Кәсіптің бір бағыты – құс өсіру
Күнделікті ас мәзіріндегі құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Құс еті жеңіл қорытылады, протеинге бай, емдік, жеңіл ас ретінде жеуге болады. Құс мамығын киім, көрпе-жастық өндірісінде пайдаланса, саңғырығы топырақ құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш ретінде кең қолданылады.
Құс шаруашылығымен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау бар. «Агробизнес–2020» жобасы аясында инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №9-3/726 бұйрығына сәйкес) субсидиялаудың басым бағыттарының бірі – құс шаруашылығымен айналысатын үлкен өнеркәсіптерді салу және кеңейтуге бағытталған.
Субсидиялау жылына 20 мың тоннадан бастап құс етін өндіретін объектілерді, 100 миллионнан аса жұмыртқадан өндіретін жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларын, сондай-ақ жылына 3 мың тоннадан артық күрке тауық етін өндіруге арналған объектілерді құру және кеңейту; асыл тұқымды репродукторды (бройлерлік, жұмыртқалық, суда жүзетін құстардың, күркетауық шаруашылығын) құру бағыттары бойынша жүргізіледі.
Субсидиялауға кезеңдік іске асыру кезінде бастапқыда жылына 5 мың тоннадан бастап құс етін өндіретін объектілерді құруға және кеңейтуге арналған жобалар жіберіледі. Өтінімнің бірінші қарау кезеңінде жобаларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмыс тобы нысан салудың орындылығы тұрғысынан мақұлдауы қажет. Инвестициялық субсидиялар құс шаруашылығы бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға кеткен шығындардың 20%-ға дейінгі үлесін өтеуге бағытталады. Шығыстарды өтеу үлесі инвестициялық жоба іске асырылған агроөнеркәсіптік кешен саласына тәуелді анықталады.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асырудың механизмі қандай?
Инвестор «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамына (http://www.kazagro.kz/kk/web/kam/news) өтінім мен құжаттар тапсырады. Құжаттар субсидиялау қағидаларына сәйкес болған жағдайда, оператор субсидияларды төлеу жөніндегі соңғы шешім қабылдайтын комиссия отырысын шақырады (инвесторлардың өтініштерін қарау және оларға инвестициялық субсидияларды ұсыну/ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін тұрақты әрекет ететін алқалы орган).
Комиссия отырысының хаттамасынан шығарылған шешім жайлы үзінді-көшірме инвесторға 3 жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Инвестициялық субсидияны ұсыну жұмыс органы (облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармасы), оператор және инвестор арасында жасалатын үш жақты инвестициялық субсидиялау шартына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл шарттан өзге жұмыс органы, оператор және инвестор арасында субсидиялау сәтінен бастап 3 жыл ішінде сатып алынған жабдықтарды, техниканы мақсатты пайдалану және иеліктен шығармау туралы келісім жасалады.
Инвесторлар ретінде кімдер қаралады?
Инвесторлар ретінде Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенінің басымды салаларында инвестициялық салынымдарды жүзеге асы- ратын агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар қаралады.
Субсидиялау бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар:
Нысан бойынша толтырылған инвестициялық субсидиялауға өтінім; АӨК субъектісін мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмесі немесе әділет органдарынан мемлекеттік тіркеу туралы анықтама; бизнес-жоспарды қоса бере отырып, жаңа өндірістік қуаттар құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге арналған инвестициялық салымдар және оларды іске асыру мерзімдері туралы ақпарат; Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасы немесе ғимараттар және құрылыс салуға арналған инвестициялар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме немесе ұлғайтылған сметалық есеп (егер инвестициялық паспортта құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша шығындарды өтеу көзделсе); инвестициялық салынымдар қаржы институттарынан тартылған қаражат есебінен жүзеге асырылған жағдайда кредиттік/лизингтік шарттардың қаржы институты растаған көшірмелері.
Егер инвестициялық жоба пайдалануға берілген, сондай-ақ инвестициялық жоба шеңберінде техника мен жабдықтар сатып алынған жағдайда, инвестор, сондай-ақ, мынадай құжаттарды ұсынады: объектіні немесе инвестициялық жобаның кезегін (кезеңін) пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау не қабылдау комиссиясы актісінің нотариалды расталған көшірмесі; сатып алушы мен жеткізуші арасындағы жабдықтарды пайдалануға беру актісінің оператор растаған көшірмесі; жаңа өндірістік қуаттар құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге арналған инвестициялық салымдарды растайтын сатып алу-сату шарттарының, шот-фактуралардың оператор растаған көшірмесі; ауылшаруашылық, арнайы техниканы және технологиялық жабдықтарды қабылдап алу-беру актілерінің оператор растаған көшірмесі; ауылшаруашылық техникасын сатып алған кезде құқық белгілейтін құжаттардың (көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, техникалық паспорт) оператор растаған көшірмесі ұсынылады; бизнес-жоспарда көзделген мерзімде өндірістік қуаттардың жүктемесі кемінде 50%-ға жеткеннен кейін инвестор растайтын құжаттарды (статистикалық есептілік, бизнес-жоспар, өндірілген өнім түрлері бойынша өткізуді заттай және құндық мәнде растайтын құжаттардың оператор растаған көшірмелері, өндірістік қуаттардың жүктемесіне жеткендігі туралы жұмыс органы мониторингінің актісі) ұсынады.
Анықтама:
Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, Қазақстанда 54 құс фабрикасы бар. Оның ішінде жұмыртқа өндіретін – 30, ет бағытында – 17, қалғаны асыл тұқымды құстарды көбейтумен айналысатын шаруашылықтар. 2016 жылы еліміздегі құс саны шамамен 36 млн-ды құрайды. Құс етінің сойылған күйіндегі салмағы бойынша жалпы өндіріс 196,0 мың тоннаға жетсе, жұмыртқа өндірісі шамамен 5 млрд дананы құрайды. Оның ішінде құс фабрикаларында 182 мың тонна ет және 3,6 млрд дана жұмыртқа шығарылады.
Құс фабрикалары мен құс еті өндірісіне бөлінген субсидияларды көбейту арқылы АҚШ, Ресей мен Қытайдан келетін имортты азайтуға мүмкіндік зор. Құс шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қажетті субсидия бөлудің нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ауғанстан, БАӘ елдеріне шығарылып жатыр. Алдағы уақытта Қытай елінің нарығына шығаруға келісімдер жүргізілуде.
Барлық сауалдарды «Қазагромаркетинг» АҚ-тың сall-орталығына 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша жолдауға болады (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін).
Пікір қалдыру:
Пікірлер: