astana-view

Алаяқтардан сақ болыңыздар!

2016 жылғы 09 Қараша
- Шымкент қаласы
12239 просмотров

Белгісіз қоғамдық бірлестіктер кәсіпкерлердің проблемаларын ақылы түрде шешіп бермек болған

Соңғы кезде кәсіпкерлер Палатаға ақылы келісімшарт жасауға мәжбүрлеп жүрген белгісіз тұлғалардың әрекетінің заңға сәйкестігін анықтап беру туралы өтініштермен келе бастады. Олар қоғамдық ұйымдардың немесе жеке фирмалардың атынан әрекет ете отырып, бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдармен болатын түйіткілді мәселелерді оң шешуге кепілдік береді-міс. Одан бас тартқан жағдайда, теріс пиғылдылар бақылау-қадағалау органы тарапынан есепсіз тексерулер жүргізілетіндігін айтып қорқытқан.

Сондай адамдарға кез болғандардың бірі – жеке кәсіпкер, Шымкенттегі «Тайфун» сантехникалық сауда үйінің иесі Мұрат Омаров. Оның дүкеніне біреулер келіп, өздерін таныстырмастан сөреге қойылған өнімдерді суретке түсіре бастаған. Сұрастыра келе, олар «Адала» тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің адамдары екені анықталды. Одан кейін «қонақтар» тауарлардың сыртына, оның сипаттамасы жазылмаған деп тиісе бастаған. Дүкеннің қожайыны оларға қажет болған жағдайда сантехника бұйымдары туралы толық ақпарат беретін кеңесшілер бар екенін айтқан. Одан кейін сауда үйінің жұмыс кестесі көрсетілген тақта жоқ деген ескерту жасалған, олардың сөзінше бұл тұтынушылардың құқықтарына қайшы келетін көрінеді. Жаңадан пайда болған «сарапшылар» өз қызметтерін ұсыну үшін кәсіпкермен ақылы келісімшарт жасамақ болған. Бас тартқан жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармаға дүкенде құқықбұзушылықтар анықталғандығы туралы арыз түсіретіндіктерін жеткізген. Олар ақылы түрде дүкенді тексерулер мен айыппұлдардан қорғау туралы ұсыныс білдіріпті. «Тайфун» сауда үйінің қожайыны ол ұсыныстан бас тартқан, алайда бірнеше күннен кейін Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармадан жоспардан тыс тексеру жүретіндігі туралы ескертпе алады. Айтпақшы, тексеру құқықтық статистика және арнайы есеп органдарында тіркелген.

Дүкеннің қожайыны Мұрат Омаров ОҚО Кәсіпкерлер палатасына құқығын қорғауды сұрап, өтініш білдірді.

«Кәсіпкердің дәйектемелерін зерттей келе, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жоспардан тыс тексерісі заңға қайшы деген пікірге келдік, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әзілхан Жарымбетов. – Оның үстіне жақында облыстық прокуратурада өткен үлкен жиында облыс прокуроры көпшіліктің алдында үшінші жақтың өтініші бойынша тексерістерді тіркеуге тыйым салуды талап еткен еді. Өтініштер абыройына нұқсан келген адамдардан ғана алынуы тиіс. Бұл жағдайда зардап шеккен тұтынушы жоқ. Қоғамдық бірлестік  ешқандай да зардап шегуші емес, үшінші жақ болып саналады».

Палата сарапшылары ҚР Бас прокуратурасының ОҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасына қоғамдық бірлестіктің әрекетінің дұрыстығына қатысты баға беру туралы өтініш білдірді. Осыдан кейін тексерісті негізсіз деп санаған басқарма тексеру жүргізбеді.

Айтпақшы, өткен жылы да Кәсіпкерлер палатасына осыған ұқсас шағымдар келіп түскен еді. Кентау қаласындағы Бәйдібек және Сайрам аудандарындағы азық-түлік дүкендеріне өздерін Оңтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің қызметкерлері деп таныстырған адамдар келген. Азық-түліктердің жарамдылық мерзімдеріне тексеру жүргізгеннен кейін, олар кәсіпкерлермен қандай да бір жолмен ақылы келісімшарттар жасауға тырысқан. Аталған келісімшарттарды зерттеген Палата сарапшылары кәсіпкерлердің аталған қоғамдық бірлестіктен ешқандай да көмек көрмегендерін анықтады. Келісімшарт бойынша кәсіпкер белгісіз біреулерге біраз қаржы төлеуі тиіс екен. Осылайша алаяқтар дүкендердің, шағын сауда дүңгіршектерінің, салондардың және т.б. иелерінен ақша алмақ болған. Олар ауыл кәсіпкерлерінің құқықтық сауаттылығының төмендігіне иек артса керек.

Кәсіпкерлер палатасы азаматтардан, жеке кәсіпкерлерден және заңды тұлғалардан сақ болуды және осындай жағдай орын алса, Палатаға немесе прокуратура органдарына хабарлауды сұрайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер