Мәселе көтерілгенімен, шешімін таппауда
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері прокуратура органдарына Көкшетау қаласы жер қатынастары бөліміне қатысты тексеріс жүргізуге кеңес берді
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы бүгін айқас алаңына айналды. ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенко жұрттың алдында облыс прокуратурасынан қалалық жер ведомствосына тексеріс жүргізуді сұрады.
«Бізде мемлекеттік орган қызметінің тиімділігіне баға беретін құзырет жоқ екені түсінікті, алайда жиналған деректер төзімді тауысып отыр. ӨКП-ға келген арыздардың 23%-ы құрылысқа арналған жер телімін бөлу, жарнамалық билборд орнатуға жер телімі құқығын алу, нысандарын қайта құрылымдау мәселелерін ұзақ уақыттан бері шеше алмай келе жатқан кәсіпкерлерден келіп түсті», – деп мәлімдеді Валентина Геращенко.
Бұл мәселелерге шенеуніктер күні бүгінге дейін үн қатпаған сыңайлы. Өткен жолы palata.kz қалаға танымал бизнесмен Игорь Юрченконы әуре-сарсаңға салған жер мәселесі туралы хабардар еткен-ді. Көкшетау қаласының прокуратурасы жер телімін беруден бас тарту туралы әкімдіктің қаулысына наразылық танытса да, бизнесмен әлі жер алмаған.
Жас бизнесмен Магомед Чапановтың мәселесі де қоғам назарына ілінді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің араласуымен ғана мәселе шешілгендей еді, бірақ қала әкімдігіндегілер мәселені тағы шиеленістіріп жіберіп, облыстық прокуратураның араласуының арқасында ғана мәселе оң шешімін тапты.
Спикер мұндай мысалдардың сан түрін келтірді. Кеңес мүшелері бейіндік ведомствоның қызметін жан-жақты сынға алған қызу пікірталасқа облыс прокурорының орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Әмралин нүкте қойды.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті қолдау мәселесі басымдыққа ие. Осының аясында Бас прокуратура «Жол картасын» әзірледі. Ол бақылау және қадағалау органдары тарапынан бизнеске түсетін қысымды азайту, бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді жою, сондай-ақ бизнесті бұқаралық дамыту бағыттары бойынша іске асады», – деп атап өтті прокурор.
Кәсіпкерліктің түйткілді мәселелері бойынша кешенді шешімдер әзірлеу үшін облыста ведомствоаралық жұмыс тобын құруға шешім қабылданды. Оған қадағалаушы органдардың және Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кіреді. Жер телімдері туралы ашық және еркін ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында шенеуніктерге тиісті электронды картаның жұмысын жандандыру тапсырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: