astana-view

Жеміс пен көкөніс тапшылығын жою үшін не істеу керек?

2016 жылғы 01 Қараша
4970 просмотров

Қазақстанда жидек пен көкөністің барлық түрін өсіруге, ішкі, сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік мол. Мәселен, құмды жерлерде цитрус дақылдары жақсы өнім берсе, құнарланған сазды топырақ  жүзімге қолайлы. Алайда бұған қарамастан жеміске пен көкөністің маусымдық тапшылығы байқалады.

Мамандар мұндай тапшылықты болдырмау үшін заманауи жылыжайларды көбейту қажет дейді. 

Бұл бағытта ауылдық жерге бағытталған жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы саласын дамыту стратегиясы да бар. Мұның аясындағы «Агробизнес-2020» бағдарламасы: «Жылыжай шаруашылықтарының желісін құру және қолданыстағыларын дамыту» инвестициялық бағдарламасы кәсіпкерлерді несиелендірумен айналысады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, соңғы екі жылда «КазАгро» холдингінің қатысуымен 31 га жылыжай салу үшін 1,3 миллиард теңге субсидия бөлінген.

Демек кәсіпкерлерге жылыжай салу үшін мемлекеттік қолдау да, нарықтық мүмкіндік те бар.

Егер Сізді шағын жылыжай бизнесі қызықтырса, онда мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін мына талаптарды ескеру қажет:

  • Кәсіпкерлікпен айналасу құқығына ие болуыңыз абзал. Шарт бойынша төлемге қабілеттілігіңіз ескеріледі, жобаға кететін қаржының жалпы кұнының 15% салуға мүмкіндігіңіз болу керек.
  • Соңғы үш ай көлемінде сіздің ешбір салықтық берешегіңіз болмауы тиіс. Кәсіпорыныңыз қайта құрылу, жойылу, банкротқа ұшырау тәртіптерін қолдануға жатпағаны жөн.
  • Сондай-ақ, мерзімі өтіп кеткен несие берешектеріңіз немесе жағымсыз несие тарихыңыз болмауы тиіс.
  • Сізде жоба шеңберінде алынған инвестициялардың қайтарылуын кепілдендіру үшін жеткілікті кепілдікті қамтамасыз ету немесе басқа да ресурстар болуы тиіс.
  • Жобаны іске асыру үшін қасыңызда білікті мамандар болуы қажет.
  • Қолыңызда тиісті басқару органдарының және әлеуетті ортақ несие берушілердің тарапынан жобаны қолдау қуаттамасы, сондай-ақ, инвестициялық жоба бойынша құрылған жан-жақты бизнес-жоспар болу керек.
  • Ұсынған жобаңыз пайдалы және талап еткен сомаңыз жобаның өтімділігіне арналған жоспарлы мерзімге сәйкес келуі шарт.
  • Жобаны жүзеге асыру үшін заманауи технологияларды пайдалануыңыз керек.
  • Жылыжайға арналған жер телімі барлық қажетті коммуникациялармен (су құбыры, электро-жылу жабдықтар) қамтылуы тиіс.
  • Сондай-ақ, жобаны іске асыру барысында сіз пайдаланатын жер телімі еш кедергісіз кепілдік ретінде өтуі мүмкін.

«Агробизнес-2020» бағдарламасы: «Жылыжай шаруашылықтарының желісін құру және қолданыстағыларын дамыту» инвестициялық бағдарламасы бойынша несиелеу шарттары аймақтардың климаттық жағдайына байланысты ерекшеленеді.

Мәселен, несие алушы Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтардың тұрғыны болса, онда жылыжайға арналған алаң 3 гектардан, Батыс Қазақстан аймақтары  бойынша 1 гектардан кем емес болуы керек. Бағдарламаға сәйкес құрылыс өнеркәсіп үлгісінде салынуы тиіс. Оның сыртқы жабындысы шыныдан немесе поликарбонаттан жасалып, ішіне фитожарықтандыру құрылғылары орнатылуы керек. Жылыжай өнімділігі жеміс-көкөніс дақылдары болмайтын маусымдық кезеңдерде жоспарлы шығымдылық көрсеткіштерін қамтамасыз етілуі керек. Оңтүстік Қазақстан аймақтары бойынша жылыжай алаңы 3 гектардан кем емес, өнеркәсіп үлгісіндегі, фитожарықтандыру технологиясын қолданумен немесе онсыз, қолайлы климатқа сәйкес әр түрлі жабындылардан жылыжай кешендерін құру қарастырылған.      

Анықтама:

2015 жылдағы есеп бойынша Қазақстандағы жылыжайлар көлемі 124 гектарға артты. Оңтүстік Қазақстан жылыжай шаруашылығы бойынша көш бастап тұр. Бұл өңірдегі жылыжайлардың жалпы аумағы – 1000 гектардан асты. Шымкент өңірінің кәсіпкерлері шағын жылыжайлар шаруашылығына қызығушылық танытып, көкөністің түр-түрін өсіріп отыр. Екінші орындағы Алматы облысында – 67,3 гектар жерде 399 жылыжай, соның ішінде 26,9 гектарда 12 өнеркәсіп жылыжайы жұмыс істейді. Алматы облысындағы жылыжайлардың 52%-ы – мемлекеттің қолдауымен салынған жоғары технологиялы нысандар. Жамбыл облысында 24,2 гектарды, Қарағанды облысында 21,5 гектарды құрайтын жылыжайлар өнім беруде.

Қазіргі таңда Қазақстан нарығында қыс, көктем айларындағы көкөністерге, гүлдерге сұраныс өте жақсы. Мауысымдық кезеңде шетелден келген өнімге тәуелдіміз. Қазақстан жылыжайлары қауымдастығының президенті Қанат Қошманның айтуынша, қысқы маусымда тұтынатын 87 мың тонна жылыжай өнімдерінің 25 мың тоннасы ғана өзімізде өндіріледі. Қалғаны сырттан тасымалданады. RFCA Ratings мәлеметтеріне сүйенсек, отандық жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, көк шөп егіледі екен. Қазақстанның ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз ету үшін тағы ең кемі 200 жылыжай кешені салынуы тиіс. 90-жылдардың басында елімізде жалпы аумағы 560 гектарды құрайтын (оның ішінде үлбірмен қапталған жылыжайлар үлесі – 58,5%) жылыжайлар жұмыс істеген. Жылыжай шаруашылығы – табысты кәсіпкерлікпен айналысудың әрі отандық нарықты қымбат импорттан арылтудың ұтымды жолы.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер