astana-view

Әлемдегі халал индустриясы

2016 жылғы 12 Қазан
3541 просмотров

Жаһандану үдерісінде инновациялық технологияларымен қатар халал индустриясы әлем бойынша кең етек алып жатыр. Денсаулыққа зиян келтірмейтін заттар мен киімдер, доңыз, алкогольден, түрлі химиялық зиян қоспалардан ада тағамдар кез келген көзі ашық адамды ойландыратыны хақ. Дүние жүзіндегі 1,8 миллиардқа жуық мұсылманның көбі халал нормасын ұстануды көздейді. Осы бағыт бойынша аты әлемге мәшһүр Unilever, Beiesdorf, L’Oreal сынды алпауат компаниялар мұсылман мемлекеттері әйелдеріне халал косметика өнімдерін ұсынып отыр. Халал нарығына өз өнімдерін шығаруға Бразилия мен Австралия да құлшыныс танытуда. Алманиялық Basf химиялық компаниясы көп тауар аталымына халал сертификатын ала алды. Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. McDonald`s, Subway, Nestle және Papa John тағам компаниялары халал өнімдерін сәтті саудалап отыр. Әлем нарығында мұндай компаниялар үлесі көп. Демек, АҚШ пен Еуропа халал индустриясының жақсы табыс көзі екенін түсініп, бұл саланы игеріп үлгерді.

 Индонезия мемлекетінде стратегиялық-саяси жоспар негізінде халал бойынша арнайы заң қабылданған. Заңға сәйкес мемлекет 2017 жылға дейін тағам өнімдерін, 2018 жылға дейін гигиеналық заттарды, 2019 жылға дейін дәрі-дәрмектерді толығымен халал сертификаттауынан өткізу керек. Индонезияның мұндай батыл қадамы көршілес мұсылман мемлекеттеріне үлгі болып отыр.

Халал индустриясы бағытымен әлем экономикалық кеңістігіне тауарларды шығару, насихаттау, әлемдік нарықты жаулау бойынша ислам мемлекеттері кенжелеп тұр. Бұған үлкен себеп Ислам банктері мен қаржылық қызметінің осалдығы. Бар ислам банктері халал индустриясын барынша қолдайды, алайда олар тым аз болғандықтан, бүкіл әлемді қамти алмай отыр. Сондықтан, халал индустриясының нарық алаңында өзге дін конфессияларына жататын дамыған мемлекеттер өнімдерін ұсынып, айтарлықтай пайда табуда. Дегенмен, Біріккен араб әмірліктерінің шенеуніктері халал идустриясының көш басында болғысы келеді, Дубай аймағынада тек халал өнімдерді сататын халал қала салуға кірісті, ол үшін 6,7 млн. шаршы метр жер бөлінді.

Өзінің халал өнімдерін әлем нарығына Малайзия да ұсынып отыр. Әзірге Малайзия жоғары стандарттарға ие халал өнімдерінің ірі экспорттаушы мемлекеті болып саналады, малайзиялық халал өнімдер әлем бойынша жақсы сұранысқа ие.

Дүниежүзі бойынша көптеген мемлекеттерде халал стандарттарын қатаң ұстанып, жергілікті халықтың халал маркировкасы бар тауарлар еш күмән тудырмайды. Егер, тексеру кезінде халал стандарттарына қайшы фактор әшкереленсе, онда жалған өнім ұсынған компания орасан зор айыппұл төлейді. Ал ТМД елдерінде халал индустриясының жағдайы басқа. Кейбір өнімдердің сапасына қарай халал маркировкасының шынайы және жалған болып бөлінуі баршаға мәлім.

Көршілес Ресей Федерациясындағы халал қозғалысы бәсең, бірақ алғышарттары бар. 147 млн. халқы бар Ресейдің құрамындағы автономды республикалардың басым көпшілігі мұсылман халықтары. Сондықтан, федерация билігі ислам дінін ұстанып жатқан жамағатпен санасып отыр. Ресейге ислами шариғатпен жұмыс істейтін Банкттер мен инвистициялар құюлуда, жергілікті кәсіпкерлер халал индустриясының бағыты – мол табысты, ал өзге дін өкілдерінің біразы халал өнімдерінің денсаулыққа пайдалы екенін түсінді. Ресейде халал дәмханалар мен кафе-мейрамханалар, мұсылман киімдерін сататын дүкендер, алкоголь сатпайтын супермаркеттер жиі кездеседі.

Қазақстан – демократиялық, зайырлы мемлекет және мұсылмандар саны бойынша доминантқа ие ислам дінін ұстанушы ел. Қазақ халқы қашанда шариғат заңын ұстанып, мұсылмандықты салт-дәстүріне терең сіңірген. Дегенмен отандық нарықта импорттан келетін тауар аталымы орасан зор. Халықтың басым бөлігі қалалық  жерде тұратындықтан, адамдар барлық тұтыну заттарын дүкен сөрелерінен сатып алуға мұқтаж. Қалалардағы супермаркеттердің ауқымды ассортименті халал белгісі бар тауарларды ұсынып отыр. Бірақ, барлық кәсіпкерлер өнімдерін шариғат заңдарына сәйкес, халал стандарттарын ұстанды ма, бұл бөлек әңгіме. ҚР территориясындағы халал маркировкасы бір ізге түспегендіктен, тауарларға әр түрлі халал белгісі бар таңбалар қойылады. Қайсысы шын халал, қайсысы жалған – айыру қиын.

Жалпы алғанда Қазақстанның өз тауарын халал желісі бойынша шетелге шығаруға зор мүкіндігі бар. Әсіресе, ет, сүт, бидай өнімдері бойынша жоғары сапалы өнім шығара аламыз. Бірақ халал белгісімен экспортқа шығу үшін Қазақстанға алдымен ішкі нарықта халал стандарттарын реттеу керек.  

Халал индустриясына көшу мәселесі қазақ қоғамын аландатады. Осы күрделі мәселе бойынша ҚР «Атамекен» ҰКП-ның пікірсайыс клубында қоғамның барлық салалары өкілдері қатысуымен қызу талқы өткізілді. Ұлт мүддесі мен болашағын ойлайтын атқамінер азаматтар халал стандартын бір ізге түсіріп, тағам, тауар, жұмыс, қызмет түрлері бойынша шын мәнінде тазалыққа жету үшін арнайы заң қабылдау керек екенін бір ауыздан мақұлдады.

«Қазіргі жағдайымыз «аққу, шортан һәм шаянның» кері болып тұр. Яғни, әр тарап өзінікін дұрыс деп дәлелдеп бағуда. Іс жүзінде әркім өз бетінше әрекет етуде. Мұндай жағдай кәсіпкерлер үшін көп қиындық тудырады. Оның үстіне халал өнімдер өте қымбат және таза халал өнімдермен жұмыс жасау өте қиын. Бірақ соған қарамастан, көп пайда табуды емес, жұртқа адал ас ұсыну үшін еңбек етіп жатырмыз. Сондықтан мұнда әр тарап әр жаққа тартпай, дін мамандары мен технологтар бас біріктіре отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, бірлесіп жұмыс істесе деген тілегіміз бар», – дейді Астанадағы «Мумтаз» мейрамханалар желісінің директоры Ботагөз Сейітханқызы.

Еуропа елдерінде жастардың үлесі егде тартқан кісілерден әлде қайда төмен. Туу көрсеткішіне сүйенсек, әр отбасында 1-2 бала дүниеге келеді, көп балалы жанұялар жоқтың қасы. «Global Futures» пен «Foresight» зерттеулері бойынша 2050 жылға дейін мұсылман мемлекеттерінде шамамен 9 миллиард бала дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш жүзеге асып жатса халал индустриясының сұранысын еселей түспек.

Әлия Кемелбекова


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер