astana-view

Бағалау қызметі бәсекелестік ортаға беріледі

2016 жылғы 17 Қазан
8401 просмотров

Бәсекелестік ортаға беру болжанған бағалау қызметі саласындағы реттеуші әсерді талдау нәтижесі, бүгін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен қоғамдық талқылау барысында назарға ұсынылды

Шараға құзырлы мемлекеттік мекемелер өкілдері, Мәжіліс депутаттары қатысып, өңірлердегі осы мәселеге қатысты пікір білдіргісі келген мүдделі кәсіпкерлермен байланыс орнатылды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, Елбасының кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жақсартуға арналған түбегейлі шаралар жайлы Жарғысын жүзеге асыру мақсатында әрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамына сәйкес, қазіргі уақытта мемлекет «Атамекен» ҰКП тарапымен бірлесе отырып, өзіндік реттеу институтын дамыту арқылы шешім қабылдау үдерісіне азаматтар мен бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту бойынша реформалар қолға алынғанын жеткізді.

2016 жылдың 30 қаңтары 97-қадамды жүзеге асыру жұмыстарын үйлестіру үшін, Премьер-министр қаулысымен тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылып, ол өз кезегінде мемлекеттік функцияны бәсекелестік орта мен өзін реттейтін ұйымдарға беруге қатысты негізгі айқындаушы қағидаттарды бекітті. 

«Бүгінде алғашқы кезеңнен өттік. Түгендеу нәтижесінде 15000-ға жуық функцияның мемлекеттік органдар 500-ге таяуын табыстауды ұйғарды, оның ішінде 264 функция өзіндік реттеуге берілмек. Нарықтың дайындығы мен кәсіпкерлік субъектілері көтерген бастамаларға байланысты, қызметтердің екі тобы қалыптастырылды. Екінші кезең де аяқталуға жақын, бұл дегеніңіз, нарықтың дайындығын талдау мен функциялардың бірінші тобы бойынша реттеуші әсерді талдау қорытындысы», - деп хабарлады Елдос Рамазанов.  

Бағалау қызметі саласындағы реттеуші әсерді талдауды ҚР Әділет министрлігі «Атамекен» ҰКП және кәсіби бағалаушылармен бірлесе отырып жүргізді.

ҚР әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов, бұл ретте әңгіме, бағалау қызметі саласындағы мамандарды кәсіби тұрғыда қайта даярлаудың бағалау стандарттарын және бағдарламаларды жасау, бағалау қызметтерін лицензиялау, тиісті тұлғаларды біліктілік емтиханынан өткізу, бағалау қызметінің барлық субъектілеріне тең жағдай жасау арқылы мүлікті бағалау бойынша қызметтер нарығында бәсекелестікті дамытуға әрекеттесу, бағалаушылардың бағалау қызметін мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету сияқты функцияларды бәсекелестік ортаға табыстау жайлы болып отырғанын мәлімдеді. 

Әділет министрлігі өзіне бағалау қызметі саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, өз құзыры шегінде нормативтік-құқықтық актілерді жасау мен бекіту, бағалаушылар палаталарына мемлекеттік бақылауды жүргізу сынды функцияларды қалдырмақ.

Ұлттық палатадағы заңнама және өзіндік реттеуді дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанованың сөзіне қарағанда, зерттеу барысында жұмыс тобы мәселенің 3 балама жолын зерделеген: 1) ағымдағы жағдайды сақтап қалу; 2) ақпараттық кампания (бағалаушылар палаталары мен олардың мүшелерінің қызметі рейтингісін жүргізу); 3) өзіндік реттеудің оңтайлы құрылымын айқындай отырып, міндетті мүшелікке негізделген өзіндік реттеуді енгізу (бір өзін реттейтін ұйым немесе осындай көптеген ұйым).

Өзіндік реттеудің неғұрлым оңтайлы құрылымы ретінде, қоғамдық тыңдауға қатысушылардың басым бөлігі, қайсыбір Палатаға сенімге негізделген (көпшілдік), бағалаушылардың шоғырлана қалыптасып, қанат жаюын жөн санайды.

Себебі, бұл үлгі, бағалау қызметінің кәсіпкерлік сипатына байланысты ыңғайлы болатыны тұжырымдалған.

Сарапшылардың пікірінше, өзін реттейтін ұйымдардың көп болуы бағалаушылардың бәсекеге қабілеттілігін және олар ұсынатын қызметтер сапасын көтеріп, кәсіпкерлік қызметті жеке-дара билеудің жолын кеседі.

Талқылау барысында қатысушылар аталмыш мәселе бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ойлардың барлығы жақын арада кәсіпкерлікті дамыту мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізілетін қорытынды талдауда ескерілетін болады.

Кеңес кезінде, сондай-ақ, «Бәсекелестік мәселесі бойынша кейбір ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы» заң жобасы аясында жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралына келген шығынды бағалау жайы да қаралды.

Анықтама:

Қазіргі уақытта Қазақстандағы бағалау қызметі «Бағалау қызметі туралы» Заңымен реттеледі. Ел аумағында бағалау саласындағы нарық субъектілерінің 16 кәсіби бірлестігі жұмыс істейді (бағалаушылар палаталары). Әділет министрлігі бағалау қызметтерін көрсетуге берген (жеке және заңды тұлғаларға) лицензиялардың жалпы саны мың жарымнан асады. Алайда нарықтағы нақты бағалаушылар саны әлдеқайда аз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер