Стратегиялық серіктестер сауда көлемін ұлғайтады
Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары қарастырылды.
Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраралық форумы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен бизнес-форум өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық бағыт бойынша жемісті байланыс орнағанын, Қазақстан үшін Ресейдің маңызды стратегиялық серіктес саналатынын жеткізді. Дағдарыс кезеңіне дейін өзара сауда айналымы 20 млрд АҚШ долларынан асқанын еске салған Мемлекет басшысы, қазір ол деңгейдің 30 пайызға төмендегенін, дегенмен, ағымдағы жылдың алғашқы жартысында тауар айналымы 6 млрд АҚШ долларын еңсергенін атап өтті.
«Мұндай жағдайда қарым-қатынасымызға жаңаша серпін сыйлауға толық мүмкіндіктер, алғышарттар бар. Мәселен, Қазақстанда 6 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. «Автоваз», «Азияавто», «Еурохим» сынды ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мұнай-химия, тау-кен кешені салаларында көптеген шаруалар атқарылуда. Сөзімізге дәлел, елімізге инвестиция құюда көш басындағы «Лукойл» компаниясы келесі жылы Алматы облысында жағармай материалдары зауытын іске қосады», - деп мәлімдеген ҚР Президенті Вьетнам, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Үндістан секілді елдер Еуразиялық экономикалық одақпен жұмысқа ынта білдіруде екенін, Еуропа мен Азия арасында қуатты көліктік-логистикалық дәліз қалыптастыру қажет екенін келтірді.
Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ресей өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының төрағасы Александр Шохинге тиімді әріптестігі үшін ризалығын танытып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовке де алғысын айта кетті. Осылайша Президент Ұлттық палата атқарып отырған жұмыстарға жоғары баға берді.
Ресей басшысы Владимир Путин ірі кәсіпорындар өкілдері, шағын және орта бизнес қатысатын сәйкес басқосулардың игі дәстүрге айналатынына үміт ететінін, көрші елде де Қазақстан компанияларына қолайлы жағдай жасалуда екенін әңгімеледі. РФ Президенті В.Путин де екі елдің арасындағы қатынастар стратегиялық серіктестік мәнге ие екеніне, объективті себептерге байланысты белгілі бір мәселелер барына келісті.
«Қазақстанда ресейлік 9 млрд доллар капитал шоғырланса, Ресейге қазақстандық 3 млрд инвестиция салынған. Барлық дерлік экономикалық бағытта кооперациялық үдеріс байқалады. Тек өткен жылы Қазақстанда Ресейден 150-ге жуық бизнесмендер делегациясы болды. Тау-кен өндіру, машина, кеме жасау, химия өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, энергетикада бірлескен жобалар іске асырылуда», - деді Владимир Путин.
Астанадағы форумға қатысып жатқан 900-ден астам бизнесменнің арасында 400-і ресейлік кәсіпкерлер екенін атап өткен жөн.
Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда ресейлік тараптың қатысуымен 6453 компания сәтті жұмыс істеуде. Олардың қатарында экономика, мұнай және газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көлік, байланыс, машина жасау, ғарыштық саладағы ынтымақтастық, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты салалар бар.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: