Қарасораны да кәдеге жаратуға болады
Кәсіпкерлер палатасында «Жасыл» құрылыстың тәжірибесін өркендету және Қазақстанда қарасораны жасыл экономика саласы ретінде дамыту» атты дөңгелек үстел өтті
Кездесудің мақсаты – «Астана Экспо-2017» көрмесі қарсаңында Қазақстанның жасыл экономика тұжырымдамасына өтуіне қолдау көрсету. Техникалық қарасораны өсірудің зор пайдасы бар. Соңғы он жылда әлемдік есірткі емес қарасора нарығы нөлден бірнеше жүз миллиард долларға көтерілген. Қарасорадан 50 мыңдай қалдықсыз өнім жасалады. Оның арасында композиттер, емдік маталар, құрылыс заттары, майлар, биожағармайлар бар. Шараның ұйымдастырушылары алматылық кәсіпкерлерге әлемдік және қазақстандық тәжірибенің маңызы туралы әңгімелеп берді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасында арнаулы жұмыс тобы құрылып, оған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Қазақстан ұлттық аграрлық университеттің профессоры Серік Оразбаев пен «Жасыл экономика коалициясының» ғылым мен инновация жөніндегі директоры Сергей Ивлев мүше болды. Биыл Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 40 га жерге украиндық техникалық қосұрықты вискозды «Гляна» атты қарасора сұрпы егілді. Бұл сұрыптың талшық деңгейі өте жоғары (30%).
«Қарасора материалдары мүлде шірімейді. Оларға зең түспейді. Жәндіктер бүлдірмейді. Кеміргіштер кемірмейді. Өйткені, құрамында фитонцидтер бар. Ауа жақсарып, жұқпалы аурулар жұқтыру қаупі азаяды. Қарасораның діңінен фибролиттік кесектер жасауға болады. Бір гектар қарасора 5-6 текшеметр сүрек береді. Ал, орманда өсетін ағаштар тек – 2,7-3,2 текшеметр сүрек береді», – деп атап айтты Украинаның қарасора қауымдастығының өкілі, қарасорадан жылытқыштарды ойлап тапқан өнертапқыш Сергей Коваленко.
Кездесудің қатысушылары Қазақстанда қарасора өсіру үшін алдымен заңнаман дайындау керектігін алға тартты. Бұл өсімдік бүлінген жер қыртысын қалпына келтіреді, ауыр металдарды жояды. Бір гектар қарасора 2,5 тонна көмірқышқыл газын жұтып қояды. Украина үкіметі қарасораны Чернобыль АЭС оқшаулаған аумақтағы жерді тыңайту үшін қолдануды қарастырып жатыр екен. Жапон үкіметі украиндық тәжірибені пайдалана отырып, қарасораны ядролық апат болған Фукусима-1 атом электростанциясының зардаптарын жоюға пайдаланбақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: