astana-view

Табысты болудың бір кілті – кітап оқуда

2016 жылғы 28 Қазан
8036 просмотров

Жастарды кітап оқуға баули отырып, кәсіпкерлікке тарту

Елорда маңында күн өткен сайын қарқынды дамып, аумағы ұлғайып келе жатқан Қосшы кентінде алғашқы, ел бойынша ауылды жерде екінші  жаңа кітапхана ашылды. Ақмола облысындағы аталған елдімекенде бұрын дәл мұндай рухани-мәдени орын болмағанын ескерсек, бүгінде бұл олқылықтың орны толып отыр.

Кент орталығындағы кітапхана нысаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың бастамасымен бастау алған «Кітап сүйер ұлт» жобасы аясында оқырман қауымға өз есігін айқара ашты.

Салтанатты тұсаукесер рәсімде баршаны жергілікті халық үшін елеулі оқиғамен құттықтаған Нұржан Әлтаев, «ауыл жастарының білімі» төмен түбегейлі қате ұғымды теріске шығарып, тұрғындарды қазіргі заман талабына сай білім қорымен қамтамасыз ету мақсатында қазақ және ағылшын, орыс тілдерінде су жаңа кітаптар алуға демеушілік көрсетілгенін жеткізді. Сонымен қатар, осында жиі жиналуы көзделген ауыл жастары өзара еркін сұхбаттасып, пікір алмасу жолымен көкжиектерін кеңейте алады. Тағы бір маңызды да өзекті мәселе, өскелең ұрпаққа үнемі жаңартылып отыратын кітап қорынан табысты кәсіпкерлік сырларына қанығып, сәтті мысалдармен танысуға мүмкіндік туатын болады.

«Міне ағымдағы жылдың қазан айынан бері зиялы ұлт құру бағдарламасына кірістік. Алдымызда мұрат еткен белес, ол – ауылдық ортадағы жастардың деңгейін көтеріп, алдағы биік асуларға ынталандыру, қаладағы қатарластарымен теңестіру. Сондықтан, біз, әрбір ауылда осындай кітапханалар ашқымыз келеді. Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін, отандастарымыз көп кітап оқуы керек. Жеке тұлғаны мықты етіп қалыптастыратын әлеуметтік желіге салынатын жазбалар мен суреттер емес, кітап. Өйткені кітапсүйер ұлт қана кемелденіп, гүлденеді. Мысалы Америкада миллиардерлерге табысқа жету құпиясымен бөлісуге сұрау салғанда, оларды ең бастысы білімге, кітап оқуға зор құлшыныстың біріктіретіні байқалған», - деп әңгімелеген Нұржан Бауыржанұлы жастарды діңгегінен ажырамауға шақырды.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары болашақта айқын қажеттілік аңғарылса, тағы да қосымша іскерлік, тілдер үйрену, басқа да салалар тұрғысында кітаптарды тарту етуге әзір екендіктерін мәлімдеді. Бұдан тыс, коворкинг-орталық сипатындағы мекеме компьютер-ноутбуктермен жабдықталып, тұрақты түрде кітап авторлары мен белгілі бизнесмендер қонақта болып, дәріс оқымақ. 

Акцияға жиналған ұстаздар мен оқушылар, жергілікті атқарушы билік өкілдері, кітап оқуға құмар қалың бұқара бұл қадамды қуана қабылдағандарын білдіріп жатты. Әсіресе, жас толқын құнды мәліметтерге армансыз сусындайтындарын айтысып, мәре-сәре күйге түсті. 

Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова кейбір кедергілерге қарамастан, оқу үлгерімі үздік ұстайтын ауыл мектептері оқушыларын тұтас ел мақтан тұтатынын атап өтіп, кәсіпкерлер жанашырлығының лайықты бағасын алатынына сендірді.   

Қосшы №1 орта мектебінің оқушылары аға буынға алғыстарын жолдап, мерекелік лентаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев пен Ақмола облысы Целиноград ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев қиды.

Шара соңында Нұржан Әлтаев «Атамекен» ҰКП атынан сыйланған «100 шағын бизнеске арналған жоба» кітабына қолтаңбасын қойып, қабырғадағы тақтаға тілек-лебізін қалдырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Оӊтүстік Қазақстан облысы "Кітап сүйер ұлт" республикалық қозғалысына үн қосып, Леңгір орталық кітапханасына жаңа жиһаз бен кеңсе техникасы, үш тілде кітап қоры табысталды.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер