Түркияның бизнесті дамытудағы тәжірибесі зерделенеді
Бұл мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының аталған елге сапары бір аптаға жалғаспақ
«Атамекен» ҰКП делегациясы түркиялық «KOSGEB» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау ұйымында кәсіпкерлікті кешенді қолдау саласы аясында жан-жақты тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.
Анкара сапарының алғашқы күні «KOSGEB» топ-менеджерлерімен кездесуден басталды. Түркияның құзырлы мемлекеттік мекеме өкілдері компания тарихы туралы, бастапқы және жұмысы жолға қойылған бизнесті қолдау тетіктері жайлы жан-жақты баяндады. «KOSGEB» президенті Режеп Бичер Түркия Республикасының негізі бизнес бағдарларын дамыту бойынша мақсатты көрсеткіштерден құралатын мемлекетті дамыту стратегиясы туралы әңгімеледі. Тиісті мерзімге дейін экспорт көлемін 500 млрд долларға дейін арттыру көзделген. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 млрд долларды құрауда екен.
«KOSGEB» бизнестi дамыту ұйымы шағын және орта бизнес субъектілеріне тегін қызмет көрсетеді. Елдегі жұмыс орындарының басым бөлігін шағын және орта бизнес иелері қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, KOSGEB ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға ерекше назар аударуда. Түрік мемлекеті 2014 жылы «KOSGEB» ұйымына 210 млн доллар бөлген. Бұл соманың шамамен 130 млн доллары кәсіпорындарды қолдауға жұмсалған. Бұл сандық көрсеткіштер Түркияның кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып отырғандығын айғақтайды.
«Түркиядағы шағын және орта бизнестің тармақталуы біздің елдікімен ұқсас, дегенмен бұл жақта «микробизнес» деген ұғым жақсы қалыптасқан. Біз Ғылым, индустрия және технология министрлігімен де кездестік. Ерекше таңқалдырған жайт – министрліктің атауы болды. Түркияда ғылым мен бизнестің байланысы қаншалықты тығыз екенін көрсетіп тұр», – дейді «Атамекен» ҰКП Әкімшілік департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Оразғалиев.
Индустрия және технология департаменті 2011 жылға дейін Өнеркәсіп және сауда министрлігінің құрамында болған. Аталған департаментті ғылым министрлігімен біріктіруге шешім қабылдаған түрік әріптестер ғылым мен заманауи технологияның және бизнестің ықпалдастығын орната білген. Түркиялықтар министрліктің құрамын жаңарту арқылы ғылыми-зерттеу орталықтарына 2,5 млрд доллар қаражат бөлген. Машина жасау, химия өнеркәсібі салаларындағы ғылыми зерттеулер ерекше қарқынға ие.
«KOSGEB» шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі ұйымымен тәжірибе алмасу үшін өткізіліп отырған іссапар бағдарламасы бір аптаға созылмақ. Түркия экономикалық әлеуеті бойынша Еуропада және әлемде жетекші орындардың қатарында. Экономиканы дамытудың тиімді жолының бірі шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету екені белгілі. Бизнес саласындағы түрік сарапшыларының мол тәжірибесі Қазақстан мамандары үшін маңызды болатыны даусыз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: