astana-view

Аудандық кеңесте ауқымды мәселелер қаралды

2016 жылғы 24 Қазан
- Қостанай облысы
6715 просмотров

Сарыкөлдік кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін заңсыз сатушыларға қатысты бақылауды күшейтіп, төмен бағамен астық сатып алу мәселесін шешуді ұсынды

Кәсіпкерлердің аудандық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Кәсіпорындардың беделді басшыларынан тұратын жаңа бірлестік Кәсіпкерлер палатасы жанынан жақында құрылған болатын. Оның мақсаты – бизнестің нақты мәселелерін шешу бойынша ұсыныс шығару және әкімшілік кедергілерді анықтау кезінде Палатаға қолдау білдіру. Кеңесті ірі шаруа қожалық басшысы Баймұрза Сатаев басқарады.

«Алкогольді өнімдердің бөлшек сауда саласы баяғыдан реттеуді қажет етеді, – деп мәлімдеді аудандық Кеңес мүшесі Жанатай Жаналипов. – Ауданда ресми сауда нүктелеріне қарағанда бағасы айтарлықтай төмен спирттік өнімдердің сатылатыны жасырын емес. Бұл сатушылар салық есебінде тұрған жоқ, соған сай, лицензиялық алым төлемейді».

Ауыл шаруашылығы саласының мәселелері де талқылаусыз қалған жоқ. «Агро-Парасат» ЖШС директоры Азамат Жолаушыбаев дәнді дақылдарды төмен бағамен сатып алу мәселесін айтып шағымданды. Ол бұл мәселенің шешімі ретінде Палата арқылы ауданда жаңа өндіріс орнын құру үшін инвестор тарту керек деген ұсынысын білдірді.

Отырыста маман дайындау мәселесі де көтерілді. Палата филиалының директоры Руслан Молдабеков, адам капиталының дамуы – ұйым жұмысының басты бағыттарының бірі екенін еске салды. Облыста оқу мекемелерінде нақты кәсіпорындардың қажеттілігіне қарай жаңа мамандықтарды енгізу тәжірибесі өте көп. Сондай-ақ электронды астық қолхатын енгізу, қызметкерлер өндірісте жарақат алған жағдайда жұмыс берушінің жауапкершілігі сынды мәселелер де талқыланды.

Кездесуге соңында қатысушылар, Кәсіпкерлер палатасының бүгінде бизнестің басты мәселелерін шешудегі негізгі күшке айналғанын атап өтті. Осыған байланысты олар бұл үдеріске мүмкіндігінше белсенді қатысуды көздеп отыр. Аудандық кеңестің осыған ұқсас жиындары облыстың барлық аудандарында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер