astana-view

Әр тексеріс – бизнес үшін күйзеліс

2016 жылғы 03 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
7426 просмотров

Тексерістердің азаюына қарамастан бақылау және қадағалау органдары кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзуды жалғастырып келеді

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында кәсіпкерлік субъектілерін тексеру кезінде бақылау-қадағалау органдары жіберетін заңбұзушылық мәселелеріне көп көңіл бөлінді.

Осы мақсатта күнтәртібіне кәсіпкерлік субъектілерін тексеру кезінде бақылау-қадағалау органдары жіберетін олқылықтар мәселесі қойылды. Прокуратура қызметкері Кеңес мүшелеріне жыл басынан бері орын алған бақылау-қадағалау органдарының тексерістері жайлы баяндады. Соңғы жылдары тексерістердің азайғанына қарамастан, бақылау және қадағалау органдары кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзуды жалғастырып жатқанын жеткізді.

Барлығы 17 құқықбұзушылық деректері анықталып, оларды жою үшін 5 қадағалау актісі енгізілген. Статистика бақылаушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерін тексеруі жыл сайын азайып келе жатқанын көрсетеді. 2011 жылы 19 мың (19546) тексеріс жүргізілсе, 2016 жылы тек 5 мың (5335) тексеріс тіркелген, яғни 4 есе аз.

Кеңес мүшелері тексерістердің 46%-ы нәтижесіз болғанына назар аударып отыр, яғни, оларда қандай да бір заңбұзушылық орын алмаған. Кеңес мүшесі, кәсіпкер Ляна Тұрсынова осындай тексерістердің қаншалықты қажет екені туралы орынды сұрақ қойды. «Бизнесті тексеруді азайту қажеттілігі туралы қанша айтсақ та, облыстық прокуратура есебі тексерулердің көбі жоспарлы түрде жүргізілетінін көрсетіп отыр», – деді Ляна Тұрсынова.

«Бизнесті тексеру тек қажет жағдайда ғана жүзеге асуы үшін біз осы мәселені көтеріп отырмыз, – дейді Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Қайдар Қапанов. – Артық тексерістер – кәсіпкер үшін күйзеліс. Ал біздің міндет – бизнестегі күйзелісті азайту».

Кеңес мүшелері облыс прокуратурасы анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық ықпал ету актілері мен заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізгенін назарға алды. Дегенмен олар заңбұзушылықтардың уақыт өте келе қайталана бергеніне көңіл аударып, бұл шаралар аздық етеді деген пікір айтты. Осыған байланысты, Өңірлік палатаға облыс прокуратурасымен бірге осы мәселе бойынша бақылауды жалғастыруға кеңес берілді және 2016 жылдың қорытындылары бойынша кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің талқылауына қайта салуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер