astana-view

«Халал» индустриясының болашағы қандай?

2016 жылғы 03 Қазан
4067 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жиналған сарапшылар осы туралы ой толғады

Еліміздегі «Халал» ұғымын бір жүйеге түсіріп, арнайы заң қабылдау қажет. Бұл туралы «Қазақстандағы халал индустриясының даму жағдайы» тақырыбында өткен «Атамекен» пікірталас клубының отырысында айтылды.

Өзекті мәселе жөнінде талқы қызу әрі қызықты болып шықты. Шараға «Атамекен» ҰКП басшылығы мен сарапшылары, Қазақстан діни басқармасының өкілі Асхат Сәлімов, аталған саланың тәжірибелі мамандары, дінтанушылар Марат Сәрсенбаев, Қайрат Жолдыбайұлы мен кәсіпкерлер Ырза Тұрсынзада, Ботагөз Сейітханқызы, студент жастар қатысты.

Жиналғандарды еліміздегі жалпы тауарлар мен қызмет түрлеріне «Халал» сертификатын алу, оны тамақтану саласында ғана емес, басқа да бағыттарда дамыту, халыққа түсіндіру, сертификат берудің олқы тұстарын түзету, сондай-ақ «Халал» сертификатын иеленудің пайдалы жақтарын насихаттау сияқты сұрақтар толғандырды. Себебі аталған стандартқа қоғамның сұранысы айқын байқалып, күн өткен сайын жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, сақтандыру, пайызсыз қаржыландыру сынды өмірдің барлық қырларын қамти түсуде. Осы орайда кейбір кезде жағымсыз жайттар қылаң беріп, нарық ұсынып отырған тауарлардың қайсысы расында қасиетті қағидалар мен ережелерге, шариғат заңдылықтарына сай, өнімдердің құрамы қаншалықты талапқа сай, астың адалдығы, ортақ таңбалау, белгілеу жайы, тексеріс жиілігі қандай, тұтынушы құқығы толық ескеріле ме деген сауалдар туындауда.     

Отырыста жүргізуші Қалқаман Сарин шараға дайындық кезінде сарапшы дәрежесінде шақырылатын мамандар тапшылығы аңғарылғанын жеткізді. Дегенмен, халал су, монша, көлік жүргізу бекеті, такси тәрізді атаулар пайда болып, бұл жерде де қарапайым тұрғындарды бірінші кезекте сапа, қауіпсіздік түйткілдері алаңдатуда. Тіпті асыра сілтеушілік деректері де жолығуда. Мәселен, тауарды өткізудің маркетингтік-жарнамалық жолы, кірістің жеңіл көзі ретінде қулыққа баратындар кездесетіні белгілі.

Ислами қаржыландыруға сұраныс зор

«Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Эльдар Жұмағазиев өңірлердегі ахуалды зерделеп, сауалнама жүргізу нәтижесінде қазақ тіліндегі бизнес, экономика, іскерлік ақпараттарының жетіспеушілігі жергілікті жерлерде бизнесті дамытуға тікелей әсер ететіні, еріксіз қолбайлау болатыны тұжырымдалғанын атап өтті.

«Ойға түйген анық дүние, қазақтың да қолынан бизнеспен айналысу келеді, оған ауылдағы ағайынның құштарлығы зор. «Халал» ұғымының ауқымының кеңдігіне нақты дәлел, кезінде елді дүрліктірген Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбарқұдық кентінде сабақтар бастағанымызда, ислами қаржыландыру жайы көп сұралды, яғни адал тамақ ішіп, адал кәсіппен шұғылданғысы келетіндердің қарасы қалың. Сауалнамадан білгеніміздей, халықтың 98 пайызы «халал» деген сөзді естігенімен, онысы «шұжықпен шектеліп», түпкі мазмұнын түсіндіріп бере алмайды, яғни білім деңгейін көтеру керек. Саралайтын мәселе көп, сондықтан құзырлы тараптарды шақырып, халал бизнесін дамытуға не кедергі, болашағы қандай, зәрулік жылдам өскенімен, қажетті инфрақұрылымның жағдайы нешік, осындай жайттарды талқылап көруге бел байладық», - деп ой өрбітті жиын кіріспесінде Эльдар Тынышбайұлы.

Адал мен арамның аражігін ашуға қатысты қысқаша тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, Құранда тыйым салынған астардың медицина ғылымы тұрғысынан зияндылығы дәлелденгені келтірілді.

Насихат жұмыстары жүргізілуде

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілі Асхат Сәлімов «Халал» стандартының бұлжытылмай сақталуы қатаң бақылауда екеніне сендірді.

«Бисмиллахир рахман-и-рахим! Діни басқармада арнайы бөлім жұмыс істеуде. Қазақстан бойынша 50-ге жуық өкіл тағайындалған. Мақсатымыз – тағамның шариғатқа сәйкестігін қадағалау. Екі жыл ішінде 65 сертификат беріп үлгердік. Құқықтық негізде жазалай алмасақ та, кәсіп иелеріне Алланың алдында да, ешбір теріс қоспасыз, адал азықты іздеп жүріп алатын адамдарға қатысты да жауапкершілігі ерен екенін жан-жақты насихат етеміз. Ай сайын жоспарлы тексеру өткізіп тұрамыз. Алматыда ветеринарлық институт зертханасымен келісімге отырдық. Күдіктенсек, сол жаққа тексеруге жібереміз. Ұжымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Дәрі-дәрмекті де доңыз қоспасынсыз шығаруға күш салып жатқан кәсіпорындар бар. Келешекте әлемге танылған белді мекемелерден тіркеуден өтсек, халықаралық ауқымға құлаш сілтемекпіз», - деп жоспардан бөлісті ҚМДБ қызметкері.    

Технологиялық білімді жетілдіру қажет        

«Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешев мәселенің діни астарынан тыс, технологиялық қырларына назар аударды. Экспорт пен импорт, кадрларды оқыту, ұлттық стандарттар қабылдау халал индустриясын жаңа белеске көтермек.

«Мысалға индустриялдық-техникалық парктер ашып, халал бөлігі мен сарапшы-аудиторлар іс-қимылға кіріскені жөн. Бүгінде бұның мемлекеттік ресми біреуі де жоқ, тиісті жұмысты үкіметтік емес ұйымдар атқаруда. Алып индустриядағы қыруар шаруаны тәртіпке келтіріп, жүйелемесе, мемлекет заң жүзінде қолдамаса қиын соғатыны даусыз. Халал төңірегіндегі сауатымыз тереңдеген сайын, күмәніміз де сейілер еді. Технология, ғылым сол үшін керек. Әйтпесе жоғары оқу орындарында халал бойынша технологтарды оқытпайды. Сырттай таза өнімнен неше түрлі лас қоспа шығуы әбден мүмкін. Заң қабылданса, тұтынушы да алданбайды», - деп дәйектеді департамент жетекшісі.

Бұл тұста Асхат Сәлімов бәрібір діни білімнің бірінші орында тұрғанын, мал сою әдебінің өзі мұсылмандықтан ауытқымау керектігін нығарлады.

Стандарттар дайын

Елімізде «халал» ұғымын белсенді енгізудің бастауында тұрған, ынта білдірушілерді қал-қадірінше халал мәселесінің мән-жайына үйретудегі Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев, дүниежүзіндегі халал брендінің отандық үлгісі қалыптасып қалғанын, бүгінде бірқатар игілікті істердің тындырылғанын тілге тиек етті.

«50 үкіметтік емес стандартты бекіту кезегін күтіп тұр. ТМД, Еуразиялық экономикалық кеңістігінде де тәжірибе жинақтадық. Түрлі бөгеттерге қарамастан, халал индустриясы қарқынды дамуда. Сертификатпен куәландыратын компаниялар молайып, бәсекелестік күшейді, яғни жақсысын таңдауға жағдай жасалды. Талпыныстардың жемісі сонда, Үкіметтен түсіністік тауып, гендік модификацияланған ағзаны анықтайтын зертхана іске қосылды. Бірақ оның әлеуетін пайдалану жағы әлсіз. Таңбалау заңына мұқтаждық өткір. Экспортқа бағдарда шетелде ет өнімімізді ұнатқанымен, халал сертификат берушінің абыройына шұқшия қарайды. Заң, стандартпен қоса, зауыт, өндірушілеріміз мінсіз өндіріске, халық тамақтан бөлек, қызметтер мен сервистерді сауатты кәдеге жаратуға дайын ба, ол жағы тағы үлкен мәселе», - деп біраз жайттың тарқатылуы қажеттігіне меңзеді қауымдастық төрағасы.

«Халал» ұғымын орнымен қолданған жөн

Ғалым Қайрат Жолдыбайұлы «халал балабақша» секілді атаулар қоюда, өзге азаматтардың конституциялық құқығын шектеп алудан абайлау ләзім екенін, «халал су» деген ұғымдардың ерсі естілетінін ескертті.

«Халал» ұғымын лайықсыз қолданып, нұқсан келтіргендерге, жөнсіз тықпалағандарға әбестікті ендігәрі қайталамайтындай айыппұл салу артық болмас еді. Дәл осы жерде заң қабылдау керектігіне қосыламын», - деді дінтанушы.

«Атамекен» ҰКП Ауыл шаруашылығы кешені және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ербол Есенеев жалған, жасанды халал белгісін қолданудан тайынбайтын ұйымдармен күресуге шақырды. Іште тәртіп орнаса, сыртқы нарықта да мол табыс қамтамасыз етілмек.

Адал кәсіппен айналысу оңай емес

«Мумтаз» мейрамханалар желісінің директоры Ботагөз Сейітханқызы адал кәсіппен айналысудың тауқыметі баршылық екенін жасырмады. Кәсіпкер тек таза, жоғары сапалы азық-түліктен тамақ пісіру құны қымбатқа соғатынын, ал оның мәзір бағасына әсер ететінін әңгімеледі. Алайда тәуекел еткен тұтас ұжым ерінбей-жалықпай оқып, игілікті істің жауапкершілігін мойнына алған.

«Жұмыскерлерімізге дәретпен келіңіздер деген талап қоямыз. Клиенттеріміз арақ-шарапсыз, төбелес-кикілжіңсіз тыныштықты көріп, отбасыларымен келеді. Бірақ берекесі болғанымен, саналуан кілтипандар ойлантып тастайды. Таяуда мемлекеттік сатып алуға қатысып, интернат тәрбиеленушілеріне тамақ жеткізе бастадық. Білім орнының технологы мәзірді өз қолымен бекітіп береді. Ал онда жазылған йогурттың шошқа майы қосылатын желатинсіз жасалуы өте сирек. Сонымен қатар, елде соңғы кезде болған жағымсыз оқиғалар салдарынан бізге көзқарас қатаңдатылып, тексеру, әкімдікке шақыру көбейіп кетті», - деп мұңын шақты Ботагөз ханым.  

«Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада барлығы қай салада болсын адалдықты берік ұстанған ұлттық сананың мықтылығына байланысты екенін салмақтады.   

Иран елшілігінің өкілі өз тәжірибелерінен сыр шертіп, аталмыш елде халал жүйесінің дамығаны сонша, судың құрамының халалдығын сұраудың еш таңданыс тудырмайтынын әңгіме етті.

Жиын қорытындысында қатысушылар келесі кезекте халал индустриясын дамыту мен нақты тетіктерін белгілеуде күш біріктіріп, мүдделі ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің басын қосатын дөңгелек үстел ұйымдастыру, ұсыныстарды Үкімет пен Парламентке жеткізу жайын уағдаласып тарқасты.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ      


Еншілес ұйымдар

Серіктестер