astana-view

Ауылда маман тапшылығын тез арада шешу керек

2016 жылғы 27 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
8307 просмотров

Мамлют ауданы Кәсіпкерлер палатасы директорымен кездескен ауыл кәсіпкерлері осындай өтініш білдірді

Ауданда мыңдаған бизнес субъектілері тіркелген. Олардың 30%-дан астамы  ауыл шаруашылығымен, 28%-ы саудамен айналысады, сонымен қатар көлік қызметі мен өндіріс ошақтары бар. Ауыл кәсіпкерлері білікті мамандар жетіспей жатқандығын ерекше атап өтті. Жергілікті кәсіби-техникалық оқу мекемесінің болмауы жағдайды одан сайын қиындатады. «Бұл мәселені шешу үшін Палата филиалының бастамасымен, Мамлют қаласында Кәсіби бағдар орталығы мен орта мектептерде 5 кабинет ашылған. Біз 66 саяхат жасап үлгердік. Оның жартысы кәсіпорындарда өтті. Тағы да 4 кәсіби бағдар беру кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жоғары сыныптармен жиі кездесу ұйымдастырамыз.  Оларды мемлекеттік бағдарламалармен, кәсіби білім алудың мүмкіндіктерімен, жастар тәжірибесімен таныстырамыз», – деді Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Мамлют ауданы филиалының директоры Нина Василенко.

Кәсіпкерлерді маман тапшылығы мәселесінен бөлек, бизнесті қорғау тақырыбы да қызықтырды. Нина Василенко атап өткендей, жыл басынан бері филиалға кәсіпкерлерден 875 өтініш келіп түскен. Оның 181-і құқықтық мәселелер жөнінде. Сонымен қатар, бизнесті қорғау бойынша келіп түскен 35 өтініштің 32-сі оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің сомасы 2 млн теңгеден астам мүддесі қорғалды.

«Мен тек мүддемізді ұсынып қана қоймай, оны қорғай алатын органның құрылғанына дән ризамын. Палатаның дамығанын қалаймын. Онымен бірге кәсіпкерлік те дамыса екен деймін. Өйткені қазір ауылда кәсіп ашу тиімді емес. Мен өзім де ауылдан шықтым. Бірақ менің бизнесім Петропавлда. Өз кәсібімді ауылдан қуана-қуана ашар едім. Алайда инфрақұрылымның жоқтығы, қаражат көздерінің тапшылығы сынды мәселелерге ұшырайсың», – деп өз ойымен бөлісті «Оптимум Петро»   ЖШС басшысы Раиль Мендеев.

Қаражат мәселесі – ауылдағы басты мәселенің бірі. Кәсіпкер атап өткендей, екінші деңгейлі банктер ауыл мүлігін кепілдікке алғысы келмейді. Сонымен қатар кәсіпкерлер басқа да мәселелермен ұшырасады. «Біздің ауданда шағын және орта бизнес субъектілері мынадай мәселелерге тап келеді: Жер кодексінің талаптары; ауыл шаруашылығымен айналыспайтын, бірақ жайылымы бар бизнес субъектілерінің жерді мақсатты пайдалану үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болуы; өсімдік шаруашылығы саласында агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің уақытылы субсидияланбауы; технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі; қатысушылардың құрамының өзгеруіне орай, қатысушының қайтыс болуына немесе шетел асып кетуіне байланысты бизнес субъектілерін қайта тіркеудің мүмкін болмауы», – деп нұсқады филиал директоры Нина Василенко.

Алайда, барлық қиындықтарға қарамастан, аудандағы бизнес дамып отыр. Келесі жылы сомасы шамамен 2 млрд теңге болатын 4 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер