astana-view

Шиеліде шағын бизнес дамып келеді

2016 жылғы 04 Қараша
- Қызылорда облысы
9982 просмотров

Палатаның Шиелі аудандық филиалы директоры есеп берді. Оған қатысқан «Атамұра» шаруа қожалығының басшысы Шопанбек Шыныбекұлы Палатаның жұмысына ризашылығын білдірді

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қызметкерлері шағын және орта кәсіпкерліктің 640 субъектісіне кеңес берген. Оның ішінде, кәсіпкерлік бастамаға мемлекеттік қолдау көрсету, жеңілдетілген несие алу және қаржылық институттармен жұмыс мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген екен. Есеп беру мерзімінде кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша 90-ға жуық шара өткізілген. Оның арасында, 50 қызмет бухгалтерлік және салық қызметі есептерін жүргізу мен статистикалық есеп құруға қатысты болса, құқықтық мәселелер бойынша 40 қызмет көрсетілген.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу», «Іскерлік қатынастар» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жобалар тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуды мақсат етеді.

«Бизнес кеңесші» жобасы бойынша жыл басынан бастап кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарын: наурызда – 27 адам, мамыр айында – 38, тамызда – 21 адам тәмамдаған. Нәтижесінде, 21 адам жеке кәсіп ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануда. «Іскерлік қатынастар» жобасы аясында «Спец транс и К» ЖШС директоры А.Әлиева, «Шафия» ЖК жетекшісі Ш.Жамалова, «Сүйіндік» шаруа қожалығының маманы Н.Аманжолов Шымкент қаласында өткен 2 апталық оқыту курстарына қатысқан.

Биылғы жылдың 9 айында Шиелі ауданы филиалына кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша 8 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 5-і несие алу, көшені жарықтандыруға қажет жоғары вольтты электр беру желілерін орнату, теміржол тұйықтар үшін рұқсат алу, ауылшаруашылық алқаптарын алмастыру, алкоголь өнімдеріне қажет лицензия алуға қатысты болған. Ал, сотта кәсіпкерлер құқығы мен мүддесін қорғауға атсалысуға қатысты үш өтініш келіп түскен.

Дәлірек айтсақ, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жерді мақсатты түрде пайдаланбай отырған «Атамұра» (178 га), «Әлішер» (39 га), «Байсын» (1528 га) шаруа қожалықтары үстінен сотқа шағым түсірген. Аудандық филиал тарапынан, аталған мәселе бойынша барлық қажет құжаттар жиналып, сот отырысы барысында, Қызылорда облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының шағымы кері қайтарылған. Нәтижесінде, аумағы 178 га, құны 12 млн 70  мың теңгені құрайтын «Атамұра» шаруа қожалығының, аумағы 39 га, жалпы құны 3 млн 208 мың теңге болатын «Әлішер» шаруа қожалығының, сондай-ақ, жалпы аумағы 1528, бағасы 73 млн 726 мың теңгені құрайтын «Байсын» шаруа қожалығының жері өз иелерінде қалған. «Алдағы уақытта да кәсіпкерлер құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысы жалғасатын болады», – деді Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов.

Сондай-ақ, жыл басынан бастап, «Бизнестің жол картасы» мен Қолдау көрсетудің бірыңғай бағдарламасы аясында ауданның 2 жобасына 47 млн 205 мың теңге көлемінде пайыздық мөлшерлемемен субсидия берілген.

Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы» мен Қолдау көрсетудің бірыңғай бағдарламасы шеңберінде, инновациялық қайтарымсыз грант беру бойынша, «Өңірлік үйлестіру кеңесі» қарауына 8 жоба жіберіліп, оның ішінде 3 жоба, жалпы құны 1 млн 662 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз грант ұтып алған.

Ал, «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламысының екінші бағыты бойынша, ауданның 30 тұрғыны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 74 200 теңгені құрайтын микронесиеге қол жеткізген. Нәтижесінде, 58 жаңа жұмыс орны құрылған.

«Біз Кәсіпкерлер палатасы мен барлық аудандық филиалдарда Прокурорлар кабинетін аштық.  Сонымен бірге, Палата жанынан Бухгалтерлер клубы мен Заңгерлер клубы құрылды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы жанында Өңірлік кеңес, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі, Іскер әйелдер кеңесі табысты түрде жұмыс жасап келеді. Біздің басты жетістігіміз – бұл «Микробизнес-Қызылорда» болып отыр. Жобаның тиімділігіне көз жеткізген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биылғы жылдан бастап қаржыландыруға үлес қосып келеді. Қазіргі таңда жоба аясында, жалпы құны  672 млн теңгені құрайтын 107 жүзеге асырылды. 400 адам жұмыспен қамтылды», – деді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Сонымен бірге, 47 жоба Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығының қарауына ұсынылған. Нәтижесінде, жалпы құны 130,1 млн теңгені құрайтын 19 жоба қаржыландырылып, 40 жұмыс орны ашылған.

Мәселен, өз кәсібін енді ашқан кәсіпкер Серікбай Нағашыбай Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Кәсіпкер алынған қаражатты «Тартоғай ауылында наубайхана ашу» жобасын жүзеге асыру үшін жұмсаған. Бүгінде наубайхана тәулігіне 3 тоннаға дейін нан-тоқаш өнімдерін шығарып, жергілікті ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда 2 адам жұмыс істейді.

Өңірлік даму картасына Шиелі ауданынан 2 жоба енген. Олардың бірі – жалпы сомасы  612 млн  теңгені құрайтын «Силикат кірпіші зауыты» жобасы. Жоба бастамашысы – «Шиелі Тас-Оңтүстік» ЖШС болып отыр. Жобаны жүзеге асыру арқылы, зауытта жылына 15 млн кірпіш шығарылып, 59 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал, екінші жоба – «Сыр суы» ЖШС «Таза ауыз су шығарушы зауыт» жобасы болып отыр. Зауыттың жалпы құны 1 млрд 235 млн теңгені, ал жобаның жылдық қуаты 6,5 млн литр суды құрап отыр. Жоба аясында 122 адам жұмыспен қамтылмақ.

Бүгінгі таңда, аталған жобаларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «АИРИ»  ЖШС бірлесе жасалған «Бизнес навигатор» электронды порталына енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері Шиелі ауданында 4 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылған.

Шиелі ауданы әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, аудан кәсіпкерлеріне жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Аудан прокуроры Хадиша Жұмағұлова, өз кезегінде, кәсіпкерлер құқығын қорғау қызметіне әзір екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер