astana-view

Банк өкілдері Өңірлік картамен танысты

2016 жылғы 10 Қараша
- Жетісу облысы
5553 просмотров

Екінші деңгейлі банктер үшін Карта несімен қызықты?

Облыста Кәсіпкерлікті дамыту картасының жобаларын таныстыру жалғасып жатыр. Картада шикізат іздеу, өткізу нарығы, инфрақұрылымдарды, әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған бюджеттік шығындарды жоспарлау, мемлекеттік қолдау шаралары сияқты бизнесті дамытудың нақты бағыттары көрсетілген. Бүгінде Карта бизнестің жол нұсқаушысына айналған.

Сондықтан Карта барлық банктер мен даму институттары үшін қызықты әрі пайдалы. Кәсіпкерлер палатасында екінші деңгейлі банктерге Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының жобалары таныстырылды. Кездесуге Ұлттық банк, Fortebank, ЦентрКредит банк, ЦеснаБанк, Еуразиялық банк, АТФ банк сияқты екінші деңгейлі банктер мен Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов екінші деңгейлі банктер мен даму институттары үшін Карта түрлі жобаларды қаржыландыру кезінде пайдаға асуы мүмкін екенін айтты.

«Назарларыңызға есептеулер мен көрсеткіштерден құралған, сіздер үшін қызықты әрі пайдалы болатын шынайы жобаларды ұсындық. Әрбір өңірлік бөлімнің қаражатының шектеулі екенін, қарызды қайтару мерзімі бар екенін түсінеміз. Қызығушылық болса, біз қаржыландыруды егжей-тегжейлі талқылауға дайынбыз», – деді ол.

Салыстырмалы түрде алғанда сайттың  қысқа  мерзім ішіндегі  жұмысы ресурстың танымал болып келе жатқанын көрсетіп берді. Сайтқа кіру статистикасы (2016 жылдың сәуірінен 20 қазанға дейін) 238 мың әлеуетті пайдаланушы бар екенін көрсетті, сайт парақшасы 1,6 млн рет қаралған. Қазірде ақпараттық-талдау ресурсына күніне орташа есеппен 6 522 пайдаланушы кіреді, соның ішінде сайтты қолданушылардың 11%-ы әлемнің 100 шақты елінің өкілдері мен шетелдік қолданушылар.

Жобаларды  қолдау бөлімінің басшысы Әйгерім Маймақова Картаның болашақтағы бағыты туралы да айтты.

«Кешелекте сайтқа жобаның ауқымы мен салалық бағытталауына, базалық факторларына, нарықтық және басқа да жағдайларға қарай бизнестің орналасу орнын автоматты түрде іріктейтін жүйес енгізілмек. Бизнес-навигатордың дамуы алдағы уақытта да жалғаса береді.  2017 жылы 4 қалада қызмет көрсету саласы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік үшін бизнестің әлеуетті бағытын іздеуге арналған құрал әзірленеді. Бизнес-құрылым бизнесті дамытуға арналған оңтайлы тың нарық іздейді. Бұл құрал іздеуді оңайырақ және ыңғайлырақ етеді, өйткені кәсіпкерлер үшін барлық ақпараттық құралдарды бір жерге үйлестіреді», – деп атап өтті бөлім басшысы.

Жобаларды қолдау  бөлімінің сарапшысы Әділ Қасқарауов сайтты таныстырып өтті. Ол 2 жобаның сайтқа жарияланғанын, ал 8 жоба бойынша сайтқа жариялау туралы ұсыныс түскенін айтты.

«Бір жоба 69 миллион теңгеге қаржыландырылған. Бүгінгі таңда аталған жоба кеңейтіліп, қаржыландыру сомасы 1 млрд теңгеге дейін артпақ. Біз қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргіземіз, сондай-ақ жобаны толықтай қолдаймыз », – деп сөзін жалғады ол.

Таныстырылған жобалардың бірі – Қапшағай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу. Сарапшының айтуынша, жобаны іске асыру барысында көмірі бар шикізаттар термохимиялық тұрғыда бұзылады. Оны пайдалану кезінде жоғары температураның ықпалымен қатты тұрмыстық қалдықтардағы барлық фракциялар ыдырайды да, соңында күл араласқан қалдық қалады, оны жол салуға пайдалануға болады.

Айта кетерлігі, жыл соңына дейін Өңірлік картаны Текелі қаласы мен Қарасай ауданының бизнес-қауымдастығына таныстыру жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер