astana-view

Қазақстандағы цемент өндірісі техникалық жаңғыртуға мұқтаж

2016 жылғы 19 Қазан
- Алматы қаласы
13569 просмотров

Алматыда XIV халықаралық «BusinessCem Almaty 2016» орталық-азиялық көрме-конференциясы өтуде

Қазанның 17-19 аралығында Алматыда ТМД елдері бойынша  цемент өндірушілерінің форумы өтті. Шара елдер арасында байланыс орнатуда маңызды рөл атқармақ. Бұл ретте, форумның Қазақстан үшін алар орны бөлек. Себебі, ел экономикасы дағдарысты еңсеріп келеді. Ресейлік конференция ұйымдастырушылары, Қазақстан бүгінде қуатты, бейбіт, қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында дейді.  Экономикалық оптимизм құрылыс кешенінің жедел дамуына, цемент өнеркәсібіне жаңа жобалар енгізуге барлық қолайлы жағдай жасап отыр. Еліміз бойынша Астана және Алматы қалалары цемент және өзге де құрылыс материалдарын ең көп көлемде пайдаланып келе жатқан шаһарлардың бірі болып табылады. Қазақстандағы цемент саласындағы жоғары динамиканы жыл сайын пайдалануға беріліп келе жатқан заманауи зауыттар дәлелдей түсуде.

«Құрылыс материалдарын шығару өнеркәсіптің қаржы көп бөлінетін 14 бағыттың қатарына енді. Кәсіпкерлер палатасы құрылыс индустриясына қажет материалдарды шығаруға мүдделі отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға қолдау көрсетуге әзір. Оның ішінде цемент өндірісі де бар. Сіздер бізден осы саланың қаржылық, құқықтық, маркетингтік мәселелері бойынша кеңес ала аласыздар. Біз сіздердің жобаларыңызға экономикалық сүйемелдеу жасау аламыз, мемлекеттік-жекеменшік серікстестікке қатысуға ықпал ете аламыз. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың басқа да көптеген түрлерін ұсына аламыз», – деп хабарлады өзінің алғы сөзінде Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Қазақстан құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының президенті, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Марал Томпиевтың айтуынша, Қазақстан технологиялық жаңғырудың алдында тұр.  «Қазіргі таңда елімізде қуаты жылына 10 млн тонна цемент шығара алатын, толық циклдағы 13 цемент кәсіпорны жұмыс жасап тұр. Олардың 6-ы энергияны үнемдейтін, өндірістің құрғақ тәсілі бойынша жұмыс істеп тұрған ірі зауыттар. 1998-2014 жалдар аралығында Қазақстандағы цемент өндірісі  13 есеге өсті. Материалдың негізгі тұтынушылары – өркендеп келе жатқан Астана, Алматы қалалары және Ақмола облысы. Елдің индустрияландырудағы жоғарғы қарқыны, жаңа жолдардың, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы цемент пен бетон шығаратын жаңа зауыттардың тынысын ашты. Осылайша, бірер жылдан соң Қазақстанда қуаты жылына 4 млн тоннадан астам болатын бірнеше цемент зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деп атап өтті Марал Томпиев.

Бүгінде республиканың цементке деген сұранысы жылына 14 млн тоннаны құрап отыр. 2015-2019 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы құрылыс кәсіпорындарының жобалық қуаты жылына 16,5 млн тонна цементке жетпек. Сол уақытта, Қазақстан сұранысқа ие құрылыс материалдарын импорттаушыдан экспорттаушыға айналуы мүмкін. 

Алғаш рет «BusinessCem Almaty» кеңейтілген цемент форумы 2002 жылдың қазанында өтті. Оған әлемнің 23 елінен 250-ге маман қатысқан болатын. 2015 жылдың қараша айында Ташкентте (Өзбекстан) «Құрылыс және цемент – тұрақты тандем» тақырыбымен 13-ші форум өткен еді. Конференция Қазақстан құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығы, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы, Цемент өндірушілер одағының қолдауымен өтуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер