Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» экспорт көлемін арттырумен айналысуда
Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер, өнімді сыртқы нарыққа шығаруға кедергі болып отырған мәселелерді алға тартты
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасарлары Нұржан Әлтаев пен Дана Жүнісованың, мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтар мен бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелеріне арналған отырыс болып өтті.
Гүлмира Исаева Ұлттық палатаға кездесу ұйымдастырғаны үшін өз алғысын білдіріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық өнімді экспорттауға кедергі болатын мәселелерді шешуге әзір екенін жеткізді. «Біз қазір мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар үшін, өнімдердің барлық түрлерінің түрлі нарыққа шығуына қатысты, нақты пункттері мен тапсырмалары бар Жол картасын жасап жатырмыз. Бұл ретте, бірнеше нарыққа басым бағыт беріледі. Олардың арасында ЕАЭО, Қытай және Еуропалық одақ та бар. Біз сіздерді тыңдауға, қандай мәселелердің бар екенін білуге келдік», – деді ол.
Нұржан Әлтаев, өз кезегінде, Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің көрші елдерге жөнелтілетін экспорт көлемі, бүгінде, өте аз мөлшерді құрайтынын алға тартты. Осылайша, қазақстандық өнімнің Ресейге жөнелтетін импорт көлемі бір пайыздан асып жығылады екен. «Ал, Ресей Федерациясы, жыл сайын 26 млрд доллардың өнімін импорттайды. Қытай жыл сайын 115 млрд доллардың өнімін импорттап келеді. Ал, мұндағы біздің үлесіміз 0,1%-дан аспайды. Көрші елдер бола тұра, 1700 шақырымдық ортақ шекарамыз бола тұра, экспорт көлемінің осындай көрсеткішті құрауы – ұят нәрсе. Бұған біздің, бидай, өсімдік майы, ет және басқа да өнімдер әлеуетін қосып қойыңыз», – деді ол.
Кәсіпкерлер арасынан бірінші болып Қазақстанның ет одағы басшысы Мақсұт Бақтыбаев сөз алды. Ол Қытайға экспорт жасау процедурасы жайлы толық ақпаратты қайдан алуға болатыны жайлы сұрақ қойды. Мәселен, ол үшін қандай рұқсат алу керек, қандай мерзімде және эспорттаушы болу үшін, не істеу қажет деген сынды сауал жолдады.
Вице-министр, өз кезегінде бұл ақпарат АШМ және «Атамекен» сайттарында бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол ондағы ақпарат қарапайым әрі барлық қадамдар слайдтар арқылы көрсетілгендігіне тоқталды. «Бізге біртіндеп Қытай нарығын жаулап алу қажет. Және барлық кері салдарларды ескергеніміз жөн. Қытай нарығына шығуда ешқандай келеңсіздікке жол бермеуіміз тиіс. Барлық ақпарат ашық. Біз, Қытайға тауар жеткізушілерді таңдауда субъективтілікке, жемқорлыққа қатысты бөтен ой болмауы үшін, әдейі «Атамекен» арқылы қолға алуды жөн санадық. Процедура бәріне етене таныс, барлық халықаралық ережелерге сай келеді. Дәл осындай шараларды біз ЕАЭО нарығына шыққысы келетін шетелдік жеткізушілерге де қолданамыз. Біз «Атамекенмен» бірге тұрақты түрде ақпаратпен ғана алмасып қоймай, сондай-ақ, сіздермен бірге қандай да бір шараларды қолға алатын селекторлар өткізбекпіз», – деп атап өтті Г.Исаева.
Дана Жүнісова кәсіпкерлерге оларға қажет барлық ақпарат орналасқан Ұлттық палата сайтын қолдануға шақырды. «Біз кездесулер өткіземіз, олардың нәтижелерін ҰКП-ның palata.kz сайтында жариялап отырамыз. Бұл ретте біз сайтқа таныстырылым түрінде, жаңалық ретінде беріп отыратынымызды ескере кетейін. Біз сайтта тек ветеринария, экспорт аясында фитосанитария, сонымен қатар, Одақ аумағындағы тауар айналымы және оның үшінші бір елдерге өткізілуі туралы бөлімдер аштық. Осы орайда, Сіздерді үнемі сайтты қадағалап отыруға шақырамын. Бізде сауалдарыңызға жедел түрде жауап беретін арнайы блог та бар. Сондай-ақ, кедергілер реестрі де бар. Ол онлайн режимінде жұмыс жасайды. Сіздер осы арқылы да көкейде жүрген сауалдарыңызды қоя аласыздар», – деді ол.
М.Бақтыбаевтың айтуынша, қазақстандықтарды Қытай нарығына шығатын өнімдердің бағасын алыпсатарлардың көтеріп жіберетіні алаңдатып отыр екен. Бұл ретте, ол бірінші кезекте мал семірту алаңдарындағы ет мөлшерін реттеу тетігін енгізу туралы ұсыныс айтты. Яғни, бекітілген ережеден артық мөлшерде шығарылатын көлемді экспорттау туралы ұсыныс білдірді.
Гүлмира Исаева өз кезегінде, әр кәсіпкер Қытайға ет жеткізе алмайтынына тоқталды. «Етке деген қытайлық стандарт талаптары мен стандарттар бар. Және қытайлық сарапшы топ инспекциясынан өту процедурасын да ескерген жөн. Олар ет өңдеуші комбинаттардың, мал семірту алаңдарының, жеткізуші фермерлік қожалықтардың осы процедураларға қаншалықты сай екенін тексереді. Процедура өте күрделі және кез келген кәсіпкер бұл тексеруден өте алады деп айта алмаймын», – деді ол.
Н.Әлтаев, бұл мәселедегі кооперацияның мыңыздылығына тоқталды. «Бұл ретте, көлемді орындау және оны сатуда кооперацияның рөлі ерекше», – деді ол.
«Бізде барлығы 20 ірі мал бордақылау алаңдары бар. Олардың әрқайсысы 1,5-2 мың тоннадай ет дайындай алады. Сәйкесінше, 50 мың тонна етті келесі жылы жөнелте аламыз», – деді Ет одағының басшысы.
Нұржан Әлтаев, Қытай ішкі сауда ұйымымен кездесу туралы айтып, олар қазақстандық кәсіпкерлерді Қытайда 17 қарашада өтетін форумға шақырып отырғанын хабарлады. Форумда B2B кездесулері өтіп, ауылшаруашылық өнімдерін сатып алатын компаниялармен келіссөздер жүргізілмек.
Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, қытайлықтар Грузиямен арадағы ынтымақтастық туралы айтып берген екен. Оның негізінде Қытай және Грузия арасында онлайн сауда алаңы құрылған. «Біз де осы сынды онлайн-сауда алаңын құру туралы мәселе көтерген едік. Әзірге тек олар бізден сатып алғысы келетін тауарлар туралы ақпарат ұсынатын, қарапайым ақпарат алмасу алаңын құрсақ жеткілікті деп санаймын», – деді ол.
Сонымен қатар, Нұржан Әлтаев, келер жылы «Бір белдеу – бір жол» Қазақстан-Қытай шекара форумын өткізу жоспарланып отырғандығын айтты.
Бұдан бөлек, ол Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына іссапары барысындағы қол жеткізілген келіссөздер туралы хабарлады. «Онда Ислам даму банкімен келіссөздер жүргізілген. Олар қазір араб елдері өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруда. Сол себепті, Қазақстан аумағында ірі ауылшаруашылық жобаларын жүзеге асырып, тек біздің ел аумағында ғана азық-түлік сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Біз шамамен бір айдан кейін, Қазақстанның ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесу өткіземіз. Онда қандай да бір жобасы бар, алайда қаражаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге басымдық беріледі. ИДБ оларды қаржыландыруға дайын. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы кәсіпкерлері тарапынан осы өнімдерді сатып алуға әзір кәсіпкерлер де бар. Жоспар бойынша, бір айдан кейін ірі басқосу өткізіп, барлығын шақыратын боламыз», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.
Кәсіпкерлер тарапынан сонымен қатар, басқосуда СҚО-дан келген «Атай СК» құс фабрикасы өкілі де сөз алды. Компанияның Санкт-Петербургте еншілес құрылымы бар және ритейлерлер арқылы жұмыртқа сатумен айналысып келеді екен. Кәсіпкердің айтуынша, Санкт-Петербургтегі желілер ветеринарлық сертификаттан бөлек, қосымша құжат – сәйкестік сертификатын талап ететін көрінеді.
Дана Жүнісова аталған мәселені бақылауға алатынын айтты. «Бұл кедергі заңсыз жасалып отыр. Біз ресейлік сауда желілерімен байланысатын боламыз», – деді ол.
Гүлмира Исаева, өз кезегінде, өнімнің ветеринарлық бақылау және қадағалауына қатысты, кез келген ішкі бақылауды сүйемелдейтін жалғыз құжат ветсертификат екенін жеткізді.
«Eurasian foods» компаниясы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қытайға тауарды экспорттау бойынша Жол картасына терең өңдеуді қажет ететін өнімді енгізу туралы сауал қойды.
«Терең өңдеуді талап ететін өнімдер, көп жағдайда ешқандай келісімді қажет етпейді, себебі, олар тәуекелі төмен өнімге жатады.
Халықаралық ережелерге сәйкес, бұл тұста, қандай да бір қосымша келісім, сертификат немесе инпекция жасау талап етілмейді», – деп жауап берді Г.Исаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: