astana-view

Тамшылатып суару әдісі өнімділікті арттырады

2016 жылғы 27 Қазан
13425 просмотров

Қазақстан аумағының 29%-ы далалық, 44%-ы шөлді аумақ. Яғни жердің жартысына жуығы шөлді және шөлейтті. Бүгінде жер игеруде ең күрделі мәселенің бірі осы шөлейтті жерлерді пайдалану. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей бұл жерлерді өңдеп, кәсіп көзіне айналдыруға мүмкіндік мол.

Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары 21022,9 мың гектар егістікке егіледі. Ал ашық жерде өсірілген көкөністердің егіс алқабы – 139,5 мың га. Ауа райы ерекшелігі мен топырақ құнарлылығына қарай республиканың әр өңіріндегі егістік алқаптарының көрсеткіші әрқалай. Мысалы, Атырау облысында – 6,8 мың га, Батыс Қазақстан облысында – 488,2 мың га, Маңғыстау облысында 1,6 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда бұл аймақтарда жердің аз игерілуі топырақ жамылғысының қатқылдығы, сортаңды, шөлейтті болуынан. Сондықтан  өсімдік өсіруді дамыту үшін әлемдік тәжірибемен танысып, қолдану қажеттілігі бар.

Бұл үшін не істеу керек?

Шет мемлекеттерде өсімдіктерді тамшылатып суару әдісімен жылыжайларда, сондай-ақ аспалы бақтарда өсіру тәсілі кең қолданыста. Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Тамшылатып суаруға арналған құбырлар топырақ үстімен немесе астымен орналастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, құбырлар арқылы фертигация әдісін, яғни тыңайтқыштарды суға қосып қолдануға да болады. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз – суды үнемдеу.

Израильдік тәжірибе

Қазіргі пластиктен жасалған жіңішке түтіктердің пайда болуымен тамшылатып суару әдісі жандана түсті. Бұл тың дүние дәл Израильде қолданысқа енгізілді. 1959 жылы Симча Бласс пластик құбырлар бітеліп қалмас үшін суды қысыммен айдайтын пластик мөлшерлеуіш арқылы жібере бастады. Патенттелген бұл тәсіл кең қолданылып жүр.

Израильде алма бағы тамшылатып суару әдісінің арқасында гектарына 450-750 центнер өнім береді. Бұл әдіс жүзімдіктерді суарудың өзге тәсілдерін тұтастай алмастырды. Шашыратып және атыз арқылы суаруға қарағанда, тамшылату тәсілімен түсім 20-30%-ға артып, жүзімдіктердің жылдық жеміс беру қарқыны өскен. Көптеген елдерде бақтар мен жүзімдіктерді суару үшін сағатына 2-8 л. су тамшылататын, аралары 0,70-1,25 м арнайы тесіктер бір қатардың бойына орналастырылған құбырлар жасалады. Үйреншікті суару әдісімен сирек, яғни 1-2 аптада бір рет суарылады, ал тамшылата суару – 1-3 күн ішінде 1 рет. Судың мөлшері буланудың коэффицентіне қарай анықталады.

Жерінің көп бөлігі шөл және шөлейтті аймақта өзендер жаздың аптапты күндері сарқылып қалатын, пайдалы қазбалар мен өсімдіктер дүниесі жұтаң Израильдің тамшылатып суару әдісі мен аспалы бақтарды, жылыжайларды салуда тәжірибесі мол. Шаруалар мемлекеттің иелігіндегі жерлерді 49 жылға жалға алады. Өндірісті әртараптандыру мен шоғырландыру – осы саланы шығынға ұшыратпайтын жаңа тренд. Ғылым мен техниканы ұштастырған биологтар, шаруалар тәтті әрі дәрумендерге бай қызыл бұрыш, сырты сары, іші қызыл лимон, сары түсті қарбыз, қара қызанақ секілді көкөніс пен жемістің түр-түрін ойлап табуда. Жалпы топырақта, күннің көзінде домалап жататын қарбыздар Израильде аспалы бақта өседі. Қарбыздың өсіруге ыңғайлы, салмағы 500 грамнан бастап ең ауыр дегенде 3 кг-ға дейін болатын тұқымы ойлап табылған. Фермалар арасында бәсеке өте жоғары, себебі өз технологиясын өндіріске енгізсе, кірістің 40%-ын алып отырады. Сол үшін ғалымдардың ұсынған тың идеяларын алғаш болып жүзеге асыруға дайын. Еврейлер тұщы судың тапшылығына қарамастан озық ауыл шаруашылығы технологияларын ойластырды. Израильде суландыру жүйесінің 98%-ы тамшылата суару тәсілін қолданады.

Қазақстанда жағдай қалай?

Қазақстанда әлемдік озық тәжірибелерді ауыл шаруашылығына енгізу жұмыстары жасалып жатыр. 2005 жылы республика бойынша 160 га жерге тамшылатып суару әдісі қолданылса, 2009 жылы – 4,2 мың гектар, 2011 жылы – 18,3 гектарға өссе, 2015 жылы 50 мың гектарға жеткен. Он жыл ішінде 300 есеге өскен. Мысалы, Маңғыстау облысында «Жаңбыршы» шаруа қожалығы көкөніс өсіруде арықпен суару әдісі шығынға ұшырататынын, оның орнына шөлейтті аумақта, әсіресе тұщы су тапшылығында тамшылатып суару мол өнім алуға қолайлы екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Шаруа қожалығының жалпы аумағы – 170 гектар, жаңа технологияның енгізілуіне байланысты, егін алқабы тамшылата суару арқылы суарылады. Атап айтсақ, мұнда жылыжайға – 3 гектар, көкөніске – 7 гектар, ал 10 гектар жерді бауға айналдыру көзделген. Қарақия ауданы бойынша 315 шаруа қожалығы тіркелген, оның 28 шаруа қожалығы егінмен, ал 287 мал шаруашылығымен айналысады. Бұл егін шаруашылықтары «тамшылата суару технологиясын» қолданысқа енгізілуде. 205 жылы 247,5 га жерге егін егілді, оның 235,5 гектары немесе 95 пайызы тамшылата суару әдісі арқылы іске асуда.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары күздік бидайды өсіруде тұрақты суаруда ылғал ұстап тұратын әдістер енгізді. Жамбылдық шаруалар 2015 жылы 4281 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданды, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 2881 гектарды құраған. Қордай ауданы бойынша тамшылатып суару жүйесі – 4400 гектарға, Шу ауданы бойынша – 1610, Байзақта – 700, Жамбыл ауданында – 618,7, Меркіде 357 гектарға орнатылған. Шетелдік, отандық тәжірибе көрсеткендей еліміздің шөлейтті аймақтарында шаруашылықты жандандыруға мүмкіндік бар.

Қарлыға ТЕЛМАН


Еншілес ұйымдар

Серіктестер