astana-view

Заңнамадағы өзгеріс бизнеске қолайлы болуы тиіс

2016 жылғы 03 Қазан
- Алматы қаласы
7904 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында авторлық құқық туралы заңға өзгертулер енгізу жөнінде қоғамдық тыңдау өтті

Кәсіпкерлер палатасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қоғамдық тыңдауына әділет министрінің орынбасары Эльвира Азимованы, Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерін, Ұлттық зияткерлік меншік институтының қызметкерлерін, сонымен қатар ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлерін, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары, патенттік сенім білдірілген өкілдер мен бизнес өкілдерін шақырды.

Тыңдаудың басты мақсаты – азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілері үшін қызығушылық тудыратын заң жобасын түсіндіру және талқылау. Заң жобасындағы өзгерістер – зияткерлік меншікті қорғау саласындағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының стандарттарына жүйелі көшуді қамтамасыз етуге арналған.

«Қазақстан ЕАЭО-ға және ДСҰ-ға мүше болды. Осы екі ұйымның аясында зияткерлік меншік объектілеріне көп көңіл бөлініп отыр. Оны тек қана қорғау назарға алынып жатқан жоқ. Біз, негізінен, тыңдалымда тек қана құруға атсалысқандарды емес, сонымен қатар зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға қатысы бар адамдарды кездестіріп жатамыз. Және де ұсыныстардың көпшілігі нарықта зияткерлік меншік объектілерінің беделін нығайтуға байланысты болып отыр. Біз өз тарапымыздан қазақстандық зияткерлік меншік объектілерінің шетелдік ғалымдармен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуіміз керек. Кәсіпкерлер палатасы технологияларды коммерцияландыру мәселесін бірнеше рет көтерді. Алайда бұл мәселелерді шешумен Инвестициялар және даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі айналысуы керек еді. Біз заңның белгілі бір ықпалы бар екенін түсінеміз», – деді әділет министрінің орынбасары Элвира Азимова.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов, кәсіпкерлерді қазір талқыланып жатқан нормаларға мұқият назар аударуға шақырды. Ол заң жобасын Алматыда талқылаудың жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті. Қала мемлекет бюджетіне 30% кіріс кіргізіп, сыртқы сауда айналымының 40%-ын қамтамасыз етіп отыр. Алматылықтардың 60%-ы шағын және орта бизнеспен айналысады.

Заң жобасында ҚР-ның 12 нормативтік-құқықтық актілеріне 188 түзету енгізу қарастырылған. Ол Азаматтық кодекс, ҚР-ның Салық төлемдері туралы кодекс, ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі, Кәсіпкерлік қызметі туралы кодекс, Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заң және т.б.

Заң жобасының негізгі жаңалықтары:

–​ зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу жөніндегі өкілеттіктерді сараптама ұйымына («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру;

–​ тіркеуге қатысты дауларды сотқа дейін қарау мүмкіндігін кеңейту;

– құқық иелерінің тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы алу құқығын қамтамасыз ету;

–​ тауар таңбаларына өтінімдерді сараптама ұйымына түскен сәттен бастап жариялау;

Заң жобасының және Тұжырымдаманың мәтіндері Әділет министрлігінің  www.adilet.gov.kz және Зияткерлік меншік құқығы институтының  www.kazpatent.kz (сыртқы сілтеме) ресми сайттарында, «Заң газеті», «Юридическая газета» басылымдарының 2016 жылдың 14 , 17, 20 қыркүйектегі № 101, 102, 103 сандарында жарияланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер