astana-view

«Іскерлік байланыстар» орнататын уақыт келді

2016 жылғы 06 Қазан
- Қостанай облысы
7386 просмотров

Қостанайлық бизнесмендерге «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысу үшін өтінім беруді жылдамдату қажет

Кәсіпкерлер үшін бұл білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа әріптестер табу үшін шеттелге аттануға керемет мүмкіндік береді.

Қостанай облысы қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің сарапшылары айтқандай, бүгінгі таңда өңірдегі экономиканың басым салаларында жұмыс істейтін 35 кәсіпорынның өкілі өтінім беріп үлгерген.

Оқудың бірінші кезеңі Қостанайда 17 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. Дәрістерді Қазақстан-Британ университетінің білікті отандық және шетелдік мамандары оқиды.

«Оқу он күнге созылады, бітірген соң әр тыңдаушыға сертификат беріледі. Кейін сол сертификат Германияда өтетін байқауға қатысуға мүмкіндік береді. Барғысы келетін қала мен неміс компаниясын бизнесмендердің өздері таңдай алады. Ал комиссия үміткерлерді іріктеу барысында ең алдымен, шетелге барудың келешегі бар ма, жекелей алынған фирма үшін одан пайда бола ма, соған қарайды. Өткен жылы біздің екі кәсіпкеріміз Германияның ірі компанияларына барып келді, байқағанымыз, сапар нәтижелеріне көңілдері толған сыңайлы», – дейді кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Роберт Юсупов.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының келесі бір бағыты – «Жас кәсіпкер мектебі» бойынша да өтінімдер қабылдануда. Бизнес негіздері бойынша білім алғысы келетін 42 адамнан Палатаға өтінім келіп түскен. Алайда басқа да жастар әлі де өтінім беруге үлгере алады. Оқу қазан айында басталады. Курс аяқталған соң, қызықты деп танылған бизнес-жобалар «Идеялар жәрмеңкесі» байқауында таныстырылады. Ал одан үздік шыққандар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясындағы грантты иелену үшін өңірлік үйлестіру кеңесіне жіберіледі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер