astana-view

3 миллион теңгелік грант ұтып алды

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
9876 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес-кеңесші» жедел курсын 915 адам тәмамдаған

Сертификаттарын алған жамбылдықтардың көбі жеңілдікпен несие, ал кейбірі тіптен өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар алып үлгерген. «Бизнес-кеңесші» жобасы – бұл кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар мен кәсіпкерлерді өз бизнесін құруға үйрететін қысқамерзімді оқыту. Жедел курстар барысында тыңдармандар маркетинг негіздері, адам ресурстарын басқару, бизнесті жүргізудің заңдық негіздері, кәсіпорынның қаржылық мәселелері жөнінде білім алады.  

Жоба бойынша оқыту «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асады. Оқыту Тараз қаласы Кәсіпкерлерді қолдау орталығы мен Жамбыл облысының әр ауданында орналасқан Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарындағы бизнес-мектептерде өтеді.

2016 жылы «Бизнес кеңесші» жобасын жүзеге асыру жөніндегі оператор ретінде «Атамекен» Ұлттық палатасы бекітілген. Ал жергілікті жерлерде  мұны Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өткізеді.

«Семинар барлығы екі күнге созылады, – дейді Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова. – Мұндағы тренингтің маңызды критериі ретінде оның барлық адам үшін тегін өтетінін атап айтар едім. Оқушыларға оқу материалы таратып беріледі. Оқу материалына бизнес сабақтары жинақталған кітап пен оқыту дискі кіреді. Сонымен бірге, курстарды аяқтағаны жөніндегі сертификат арқылы жеңілдікпен несие немесе  грант алуға болады».

Оның айтуынша, биыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы 915 адамды оқытып шығарған, олар бизнесті жүргізу негіздері бойынша толық курсты оқып, алған білімдерін ойға алған жобаларын жүзеге асыру үшін пайдаланып жүр.

Оқығысы келетіндердің көбін Жамбыл облысының ауыл тұрғындары құрайды екен.

Мәселен, Жамбыл ауданының жеке кәсіпкері Айнұр Ахметованың таңдаған бағыты, бір қарағанда әйел затына тән емес. Ол балық шаруашылығымен айналысады. «Айнұр аудандағы алғашқы демалыс орнын ашу жөніндегі жобаны жүзеге асыру мақсатында несие алу үшін бізге хабарласты, – дейді Кәсіпкерлер палатасы Жамбыл аудандық филиалының директоры Жолдыкүл Тоғанбаев. – Біз кеңес беріп, жобаға қолдау білдірдік, бизнес-жоспарын жасап бердік. Сонымен бірге, гранттық қаржыландыруға қатысу үшін барлық құжаттарды жинауға қол ұшын создық. Бір қуанарлығы, кәсіпкер жобаны жүзеге асыру үшін 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алды».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер