astana-view

Жылыжайға жауапты көзқарас қажет

2016 жылғы 27 Қазан
- Жамбыл облысы
9418 просмотров

Израильдік сарапшы жамбылдық фермерлерге жылыжайда көкөніс егуді үйретті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығының шақыртуымен Тараз қаласына семинар жүргізуге Израильден Эльхарар Гад есімді сарапшы келді. Ол Байзақ ауданындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институтының аумағында «Жабық топырақта өсетін көкөніс түрлері» атты үшкүндік семинарды өткізді.

«Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты 2015 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді, – дейді Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Ерболат Саурықов. – Біздің негізгі қызметіміз – агротехнология саласындағы ғылыми зерттеулер, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сол арқылы өндірістің өнімділігін күшейту. Бұл базада жылыжайлар, бау-бақшалар, егістіктер баршылық. Онда көкөніс түрлері егіледі. Оған қоса ет-сүт өнімдері саласына да алғаш қадам басып жатырмыз».

Семинар кезінде жылыжай салу және көкөніс өсіруге бейімделген шаруа қожалықтарының иелері жаңа технология бойынша жабық топырақта көкөніс егудің өзгешелігі: көкөніс егу, оны қорғау, айналымға түсіру, зиянкестермен, кеміргіштермен күресу, жылыжайдың агрономиясы туралы  көптеген мәліметтер алды.

Семинардың тәжірибелік бөлігі «Азамат» шаруа қожалығында өтті. Бұл жылыжай шаруашылығы техниканың ең дамыған түрлерімен жасақталған: жылыжай перделеу жүйесімен қамтылған, ауа ылғалдау жүйесі бар, басқару жүйесі автоматтандырылған.

«Көптеген кәсіпкерлер жылыжайды қалай экономикалық тиімді етуге болады деп сұрайды, – дейді Эльхарар Гад. – Мен оларға былай жауап берем: ең бастысы үнемдеуге болатын бір саланы таба білу керек: жер, су, тыңайтқыш, тағы басқа. Бұл семинарда мен кәсіпкерлерге жылыжай үлгілері туралы айтып бердім. Бір жылыжай инновациялық жабдықпен жабдықталған. Толығымен заманауи технологиямен жұмыс істейді. Келесісі – үнемді нұсқасы. Ол біршама қарапайым. Қатысып отырғандарға екі нұсқа да қызықты болар деп ойлаймын».

Шетелден шақыртылған дәріскермен қатар фермерлерге ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, бірнеше кітаптың авторы Қуандық Сейітбаев та баяндама жасады.

Семинар аясында Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.

«Өңірдің агроөнеркәсібі туралы білгенімізбен бөлісуге, бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Бұдан басқа агротуризмді дамыту, туристік-өлкетанушы кластерге мамандар даярлау мен қайта даярлау, бұдан өзге салалар бойынша да тізе қоссақ деген ойымыз бар», – деді өз сөзінде Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер