astana-view

Жұмысшының еңбегі еш кетпесін десек...

2016 жылғы 09 Қараша
- Алматы қаласы
7263 просмотров

Жұмысшымен еңбек келісімшартын жасамаған жұмыс беруші жазаланатыны ескертілді

Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, осы аудандағы «Нұр Отан» партиясының филиалы және Медеу аудандық әкімдік аппаратының қолдауымен «Азаматтардың еңбек құқын қорғау» жобасы аясында Ашық есік күнін өткізді.

Бизнес-қауымдастыққа еңбек заңнамасының талаптарын орындау керектігі туралы түсіндірілді, әсіресе, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек келісімшартын жасау қажеттігі айтылды. Еңбек келісімшартының жоқтығынан жалақы төлеуге қатысты әлеуметтік мәселелер туындап, ол азаматтарды өкілетті органдар мен сотқа шағымдануға итермелейді.

«Еңбек келісімшарты болмағандықтан, жұмысшылар еңбек еткенін дәлелдей алмайды. Ол шешімі жоқ шағымдардың көбеюіне алып келеді, соңы ұзын-сонар соттарға жалғасады. Біз жасаған талдау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, Алматыда бірнеше мың адам еңбек келісімшартын жасамастан әртүрлі қызмет атқарады. Көп жағдайда жұмыс берушілер жұмысшы сынақ мерзімінде жүргендіктен, еңбек келісімшарты жасалған жоқ, деп ақталады. ҚР Еңбек кодексінің 22 бабы бойынша сынақ мерізімінде жүрген жұмысшымен де еңбек келісімшарты жасалуы тиіс», – дейді Алматы қаласы Медеу ауданы прокуроры Қанат Мамаев.

Еңбек келісімшартын жасамаған лауазым иелеріне 30 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер жұмыс беруші жұмысшыға толық жалақы бермесе де сонша көлемде айыппұл тағайындалады. Егер жұмысшының толық жалақысын басқа мақсатта пайдалану үшін кешіктірсе, жұмыс берушіге 500 АЕК көлемінде қылмыстық айыппұл салынады немесе сол көлемді өтейтіндей 300 сағат еңбекпен түзету қоғамдық жұмыстарына жегіледі, не 90 тәулікке қамауға алынады, 3 жылға лауазымынан шеттетіліп, кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынуы мүмкін. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер