astana-view

Сыйақының орнына айыппұл!

2016 жылғы 01 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
7709 просмотров

Бухгалтерлердің пікірінше, артық есептелген ұжымдық кіріс салығы үшін салынатын айыппұлды алып тастау қажет

Өңірлік кеңестің жанынан құрылған Бухгалтерлер клубының мақсаты – облыстағы кәсіпорындардың бухгалтерлеріне Салық кодексіне және басқа да нормативті-құқықтық құжаттарға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, түйткілді мәселелерді олармен бірге талқылап, шешу жолдарын іздестіру.

Клубтың кезекті жиыны кәсіпорындарда жұмыс істейтін бухгалтерлердің нақты мәселелерін талқылауға арналды. Сондай мәселелердің бірі – ұжымдық кіріс салығы бойынша аванстық сомаларды есептеу. Ұжымдық кіріс салығы бойынша аванстарды салық кезеңіндегі түзетулерді есепке алғандағы жылдық жиынтық кірісі 325 000 АЕК-тен асқан салық төлеушілер төлейді.

Бұл мәселе ұжымдық кіріс салығы бойынша аванс төлейтін көптеген ірі компанияларға ортақ болғандықтан, кездесуге ұжымдық кіріс салығы бойынша аванстық төлем төлейтін кәсіпорындардың бухгалтерлері мен БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілдері шақырылды. Өйткені салық кезеңіндегі ұжымдық кіріс салығының сомасы салық кезеңі ішінде есептелген аванстық төлем сомасының жиырма пайызынан асып кетсе, нақты салықтан асып кеткен соманың қырық пайызы көлемінде айыппұл салынады.

«Архар Бизнес» ЖШС бас бухгалтері Ирина Постольникова барлық қатысушылар атынан Салық кодексі мен ҚР Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодексіне осы бап бойынша айыппұлды алып тастау туралы өзгеріс енгізуге ұсыныс білдірді. «Негізінен ұжымдық кіріс салығын арттырып, бюджетті толықтырғанымыз үшін, бізге сыйақы берулері қажет, – дейді Ирина Постольникова, – Ал олар бізге миллиондаған айыппұл салып, жазықсыз жазалап отыр».

«Бұл көп жылдан бері келе жатқан мәселе, біз оны бір орнынан жылжыта алар емеспіз, – дейді «Шағын бизнес орталығы» қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова. – Қисынды тұсы қайда? Белгісіз. Барлық жерде бизнеске қысым көрсетілмеуі керек дейді де, қосымша салық салып, кәсіпорындарға қысым жасайды». Мемлекеттік кірістер басқармасының Орал қаласы талдау және тәуекелдер бөлімінің бас маманы Иралия Стрельцованың бизнесті тәртіпке келтіріп жатырмыз деген уәжіне Шолпан Махмудова былайша жауап берді: «Бизнесті тәртіпке келтірудің қажеті жоқ, ол салынған қаражаттармен өзін-өзі тәртіпке келтіреді. Жақсы жұмыс істеп, ұжымдық кіріс салығы бойынша төлемдерді арттырғандармен емес, заңды бұзған кәсіпорындармен күресу керек».

Осы мәселе бойынша туындаған пікірталас нәтижесінде, кәсіпорындардың өкілдері, Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне нақты есептелген ұжымдық кіріс салығы сомасын арттырып жібергені үшін айыппұл түріндегі жазаны алып тастау қажеттігі туралы хат жазу жөнінде ортақ байламға келді.

Күн тәртібіндегі басқа да мәселелер қызу талқыланды: электронды шот-фактураларды толтыру тәртібі, ЕАЭО-ға мүше елдердің өзара сауда-саттығы шеңберінде жекелеген тауарларды есепке алу, мұнай өнімдерін (басқа да тауарларды) ҚР аумағына немесе ҚР аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне тасымалдау, шығарып тастау тізіміне енгізілген тауарларды тасу тетіктері.

Айта кетерлігі, Бухгалтерлер клубының кезекті күнтәртібінде күнделікті тәжірибеде туындайтын өзекті мәселелер талқыланады. Сондай-ақ заңнамадағы өзгерістерге қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер