astana-view

Кәсіпорын мен колледждің табысты ынтымақтастығы

2016 жылғы 12 Қазан
- Ақмола облысы
9304 просмотров

Еуропалық білім беру қорының делегаттары дуальды білім беру бойынша Степногор қаласындағы іргелі оқу ордасына барып, еліміздегі ірі өндіріс орнын аралады

Делегация құрамында Франция, Молдава, Грузия, Армения өкілдері бар.

«ЕПК-Стерногрск» АҚ 1972 жылы құрылған. ТМД елдерінің арасында теміржол мойынтірегін өндіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Бүгінде бұл жерде 1800-ден астам адам еңбек етеді. Зауыт 2015 жылы сомасы 5,9 млрд теңге болатын 542 мың мойынтірек шығарды. Ал биылғы жылы сомасы 11,4 млрд теңгеге тең 649 мың мойынтірек дайындалды. Өнім санының артуы сұраныстың көбеюі және мойынтіректердің жаңа түрлерін игеру есебінен болып отыр.

Алайда кәсіпорын өз қызмет жолында инженерлік мамандар мен тәжірибелі жұмысшы мамандардың жетіспеуі мәселесімен бетпе-бет келген. Осы мәселені шешу ісіне Өңірлік палатаның степногорлық филиалы белсенді араласып жатыр. Оның бастамасымен үшжақты келісімге қол қойылған.

Келісімшарт аясында кәсіпорын мен №2 индустриалды-техникалық колледжге оқытудың дуальды жүйесі енгізілді. Талапқа сай, оқушылар теориялық білімді колледжде алады. Ал кәсіпорында тәжірибелі тәлімгерлердің басшылығымен алған білімдерін пысықтап, өндірістік тәжірибеден өтеді.

Компанияның вице-президенті Надежда Кривошеева қонақтардың  колледж бен кәсіпорындағы оқыту жұмыстары қанша уақытқа созылады, өндірістік тәжірибе қалай ұйымдастырылады, тәлімгерлік қалай ынталандырылады сынды сауалдарына кеңірек жауап берді.

«Осы жүйенің нәтижесінде кәсіпорын біліктілік санаты бар, өздері жақсы танитын, кәсіпорынға бейімделген дайын маманға ие болады», – деп атап өтті Надеждв Кривошеева.

Базар Омаров, Айбек Оразов, Дәурен Жүсіпов сынды мамандар еңбек ететін жұмыс орнында, делегация мүшелері колледждің биыл бітірген түлектеріне қызықты сауалдар қойды. Балалар игерген мамандықтарына және қаладағы жетекші кәсіпорындардың біріне жұмысқа орналасқандарына риза екендерін мақтанышпен жеткізді.

Техникалық және кәсіби оқудың болашағы мен мәселелері туралы әңгіме оқу ордасының қабырғасында жалғасты. №2 индустриалды-техникалық колледж 1979 жылы Степногор подшипник зауыты үшін базалық оқу мекемесі ретінде құрылды. Колледж 600 оқушыға есептелген. Оқу-техникалық базасы қалыптасқан, дайындығы жақсы, тәжірибелі, шығармашылық ой-өрісі дамыған инженер-педогогикалық қызметкерлер жұмыс істейді, оқу процесіне инновациялық технологиялар енгізілген.

Қазіргі таңда колледж төмендегідей мамандық иелерін дайындайды: машина жасау технологиясы, токарь ісі және металл өңдеу, кәсіпорындағы электромеханикалық құрылғылар, химиялық технология және өндіріс, дизайн, әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық суретші шығармашылығы, есептеуіш техника және бағдарламалық қамту, тамақтандыру ұйымдастыру.

«2016 жылы колледжді 116 түлек аяқтады. Оның 80%-ы қаладағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Дуальды жүйе бойынша 25 адам  оқыды», – деді оқу мекемесінің директоры Елена Крайнева. Ол колледжді аралатып, оқу ордасының тарихы мен жетістіктері туралы баяндады. Қонақтар шеберханаларға қызыға қарап, оқу базасымен танысты. Сонымен қатар оқу сыныптары мен шеберханаларда колледж студенттерімен әңгімелесті.

Дөңгелек үстел аясында келушілер меншік пішінінен бастап, оның бюджетін қалыптастыру, оқушыларға мамандық таңдау мен біліктідік деңгейіне дейін, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көптеген сауалдар қойды.

Делегация мүшелерінің ойы, дуальды жүйені пайдаланудың көптеген мысалдары кездеседі, алайда ол Степногор қаласында сәтті жүргізілген дегенге тоқайласты. Келушілер бұл тәжірибені өзге өңірлерге де ұсыну керек деп ойлайды. Оқу ордасында кәсіпорын атынан тапсырыстарға ұсыныстар мен жұмыс берушінің қатысуымен оқу бағдарламасы қалыптасқан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер