astana-view

Әр апта – прокурор сағаты

2016 жылғы 10 Қараша
- Ақмола облысы
6460 просмотров

Бизнеске қысым көрсетуді азайтудың Жол картасы және ынтымақтастық меморандумы аясында, өңірлік Палата облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, апта сайын «Прокурор сағатын» өткізу бастамасын көтерді

Кезекті акция барысында, қадағалау ведомствосы өкілдері, кәсіпкерлерді толғандырып жүрген өзекті әрі түйткілді мәселелерге жауап берді.

«Жайна-Трейд» ЖШС өкілі Алмас Шегіров «Бізге мүлкімізді кім қайтарып береді?» деген сауалды қалалық прокуратураның 1-бөлімінің прокуроры Арман Садықановқа жолдады. Сауал қоюшының айтуынша, 2016 жылдың 5 тамызында, кәсіпкердің Көкшетау қаласында орналасқан «Береке 2006» ЖШС қоймасына қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері тексеру жүргізіп, 56 тонна зығыр өнімін тартып алған. Айта кетерлігі, зығыр тұқымдары өзге кәсіпорын иесіне тиесілі және келісімшартқа сәйкес қоймада сақталған екен.

Бұл ретте, тергеушілер компания өкілдеріне тексеру жүргізу, тінту және тауарды тартып алу туралы қаулыны да көрсетпеген екен. ІІБ өкілдерінің айтуынша, басқармаға қоймасынан ірі көлемдегі зығыр тұқымдары ұрланған кәсіпорын басшысынан шағым түсіпті, сондықтан олар осындай қадамдарға барған. 

«Сол күннен бері үш айдан астам уақыт өтті. Алайда, әлі күнге дейін, ІІБ қызметкерлерінің неліктен мұндай әрекетке баруларының себебін білмей отырған жайымыз бар. Тіпті, біздің өтінішімізге жауап беретін мерзім де өтті.  Салдарынан, біз серіктесімізбен жасаған келісімшарт талаптарын орындай алмай отырмыз», – деп шағымданды Алмас Шегіров. 

Сол сияқты, «МЖК-строй» ЖШС өкілі Сәкен Бақаев та тағы бір түйткілді мәселені ортаға салды. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорын меншігінде үй салу мақсатында сатып алынған жер телімі бар екен. 2005 жылдың қыркүйегінде «МЖК Строй» ЖШС жерді екі жылға пайдалану құқығын заңды түрде рәсімдеген екен. Алайда,  2006 жылдың наурыз айында, жер телімдерін беру жөніндегі комиссия жерді пайдалануға рұқсат бермеген. Тіпті, коммуналдық меншік нысанын салу мақсатында жер телімін қала қорына өткізіп жіберген.  

Десе де компания аталған мәселені дер кезінде қолға алып, сот ісі бірнеше жылға созылады. Нәтижесінде, Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 30.11.2012 жылғы шешімімен, Көкшетау қаласы әкімдігінің «МЖК Строй» ЖШС-ға жерді ұзақ мерзімге пайдалануға рұқсат бермеу туралы шешімі заңсыз деп танылған.

Бірақ, қала билігі құрылыс компаниясына жерді пайдалануға әлі де рұқсат бермей отыр. Мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін таппай келеді.

Ал, 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, Көкшетау қаласы әкімдігінің сот актілерін орындамау дерегіне қатысты іс қозғалған. Тіпті, қалалық сот биылғы жылдың тамыз айында, Көкшетау қаласы әкімдігінің қазынасына бес миллион теңге көлеміндегі өсімақы төлеу туралы шешім шығарған.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда, сот инстанцияларының қаулы-шешімімен қанағаттандырылған 120-дан (!) астам талап-арыз, әкімдік қаулысына жасалған 24 (!) шағым және прокуратураның 21 (!) нұсқауы бар екен. Алайда, түйткілді мәселелер бәз-баяғы қалпында қалып отыр. 

Кездесуде көтерілген барлық мәселелерді тыңдаған Арман Садықанов, кәсіпкерлерге мәселенің мән-жайын анықтап, бекітілген мерзімде тиісті жауап берілетіндігін айтты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер