astana-view

Жақсы маман табу оңай емес

2016 жылғы 03 Қазан
- Ақмола облысы
8892 просмотров

Палата сарапшылары өңірдегі жетекші кәсіпорындардың біріне кадр мәселесін тиімді шешуге көмектесті

Бүгінгі таңда мамандарға деген тапшылық мәселесі өте өзекті болып тұрғандығы жасырын емес. Кәсіпорындарға жай ғана жұмысшы емес, жақсы білім алған, кәсіби мамандар қажет.

Дәл осы мәселе бойынша «Золотая Нива» ЖШС басшысы Бағдат Әубәкіров өңірлік палатаның Жақсы ауданындағы филиалына өтініш білдіре барған еді. «Золотая Нива» ЖШС – өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бірі. Кәсіпорын дәнді-дақылдар, мал азығы дақылдарын, жеміс өсіруге және мал шаруашылығына маманданған. Өз өнімдерін, яғни ұн, сүт, ет пен жемістерді өндіріп, қайта өңдеу үшін кәсіпорын өзінің ескі ұн тартатын цехын қайта жабдықтап, оларды тасу үшін арнайы машиналар да сатып алған.

Айта кетерлігі, 2015 жылы кәсіпорын ӨКП-ның аудандық филиалына құрылғыларды орнатуға және еттен жасалатын жартылай дайын өнімдерді шығару үшін тәжірибе алмасуға көмек сұрай барып, сол кезде өзге өңірлердегі кәсіпкерлермен келіссөздер табысты өткен-ді. Бүгінгі таңда Жақсы ауданының тұрғындары өздерінің жергілікті өндірушілері шығаратын тұшпараларды, мәнтілерді және басқа да жартылай дайын өнімдерді тұтынуға мүмкіндік алды.

Осы жылдың басында Бағдат Әубәкіров Мәскеу қаласынан шұжық цехына арналған қосымша жабдық сатып алды. Бүгінге дейін ол сол жабдықты қоятын орын дайындап, орнатумен айналысты, енді маман мәселесі туындап отыр.

ӨКП-ның аудандық филиалының сарапшылары бастапқыда өңірдегі кәсіпорындардың бірімен «Золотая Нива» ЖШС үшін оқыту семинарларын өткізу туралы келісімге келді. Алайда кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттей келе, өндіріске жеке, ет өңдеу саласына маманданған технологтың қажеттігі туындады.

Филиал сарапшылары кадр іздеу жұмыстарымен айналысып, осы салаға маманданған бірнеше кәсіпорындармен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Астана қаласындағы «Апрель» ЖШС-ның араласуымен бірнеше маманның кандидатурасын қарап, «Золотая Нива» ЖШС басшылығына ұсынды.

Қазіргі таңда тараптар елордалық технологтардың еңбекақысы мен оларды орналастыру мәселесін шешуде. Онымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Аға сеньорлар» құрамдауышы аясында мамандар шақырылмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер