astana-view

Бордақылау алаңдары көптік етпейді

2016 жылғы 09 Қараша
- Ақмола облысы
7135 просмотров

Астрахан ауданында Палатаның жергілікті филиалының қолдауымен мал шаруашылығы дамып келе жатыр. Астраханка ауылында жуырда жаңа бордақылау алаңы ашылды

Аудан орталығының тұрғыны Болат Мусин көктемде Өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалына келіп, өз ісін ашуға көмек сұраған.

«Өтінім беруші әбден пісіп-жетілген мақсатпен келген екен. Ол өз ісін бастағысы, нақты айтқанда мал бордақылайтын алаң ашқысы келетінін айтты. Неге? Бүгінгі таңда жасалған сараптаманың нәтижесі көрсеткендей, өңірлерде, ашық айтқанда біздің ауданда кішігірім ферма ашу үрдісі етек жайып келеді. Ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылықтары болғандықтан, олардың мал өсіріп, одан пайда да табуына мүмкіндіктері зор. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры «Береке» бағдарламасын жасап шықты», – дейді ӨКП филиал директоры Асхат Бейсенбаев.

Бұл бағдарламаның мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайту және ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту үшін отбасылық бордақылау алаңдарын ашуға қаржылық қолдау көрсету. Яғни, қожалық иесіне өзінің шаруашылығында саны 5-тен 20-ға дейінгі ірі қараны бордақылауға мүмкіндік туады.

Кәсіпкерлерді қолдау орталығының кеңесшілері ісін жаңа бастаған кәсіпкерге «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алуға керекті барлық құжаттарды толтыруға көмектесті. Сонымен қатар Болат Мусин «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша оқуын да оқып үлгерді.

Жаздың ортасында кәсіпкер 1,5 миллион теңге несие алып, 10 бас ірі қара мал, оған қоса жем-шөп (сабан, қалдық) сатып алды.

Содан кейін кәсіпкерге ақшаны мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар керек болып, аздап қиналады. Еш ойланбастан кәсіпкер қайтадан Кәсіпкерлерді қолдау орталығынан көмек сұрайды, ондағылар оған сатып алу-сату келісімшарттарын жасауға көмектесіп, қабылдап алу актілерін және т.б. құжаттарын реттеп береді. 

«Кәсіпкерлер палатасы филиалы сарапшыларының біліктілігі мен нақты көмектері үшін, оларға мың да бір алғыс», – деп ризашылығын білдірді Болат Мусин. Ол өз ісінің жанданатынына өте сенімді. «Бір ірі қараның бағасы – 120 мың теңге, оны бордақылаған кезде бағасы – 200-250 мыңға дейін өседі. Малдан пайда табудың мүмкіндігі зор», – деді фермер.

Бүгінгі таңда өңірде ауылшаруашылық қожалықтары арасында көш бастап келе жатқан үш («Колутон-04» ЖШС, «Острогорский» ЖШС, «Оксановка-1» ЖШС) қожалықтың иелігінде үш ірі бордақылау алаңы бар, кішігірім қосалқы бордақылау алаңдарының саны шамамен жүздей.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер