astana-view

Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерді бірге қорғайды

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Атырау облысы
7734 просмотров

Қазақстан мен Ресейдің бизнес-омбудсмендері арасында жолға қойылған әріптестік жемісін бере бастады

Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов «Қазақстан және Ресейдегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы әріптестік. Омбудсмен иституты» деген тақырыпта өткен панельді сессия барысында айтты.

Сессия жұмысы ІІІ Халықаралық «Атырау Инвест-2016» инвестициялық форумы аясында ұйымдастырылды. Оған Ресей тарапынан РФ Волгоград облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Ольга Устинова қатысты.

Естеріңізге сала кетер болсақ, осы жылдың 10 маусымы күні Болат Палымбетов Мәскеуде ресейлік бизнес-омбудсмен Борис Титовпен кездескен еді. Тараптар қос ел кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында әріптестік қырларын талқылады. Кездесу соңында Қазақстан мен Ресейдің бизнес-омбудсмендері осы тектес мәселелерді қарастыруда өзара көмек беру туралы меморандумға қол қойған еді. 

«Өздеріңіз білетіндей, Атырау облысы Ресейдің ірі өнеркәсіптік өңірлерімен шекаралас жатыр. Бұл өңір экономикасын бұдан ары қарай дамытуға көп мүмкіндіктер береді. Мемлекеттеріміз ертеден-ақ бір-бірімен жақсы әріптестікте. Және Ресей біз үшін негізгі экономикалық әріптестеріміздің бірі. Әріптестік жылдарында Қазақстан мен Ресейге ортақ 6 мың кәсіпорын құрылды», – деп атап өтті Болат Палымбетов.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, көбінесе Ресейдегі қазақстандық кәсіпкерлердің сыртқы экономикалық қызметтері барысында түйіткілді мәселелер туындап жатады екен. Сондықтан екі ел арасындағы әріптестікті бұдан ары қарай да нығайтудың маңызы зор.

«Меморандумға қол қойылғаннан бергі қысқа мерзім аралығында ортақ жұмыстардың оң нәтижелеріне қол жеткізіп үлгердік. Мәселен, Алтай өңірінің, Свердлов облысының және Татарстан Республикасының бизнес-омбудсмендерінің арқасында қазақстандық кәсіпкерлердің мәселелері шешілді. Бұл қуантарлық жайт», – деп атап өтті Болат Палымбетов.

Ал РФ Волгоград облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Ольна Устинова қазақстандық кәсіпкерлердің ешбір өтініші назардан тыс қалмайтындығын айтты.

«Арамызда өте жақсы меморандум бар, соның шеңберінде кез келген мәселені жоғары деңгейде жедел шеше аламыз. Сіздердің кәсіпкерлеріңіздің құқықтарын тиімді қорғап жүрген қазақстандық бизнес-омбудсменнің жұмысын атап өткім келеді. Менің ойымша, осындай қолдаумен біз қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіруге жол бермейміз, ол қос ел кәсіпкерлері бизнестерінің кедергісіз дамуына көмектеседі», - деді Ольга Устинова.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің айтуынша, меморандумның арқасында қазақстандық кәсіпкерлер өз мүдделерінің Ресейде, ал ресейлік бизнестің мүдделері Қазақстанда қорғалғандығын білетін болады. Бұл бизнестің дамуына оң ықпал етіп, екіжақты әріптестікті қосымша нығайта түседі.

«Ортақ күш бріктіре отырып, біз бизнестің дамуын шектеп отырған Қазақстандағы да, Ресейдегі де кедергілерді жоюымыз қажет. Екіжақты табысты қарым-қатынастардың дамуына өңіраралық және шекара маңындағы әріптестік көмектеседі», - деп ойын қорытындылады ҚР бизнес-омбудсмені.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер