astana-view

«Құрығы ұзын» карта

2016 жылғы 21 Қазан
- Жетісу облысы
6766 просмотров

Талдықорғанда БАҚ өкілдеріне Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді

Өңірлік карта қалай жұмыс істеп жатыр, қандай жобалар іске асырылды, жобаны тартымды ету үшін не істемек керек және инвесторлар қандай мәселелерге кезігіп жатыр – журналистердің осы және өзге де сұрақтарына Кәсіпкерлер палатасында өткен брифинг барысында ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов жауап берді.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы – ісі жолға қойылған кәсіпкерлер мен болашақ кәсіпкерлерге арналған бизнес жүргізудің шарттары мен мүмкіндіктері туралы хабардар ететін ақпараттық-талдау қоры. Картаның негізгі міндеті – өңірлердің өнеркәсіптік мамандандырылуын, шикізаттық бағытын, инфрақұрылымның бар-жоқтығын және басқа да факторларды есепке ала отырып, өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының инвестициялық әлеуетін анықтау. Картада бизнестің аумақтық орналасуы, қорлары, жұмыс күші және т.б. туралы толыққанды ақпарат көрсетілген. Карта www.businessmap.kz және www.businessnavigator.kz сияқты арнайы интернет-порталдарда жарияланған.

«Картаны әзірлеуші «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшылар тобымен және зерттеу орталықтарымен бірлесе отырып, оны дайындауға кеткен бір жыл мерзімнің ішінде әр өңірдің ерекшеліктерін ескеруге тырысты. Одан экономиканың дамуына ықпал ететін барлық факторлары талданған әрбір ауданның сызбасын көруге болады: табиғи-минералды қорлары, логистикасы, өткізу нарығы, кедергілер, энергетикалық қуаты мен энергиялық желілерге қосылу сызбасы, ірі, шағын және орта кәсіпорындар көсетілген. Шартты түрде айтқанда, Карта – жұмыс істеп тұрған портал. Қазақстанның экономикасына инвестиция салуға тілек білдіруші кез келген отандық және шетелдік кәсіпкер қандай да бір өңір туралы толыққанды визуалды ақпарат ала алады», – деді Ә.Шаяхметов.

Әсет Шаяхметовтің айтуынша, Карта мемлекеттік органдар үшін де пайдалы екен. Ол Қазақстанда кәсіпкерліктің бұдан да белсендірек дамуына не кедергі екенін, кәсіпкерліктің даму процесін жандандыру үшін қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте қандай шаралар қолдану қажеттігін түсінуге көмектеседі. «Жергілікті атқарушы органдар үшін Карта инфрақұрылымдарды, әлеуметтік нысандарды дамытуға, аумақты абаттандыруға бағытталған бюджеттік шығындарды жоспарлауда бағыттаушы рөлін атқарады. Әкімдіктерге ол шетелдік инвесторлар тартуда да пайдалы болмақ», – деп атап өтті ол.

Мәселен, екінші деңгейлі банктер мен даму институттары үшін Карта түрлі жобаларды қаржыландыруда қажет болуы мүмкін. Өңірлік карта өңірлердегі кәсіпорындар арасында тауарларды, жұмыстар мен қызмет түрлерін, сондай-ақ шикізаттар мен материалдарды сату және сатып алу бойынша кооперация құруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетер болсақ, осы жылдың мамыр айында Алматы облысында өткен халықаралық инвестициялық бизнес-форумда бизнес-қауымдастықтарға, мемлекеттік мекемелерге, жегілікті атқарушы органдарға, шетелдік инвесторлар мен елшілерге  Өңірлік карта таныстырылған еді.  

Әсет Шаяхметов журналистерге жергілікті Өңірлік картаны толтырумен және жаңартумен Палатаның қызметкері айналысатынын айтып өтті.

«Кәсіпкерлер палатасы жалпы сомасы 69 млн теңге болатын бекіре тұқымдас балықтарға арналған жабық сумен қамту циклін орнату жобасын және балық өнімдерін қайта өңдейтін зауыт құрылысын қаржыландыру жөніндегі мәселені қарады. Бүгінгі таңда аталған жоба кеңейтілуде және қаржыландыру сомасы да 1 млрд теңгеге дейін артып отыр, оған Кәсіпкерлер палатасы тікелей қатысып, қаржыландыру жөнінде келіссөздер жүргізіп, жобаны толығымен сүйемелдеуде. Екі жоба бойынша да екінші деңгейлі банк өкілдерімен қаржыландыу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді ол.

Ә.Шаяхметов өңірдегі аудандар мен ауылдар туралы толыққанды ақпараттың болуы бизнесті тиімді жүргізуге мүмкіндік беретінін де келтірді. Өйткені әлеуетті инвестор қандай ауданда қандай кәсіпорынның бар екенін немесе жоқ екенін біліп отырады.

Брифинг барысында ӨКП директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов журналистерге экраннан Картаны көрсетіп, мол ақпарат қорын қалай қолдану керектігін түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер