astana-view

Клуб ауқымы кеңейді

2016 жылғы 14 Қазан
- Алматы қаласы
5267 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған Бухгалтерлер клубы барлық тілек білдірушілерді бір жиын аясына сыйдыра алмай отыр

Кәсіпкерлер палатасы Бухгалтерлер клубы мүшелерінің кездесуінен әлеуметтік желілер арқылы тікелей хабар таратты. Өйткені жиналыс  өтетін зал қатысушыларға тарлық етті. Бүгінгі күні ұйымның 110-нан астам мүшесі бар. Енді жиынға онлайн түрінде қатысуға болады. Бейнежазба әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетіледі. Ал қатысушылар Бухгалтерлер клубының Facebook парақшасындағы жазбаларына белсенді пікір білдіріп, заңнамадағы өзгерістер туралы барлық жаңалықтарды бірінші болып ести алады.

Кәсіпкерлер палатасының Бухгалтерлер клубының тоғызыншы кездесуіне Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарын және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджерлерін шақырды. Бухгалтерлер салық органдарына алкоголь және мұнай өнімдерінің жүкқұжаттары туралы, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары туралы, медициналық сақтандыру қоры және электронды шот-фактураға байланысты сұрақтарын қойды. Төте сауалдар мен мәселелерді талқылау кездесуді қызықты ете түсті. Менеджер, Алматы қаласы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Ардақ Мақұлбекова 2016 жылдың 11 қазанында күшіне енген Салық кодексіндегі өзгерістер туралы баяндады. Ол міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарты жылға шегерілгенін атап өтті. Яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2017 жылдың 1 шілдесіне ауыстырылды.

«Қазақстандықтар үш түрлі медициналық қызмет пакетінің бірін пайдалана алады. Олар: негізгі, сақтандыру, ерікті. Негізгі пакет барлығына қолжетімді болады. Ол мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтерді қамтиды: жедел жәрдем, әлеуметтік маңызы бар ауруларды және төтенше жағдайларда емдеу, профилактикалық екпелер. Сақтандыру пакетін жарналары аударылған адамдар пайдалана алады. Оның құрамына мынадай қызметтер кіреді: амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек, қалпына келтіру емі және оңалту, паллиативтік көмек. Үшінші пакет – ерікті сақтандыру. Адамдар өз еркімен жеке жарналарын рәсімдейді», – деп түсіндірді Ардақ Мақұлбекова.

20 қазанда Бухгалтерлер клубының аясында статистикалық нысандарды тапсыру тәртібін түсіндіруге арналған семинар өтеді. Статистикалық есептерді қалай тез әрі оңай өткізу керектігі туралы статистика департаментінің қызметкерлері баяндап береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер