озық идея

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6465 просмотров

Қазақстандық аккумуляторлардың бренді жаңарды  

«Қайнар АКБ» ЖШС Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен биылғы жылдың ақпан айында «Идеялар фабрикасы» байқауын жариялаған еді. Байқау мақсаты – «Bars» және «Kainar» аккумуляторларының брендін қалыптастыру және ішінара ребрендинг жасау. Байқауда үздік логотип, ұран, сату тәсілі, brand story, вирусты маркетинг және аккумуляторлардың ішінара ребрендингі таңдалады. Байқауға қатысу мақсатында 100-ден астам өтініш келіп түсті. Сондай-ақ, зауыт мамандары қатысушыларға арналған арнайы экскурсия ұйымдастырды. Енді міне, бірнеше ай өткен соң, «Қайнар-АКБ» «Аккумуляторлардың ішінара ребрендингі» аталымының бірінші  жеңімпазын таңдады. Сыйақы  Алматы облысы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте табысталды. Байқау жеңімпазы ретінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік унверситетінің студенті Рауан Сапанов танылды. Болашақ дизайнер аккумулятор дизайнының жаңартылған жобасын ұсынған.

«Суретте мен минимализм стилін қолдандым. Аккумулятор көліктің жүрегі болғандықтан, образ ретінде автокөлік таңдалды. Сонымен қатар, көлік десе көз алдыңа қозғалыс келеді. Ал, сары, қара, ақ және қызыл түстер – оңай оқылып, жақсы қабылданады», – дейді жеңімпаз.

Байқау модераторы Айдана Ратаеваның айтуынша, компания өз бейнесін барынша аз тәуекелге бара отырып өзгерте алды. Жаңартылған дизайн бұл бизнеске жаңа серпін беруі тиіс. Жеңімпазға 50 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.

Сонымен қатар, брифингте, аккумулятор зауытының әкімшілік директоры Әлмеш Сарқұлов журналистерге компанияға көрсетілген мемлекеттік қолдаулар туралы айтып берді.

Осылайша, Алматы облысы өңірлік индустрияландыру картасы аясында, компания 570 млн теңге көлеміндегі жобаны іске асырған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында, компания жылына 10 мың аккумулятор шығара бастаған. Нәтижесінде 80 адам  жұмыспен қамтылған.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ұзындығы 10  км болатын электр желілері мен кабельді  желілерге  қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 84,6 млн теңге жұмсалды. Екінші бағыт бойынша зауыт өндіріс технологиясын жандандыру үшін 4 млрд теңге көлемінде несие алынды. Инновациялық технологияларды механикалық кәдеге жарату және өңдеуден өткен аккумуляторлардың автоматтандыру цехы іске қосылды. Оның құны 545,7 млн теңге тұрады, ал жобаның жылдық қуаттылығы 14 400 тоннаға тең. Өндіріс көлемін арттыру нәтижесінде, қосымша 15 жұмыс орны құрылды», – деп атап өтті Сарқұлов.

Естеріңізге сала кетейік, өзге бес аталым бойынша байқау биылғы жылдың 24 желтоқсанына дейін жалғасады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер