astana-view

Аспаздар бақ сынайды

2016 жылғы 19 Қазан
- Алматы қаласы
6646 просмотров

Алматыда аспаздық өнерді насихаттайтын «Алтын дастархан-2016» өңірлік фестивалі өтіп жатыр

«Алтын дастархан» аспаздық өнер фестивалі Алматыда 16 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын техникалық колледждердің студенттері – болашақ аспаздар, кондитерлер, даяшылар мен кофе әзірлеушілер өзара жарысып, бақтарын сынайды. Шараның биылғы тақырыбы – «Асқабақ кереметі», бұл дегеніміз – байқауға қатысатын барлық тағамдардың құрамында асқабақ болуы шарт. Аспаздық шеберліктегі жеке жарыстар 5 аталым бойынша өтеді. Олар: «Еттен жасалған тағам», «Балықтан жасалған тағам», «Құс етінен жасалған тағам», «Асқабақтан жасалған тағам», «Қазақ асханасының тағамы».

Фестиваль үш күнге созылады. Жеңімпаздарға «Алтын дастархан байқауының жеңімпазы» атағы мен алтын, күміс және қола медальдар, сертификаттар, естелік сыйлықтар табыс етіледі. Одан бөлек, «Алтын дастархан» байқауының жеңімпаздары мамандарды кәсіби-техникалық жағынан даярлауға бағытталған WorldSkills (WSTP) халықаралық білім беру бағдарламасының қатысушысы атанады. Ең бастысы, оқу орнын тәмамдаған соң, барлық жеңімпаздар қаладағы ең үздік мейрамханаларға жұмысқа орналастырылады.

Фестивальді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов пен Қазақстан кәсіпкерлер форумының атқарушы директоры Мунавара Палташева ашты.

«Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындар үшін мамандар даярлауға көмектесіп келеді. Біз үшін жобаның жастардың жоғары деңгейдегі техникалық маман атануына көмектескені маңызды. Бүгінгі фестиваль – аспаздық саладағы студенттер үшін өздерін танытуға, тәжірибе жинауға және машықтарын жетілдіруге, кейін Алматының үздік мейрамханаларымен жұмыс істеуге берілген мол мүмкіндік. Барлық қатысушыларға өздерінің шығармашылық табыстарымен қазылар алқасын таңқалдыруларын және өз таланттарын барынша жарқын көрсетулерін тілеймін!», – деп құттықтады Юрий Тілеумұратов.

Қазылар алқасының құрамына белді сарапшылар мен Алматыдағы мейрамханалардың кәсіби мамандары кірген. Биыл «Алтын дастархан» фестиваліне Алматы қаржылық-құқықтық және технологиялық колледжінің, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің, Алматы индустрия және туризм колледжінің, Алматы сән және дизайн колледжінің, Алматы серсивтік қызмет көрсету колледжінің, Алматы облыстық сервис және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің студенттері қатысып жатыр. Қазылар алқасының төрағасы ретінде «KHAMA PARK» мейрамханасының директоры Серікхан Әділхан сайланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер