astana-view

Жас дизайнерлер өз туындыларын ұсынды

2016 жылғы 02 Қараша
- Астана қаласы
9160 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен елордада  «Fashion Start-up Kazakhstan» (FSK) трейд-шоуының ашылу салтанаты өтті

Шара мақсаты – Қазақстан жеңіл өнеркәсібін дамыту мен жас дизайнерлерді қолдау.

Аталған шараға жас әрі тәжірибелі дизайнерлер, байерлер, тігін бұйымдарын өндірушілер, ателье, шеберхана, фабрика өкілдері және де мата, фурнитура, аяқ киім, аксессуар өндірушілер мен дистрибьюторлар қатысты.

Ұйымдастырушы тарап – Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы, «Дизайн мен сәннің бірінші елордалық мектебі» ЖШС өкілдері – трейд-шоудың сахналық көрсетілімдерге балама бола алатынын айтады. Жабық сипаттағы тәжірибе алмасу барысында дизайнерлер өз өнім топтамаларын шоу-румдар мен бутиктерге киім сатып алуды жүргізетін мамандарға, яғни байерлерге көрсетіп, оның жемісінде сауда келісіміне қол жеткізіледі. Трейд-шоу, сарапшылардың пікірінше, отандық дизайнерлердің қазақстандық нарыққа шығуына тамаша мүмкіндік. 

Жабық көрсетілімде Қазақстанның 11 жас куюрьесі өз туындыларын назарға ұсынды.

Жобаның сарапшылары мен құрметті қонақтары ретінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева, «Дизайн мен сәннің бірінші елордалық мектебі» ЖШС директоры Ольга Крюкова және Қазақстан мен Орталық Азиядағы «Roma Fashion Week» (RFW) ұйымының өкілі Қанат Сауранбаев шара ортасынан табылды.

«Жалпы бизнесті бастап кету оңай емес. Оның үстіне бұл салада. Себебі дизайнерлер – шығармашылық адамдары. Шығармашылықты күнделікті өмір ауыртпалықтарымен, экономикалық сын-қатерлермен қатар алып жүру өте ауыр. Бизнес тек қиялдан тұрса жақсы ғой, белгілі бір дағдыларды үйреніп, іс тетіктерін меңгеру керек. Ал бұл жерде Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы көмекке келеді. Біздің алаңда болып, білімдеріңізді толықтырыңыздар», - деп ой тастады Бағила Бисембаева.

Шара аясында сәндік көрсетілім, «Қазақстандағы fashion-индустрияның даму мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел, дизайнерлерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сабақтары, сондай-ақ, «Roma Fashion Week» (Рим, Италия) шарасына отандық дизайнерлердің тегін қатысуына арналған іріктеу туры өтті. 

FSK аясында шоу-рум ресми шымылдығын түріп, онда бес күн бойы трейд-шоуға қатысушы жас дизайнерлердің өнімдері таныстырылатын болады.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, алдағы уақытта трейд-шоу жылына екі рет – «Күз-Қыс» және «Көктем-Жаз» маусымдарында өткізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер