astana-view

Ет өңдеудің өз құпиясы бар

2016 жылғы 01 Қараша
- Жетісу облысы
8782 просмотров

Облыс кәсіпкерлеріне ет өнімдерін тиімді өңдеу тәсілдері көрсетілді

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығы бірлесе отырып, «Етті дұрыс өңдеу арқылы өндіріс тиімділігін арттыру» атты семинар ұйымдастырылды. Семинар бұрынғы алматылық ет өңдеу комбинаты – «КонЕт» ЖШС ауқымында өтті. Семинарға Жамбыл, Балқаш, Талғар аудандары мен Қапшағай, Алматы қалаларының ет өңдеуші кәсіпкерлері қатысты.

Семинарда дәріс оқыған Қожабек Төлешов ет өңдейтін кәсіпорындардың экономикалық мүмкіндіктері, ет өндірісінің технологиялық ерекшеліктері, жаңа технологиялар мен заманауи құрылғылар туралы әңгімеледі. Оның үстіне қатысушылар мемлекеттік қолдау мен кооперацияның нарықтағы артықшылықтары туралы білді.

Қатысушылар осы саладағы жұмыстарды жақсартудың амал-тәсілдерін ортаға салып, өзара пікір алмасты. Тәжірибе сабағында қатысушыларға мал союдың, етті жіліктеп, бөлшектеудің қыр-сырын, оның терісін қалай илеу керектігі түсіндірілді. Ет өңдеудің, консервілеудің технологиясы және өндірістік желісі таныстырылды. «КонЕт» ЖШС шаруашылығында жұмысқа қажет барлық ілгіштер, бөлшектейтін, жіліктейтін құрылғылар, тоңазытқыштар бар. Бүгінгі таңда аталмыш ЖШС айына 150 тонна ет дайындап, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. «КонЕт» ЖШС тоңазытылған еттер, шұжықтар мен консервілер сатады.  

Семинарға қатысқандардың көбісі бұл істі жүргізу үшін ветеринарлық заңнамаға бағыну керектігін байыптады. Малдар арнаулы жерлерде сойылуы тиіс. Ол жерде арнайы сою құралдары болуы керек. Ет өнімін дайындау үшін барлық санитарлық норма сақталуы қажет.

«Семинарға қатысқандар құқықтық актілердегі өзгерістер туралы айтты. Мәселен, ветеринар мал союға бастан-аяқ қатысып, ол малды дұрыстап қарап шығуы, сосын еттің сапасын тексеруі, малдың құжатымен танысуы тиіс. Мұның бәрі қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына зиян тигізбеуге бағытталған шаралар», – дейді ет пен ет өнімдерін өңдеу бойынша сарапшы Серік Түменов.

Семинар соңында әр қатысушыға семинарға қатысқанын растайтын арнайы сертификат табыс етілді. Алматы облысындағы шаруа қожалықтардың 2000 мыңнан астам өкіліне 133 семинар өткізілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер