astana-view

Балықты аулап тауыспас үшін...

2016 жылғы 21 Қазан
- Жетісу облысы
6853 просмотров

Балық өсіруді қолға алатын кез жетті

Мұндай пікірді балық шаруашылығына қатысты атыраулық ғалымдар алға тартып отыр.

Жасанды жағдайда балық өсірудің қыр-сыры Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы және «Қазақстандық экология және биоресурстар орталығы» ЖШС бірлесіп ұйымдастыратын балық шаруашылығы семинарларында сөз болуда. Шара «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы келісімшарт аясында өткізіліп отыр. Басты мақсат – агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне агробизнесті тиімді жүргізу негіздерін  оқыту болып табылады. Оқу Атырау бекіре балығын өсіру зауытында өтуде.

Жалпы аквамәдениет семинарлары Атырауда осымен екінші рет өткізілуде. Өңір балық саласы бойынша алдыңғы қатардағы облыстар санатына жатқызылғанымен, бүгінде балық қорын толтыру шараларын тез арада қолға алу мәселесі туындап отыр. Семинар дәріскері биология ғылымдарының докторы, Балық шаруашылығы институтының аға қызметкері Юлия Ким болуда.

«Семинар барысында біз бекіре балықтарын қайта көбейту және жас бекірелердің санын арттыру туралы ой қозғадық. Яғни біз қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – аналық табынды құру мәселесін көтеріп жатырмыз. Себебі, бекіре балықтарының табиғи қорлары жыл санап азаюда. Сондықтан, балық қорын жандандыру бойынша шұғыл түрде шараларды қолға алу қажеттігіне көз жеткізіп отырмыз».

Бұдан бөлек семинарда дәріс оқушылар жасанды көлдерде балық өсіру туралы ойларымен бөлісті.  Атырауда бұл тақырып өзекті болмақ, себебі өңірде аквамәдениет ретінде қолданылатын су қоймалары өте көп. Сонымен қатар, тұрғындардың  салаға деген қызығушылығы артуда. 

Семинарға балық өсіруші шаруалар мен аталған саланы игергісі келетін тұлғалар да қатысты. Оқыту бағдарламасы теориядан бөлек тәжірибе сабақтарын да қамтыған. Семинар қатысушыларына қажет құжаттарды рәсімдеуден бастап, балықты өсіру және оны азықпен қамтамасыз етуге дейінгі балық өсіру шаруашылығының барлық жай-жапсары әңгімеленді.

«Семинар барысында бізге өз кәсіпорныңды қалай ашуға болатынын, ол үшін қандай заң нормаларын білу қажеттігін, қандай құжаттар керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, біз балықты жасанды жағдайда қалай өсіру қажеттігі, балық популяциясын арттыру, ол үшін қандай жағдайлар қажет екендігі туралы білдік. Бұл білімнің барлығы бізге қажет болады деп санаймын. Болашақта балық шаруашылығын ашу жоспарым да бар. Осындай семинар ұйымдастырған Кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдіремін», – деді семинарға қатысушы кәсіпкер Елдар Әбіжанов.

Ғалымдардың пікірінше, Атырауда балық шаруашылығын қайта жандандыру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бұны табиғи жағдай мен тұрғындардың  аталған саламен шұғылдануға қызығушылық танытқанынан аңғаруға болады. Сол себепті бүгінгі басты мақсат – балық қорын қайта жаңғырту болып отыр. Ал, мұндай семинарлар аталған процесті жеделдетуге жол ашпақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер