astana-view

Асылбек Жәкиев: «Әр аймақтың карта-құжатын жасап жатырмыз»

2016 жылғы 27 Қазан
- Атырау облысы
16265 просмотров

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы шалғайда орналасқан ауылдардағы кәсіпкерлердің мәселелерін білу үшін, әр ауданның карта/құжатын жүзеге асыруды жоспарлап отыр

Бизнес-керуен ауыл кәсіпкерлерінің  ұмтылыстары мен қажеттіліктерін білу мақсатында, тамыздан бастап қазанға дейін Атырау өңірінің барлық аудандарын аралады. Оның құрамына Кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімдігінің бірқатар өкілдері енді.

Сапардың қорытындысын Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ баяндады.

– Асылбек Мұхитұлы, қазіргі таңда ауыл кәсіпкерін не толғандырады?

– Мен ең алдымен мынаны айтқым келеді, жұмыс тобы тек аудан орталықтарын аралаумен шектелген жоқ. Сонымен қатар облыстың 62 ауылдық округінде де болып қайттық. Кәсіпкерліктің мәселелерін анықтау мен зерттеуден бөлек, мамандар тұрғындармен кездесу барысында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі туралы түсіндірді.

Сапар барысында облыстың барлық ауданы үшін маңызды бірнеше мәселе анықталды. Ең негізгісі – инфрақұрылымның жоқтығы. Бүгінгі таңда Атырау облысында инфрақұрылымы жоқ шағын және орта бизнестің 78 нысаны тұр. Олардың кейбіреулері «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында несие алып, ғимарат салды, құрылғылар сатып алды. Алайда газ немесе жарықтың жоқтығынан өз бизнестерін бастай алмай отыр.

– Сіздің ойыңызша, аталған мәселені қалай шешуге болады?

– Әлбетте, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Сонымен қатар біз аудандық және ауылдық округтерде бизнес-инкубатор және шағын индустриалдық аймақтар ашуды ұсынамыз. Шалғай орналасқан ауылдық округтерде бос тұрған ғимараттар өте көп. Оларды аукцион арқылы өткізу керек немесе бизнес-инкубатор ашу үшін кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берген жөн. Аталған ұсынысты біз облыс басшылығына жібердік.

– Өңірлік деңгейде қабылданатын іс-шаралар жеткілікті ме? Өйткені жергілікті бюджеттен қаражат бөлу процессі тез жүрмейді. Мүмкін министрлік деңгейіндегі өзгерістер керек шығар?

– Әрине. «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасының бірінші бағыты бойынша мемлекет шағын және орта бизнес нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отыр. Яғни, жаңа өндірістік алаңдардың қызметі үшін жетіспейтін техникалық байланыстарды реттейді. Алайда техникалық-экономикалық негіздемені және жобалық-сметалық құжатты кәсіпкер өз қаражаты есебінен жасауы керек. Ол бизнес үшін аса үлкен шығын. Сол себепті біз оны мемлекет шығынының бағасына қосуды немесе  кәсіпкердің шыққан шығынын субсидиялауды ұсынамыз. Сонымен қатар, «Атырау Жарық» АҚ және «ГазТрансАймақ» АҚ сынды компаниялардың инфрақұрылым жүргізу кезіндегі шығыны айтарлықтай көп. Және тариф те нақты белгіленбеген. Мысалы, электр мен жарық жүргізу кезінде көрші компаниялар әртүрлі төлем төлейді. Негізінде қосылу желісінің арасы және басқа да талаптары бірдей. Біз осы шығындарды субсидиялап, бірыңғай тариф енгізу қажет деп есептейміз. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бақылауын күшейтіп, монополияға қарсы органдар табиғи монополия туралы заңнаманы талап ете отырып, өздерінің интернет-рессурстарында ақпарат беруі керек. Бүгінгі таңда ақпараттың жетіспеушілігі техникалық талаптарды ұсыну кезіндегі заңсыздықтарға апарып отыр.

– Жергілікті тауар өндірушілер мен ауыл шаруашылығы субъектілері үшін өз өнімдерін өткізу басты тақырыпқа айналып отыр. Осы мәселе ауыл кәсіпкерлерімен кездесу барысында талқыланды ма?

– Ия, әлбетте. Шаруа қожалықтар мен жергілікті тауар өндірушілер делдалдарсыз өз өнімдерін өткізе алмай отырмыз деп жиі шағымданады. Өйткені олар өнімдерін алыпсатарларға тегін өткізіп жатыр десек те болады. Фермер өз өнімінің сәтті өтетініне сенім білдіріп, ауыл шаруашылығы өнімінің санын арттыруға күш жұмсауы керек. Сол себепті біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация базасында Көтерме-сатып алу орталығын ашуды ұсынып отырмыз. Ол жерде күн сайын нарық бағасынан сәл төмен бағада тауар өндірушілердің өнімі ұсынылады.

– Ауылдық жерде қаражатқа қолжетімділік мәселесі жиі ұшырайды. Өз жылыжайларын ашуға, құрылғыларды сатып алуға ниеттілер өте көп. Бірақ кепілдік жетіспейді. Не істеуге болады?

– Лизинг механизмі Қазақстанда жеткілікті дамымаған. Мысалы Атырау облысында жылыжайға лизингті «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы тек ірі кәсіпкер ғана ала алады. Оның мынадай талабы бар: Батыс Қазақстан өңірі үшін өндірістік типтегі аумағы 1 га жылыжай кешенін құру керек. Жалпы алғанда, біздің ойымызша, бұл талап өте жоғары. Оған қоса лизингті елдің барлық облысында бере бермейді. Бұл мәселені шешу мақсатында біз «ҚазАгроҚаржы» АҚ талаптарын төмендетуді ұсынып отырмыз. Немесе «ҚазАгро» қарамағындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несиелік корпарация» АҚ сынды еншілес құрылымдарда шағын-лизинг өнімін дайындау керек деп ойлаймыз. Яғни, шағын бизнес субъектілері де құрылғыларды, техникаларды немесе жылыжайларды лизингке ала алуы керек. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында аумағы 100 шаршы метрден басталатын жылыжайларды орнататын компания бар. Егер өнімді лизинг бойынша өндіретін болсақ, біріншіден, кәсіпкерлерге өз ісін бастауға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, компаниядағы өндіріс ауқымы кеңейеді. Сонымен қатар «ҚазАгро» холдингі жанынан кепілдік беру өнімін құру керек. Ол өз кезегінде кәсіпкерлерге қаржы жетіспеген жағдайда «ҚазАгроның» еншілес компанияларынан несие алуға жағдай жасайды.

– Сіз әңгімеміздің басында, топ өкілдері, мәселелерді анықтаудан бөлек, тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндап берді дедіңіз. Ауыл кәсіпкерлері бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы қаншалықты біледі?

– Бұл өте маңызды мәселе. Сапар барысында ауылдағы ағайынның көп нәрседен хабарсыз екендері байқалды. Тіпті, бұл туралы тұрғындар ғана емес, ауылдық округтер мен аудандық әкімдіктердің қызметкерлерінің өздері жақсы біле бермейді. Сол себепті ауылдық округтер мен аудандық әкімдіктердің қызметкерлерін, облыс орталығында, құзыретті мемлекеттік органдардың, даму институттарының,  екінші дәрежелі банктердің және облыстық Кәсіпкерлер палатасының мамандарын тарта отырып, әр тоқсан сайын оқыту жұмыстарын жүргізу дұрыс деп есептейміз.

– Айтылғандарды қорытындылай келе, ауыл бизнесінің басты мәселелеріне инфрақұрылымның, өз өнімін өткізу нарығының, қажетті ақпараттың, қаражаттың жоқтығын немесе мемлекеттік қолдау шаралары туралы білімінің жетіспеушілігін жатқызуға болады. Бұдан өзге, ауыл кәсіпкерлері айтқан тағы қандай мәселелер бар?

– Жоғарыда тізілген мәселелерден өзге, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалық басшылары жұмыскерлердің жетіспеушілігін айтып шағымданды. Жергілікті қызметкерлер бұл жұмысқа бармайды. Ал ауыл жастары бұл жұмысты ұнатпай, қалаға барып уақытша табыс табуды жөн санайды. Сол себепті «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған жеңілдіктерді анықтау ережелері, талаптары және жұмыс берушілерге рұқсат ету тәртібінің» 12-тармағына өзгеріс енгізуді дұрыс деп есептейміз. Дәлірек айтқанда, төртінші санатқа. Ол жерде былай деп жазылған: «Еңбек көші-қоны мен еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келісімшарттарға сәйкес маусымдық ауыл шаруашылық жұмыстарында жұмыс істейтін жұмысшыларды тарту». Біз мал шаруашылығымен айналысатын, шаруа қожалықтар үшін «маусымдық» деген сөзді алып тастауды ұсынамыз.

– Осы сапардың қорытындысы бойынша, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының тарапынан қандай шаралар  қабылданатын болады?

– Қазіргі таңда біз әр аймақтың Жол картасы/құжатын жасап жатырмыз. Ол өз кезегінде әрбір кәсіпкердің аты-жөнін, қызмет түрін, мәселелерін білуге мүмкіндік жасайды. Тіпті шалғайда жатқан ауылдар да қамтылады. Осылайша, біз кері байланысты жақсартып, тұрғындар үшін сапалы өнім ұсынуды жоспарлап отырмыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер