Қазақстан мен Қытай автокөлік құрастыруда серіктестікті нығайтады
Қазақстан және Қытай Премьер-министрлерімен өткен телекөпір кезінде AllurGroup компаниясы Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорынында құрастырылып жатқан JAC автомобильдерін таныстырды
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚХР Премьер-министрі Ли Кэцян, серіктес компаниялардың басшылары – Anhui Jianghuai Automobile Co ltd (елімізде ол JAC Motors атымен танымал) компаниясы бас директорының орынбасары Ю Янг пен AllurGroup директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысқан.
Көліктерді салтанатты таныстыру кезінде Андрей Лаврентьев қытайлық China National Machinery IMP. & EXP. CORP инвестициялық компаниясы мен JAC Motors компаниясы арасындағы серіктестік нәтижесі туралы әңгімеледі.
«Біз JAC Motors-тың үш моделін бірлесіп құрастырмақпыз. Өндірісті әрі қарай дамыту үшін 28 млн доллар инвестиция салынды, оның 18 миллионын қытай инвесторлары салды. 2017 жылдың сәуір айында JAC S3 модельін дәнекерлеу, бояу процесі іске қосылады, оған қажет өнімнің 30%-ы Қазақстанда жасалады. Алдағы 3 жылдың ішінде жаңа автобөлшектер өндіру арқылы жергілікті өнімдердің үлесін 50%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Серіктестік құрудағы стратегиялық мақсатымыз – Кеден одағының нарығын бағындыру», – деді А.Лаврентьев.
JAC Motors компаниясы бас директорының орынбасары Ю Янг мырза Қазақстан-Қытай серіктестігінің даму көкжиегі кең деп мәлімдеді. Компаниялар серіктестікті дамытып және бизнесті жүргізудің әртүрлі форматын ойластырмақ. Мәселен, JAC DKD автокөліктер өндірісі жолға қойылған соң, 2017 жылдың алғашқы жартысында JAC S3 көлігін құрастыру, дәнекерлеу, бояу, жинау жұмыстары басталмақ. CKD желісі бойынша жылына 10 000 дана JAC S3 көлігі құрастырылады. Оны Ресейге экспорттау жоспарланған, алғашқы партиясы 2017 жылы жөнелтілмек.
«Қазақстанмен бірлесіп, қолға алған жобамыз жаңа деңгейге көтерілді. Қытайда барлық технологиялық құрылғылар шығарылады, біз келесі айда соларды жеткізуге күш саламыз. Компаниялар арасындағы серіктестікті нығайту жұмыстарын Қостанай қаласындағы Индустриалды аймақта жүргізбекпіз. Біз өндірістік тәжірибеміз бен жаңа технологияларымыздың арқасында, қазақстандық әріптестірімізбен бірге нарықтан өз орнымызды ойып алмақпыз», – деді JAC Motors компаниясы бас директорының орынбасары Ю Янг мырза.
Қазақстан – Қытай индустриализация мен инвестиция саласында AllurGroup тобына кіретін «СарыаркаАвтоПром» ЖШС мен China National Machinery IMP. & EXP. CORP (CMC) өндірістік алаңында өміршең жобалар дайындап жатыр. 2015 жылдың 7 шілдесінде Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында алғашқы стратегиялық серіктестік туралы келісімшартқа қол қойылды. Серіктестік шарттары бойынша CMС компаниясы Қостанай зауытындағы қытайлық жобаларға қаржылай қолдау көрсетеді.
Осы жылдың алғашқы он айында AllurGroup зауыттарында 5352 автокөлік құрастырылды. Қазіргі кезде «СарыаркаАвтоПром» ЖШС өндірістік базасында DKD тәсілі бойынша JAC автокөліктер өндірісі қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта SUV JAC S2 атты шағын модель дайындалмақ. 2017 жылы JAC бренді AllurAuto желілері арқылы 15 қалаға таралатын болады.
Салтанатты шараның соңында AllurGroup директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев JAC сауда маркасы Қытайда, яғни өз отанында зор сұранысқа ие екендігін атап өтті (ол бірнеше сегментте көш бастап келе жатқан бренд, әсіресе, автокөлік дизайны мен қауіпсіздік деңгейі бойынша), қазақстандық нарықта да өз тұтынушысын тауып, «Халық маркасы» ұлттық байқауында сенімге ие болды. Қытай JAC инновациялық жобаларымен, инженерлік-техникалық қуатымен, зертханаларымен, ғылыми-өндірістік алаңдарымен танымал болғандықтан, электромобильдер мен оған ұқсас көліктер де белсенді түрде нарықты жаулап келеді. Қазақстан-Қытай серіктестігі аясында AllurGroup қытайлардың экологиялық қауіпсіз көлік түрі – электромобильдер өндірудегі тәжірибесін қолданып жатыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: