Игілігі мол онлайн-жоба
Ауған соғысының ардагері мүмкіндігі шектеулі жандарға игілік жасауды арқау еткен жобаны қолға алды.
Сергей Мақашев мүмкіндігі шектеулі жандар тауар сатып, қызмет көрсете алмайды деген қоғамда қалыптасқан пікірді толығымен жоққа шығарды.
Осылайша, ауған соғысының ардагері «Инватакси» жобасына жетекшілік етіп, арбаға таңылған жандар үшін, көтергіш құрылғылар шығарумен айналысып келеді. Сондай-ақ, Ауған соғысының мүгедектері бірлестігінің базасында тігін өнеркәсібін, жиһаз цехы мен типография жұмысын ұйымдастырып, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтыған. Айта кетерлігі, Сергей Мақашевтың әр бастамасы – әлеуметтік жоба. Егер алғашқы бизнес-идеяларына мемлекет қолдау көрсетсе, кәсіпкердің жаңа бастамасы тұрақты табыс әкеледі. Бұл ретте, бизнесмен мамандарға сурдоаударма бойынша әлемде баламасы жоқ онлайн-бағдарлама әзірлеуге тапсырыс берген.
«Мен есту қабілеті төмен, тілінде мүкісі бар жандармен үнемі араласып отырамын және оларға жұмыс табудың қаншалықты қиын екенін түсінемін. Оларға қоғамдық орындардың, мемлекеттік құрылымдардың ешбірінде жөнді қызмет көрсетілмейді. Алдымен жергілікті бағдарламашыларға сурдоаударманың онлайн-бағдарламасын жасау туралы өтініш білдірдік. Бірақ, ол бағдарлама, өкінішке қарай, жөнді жұмыс жасамады. Уақыт өте келе, Санкт-Петербург мамандарының көмегіне жүгіндік. Біздің есебімізше, Қазақстанда өзге азаматтармен тең дәрежеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуі тиіс 17 мыңға жуық мемлекеттік мекеме бар екен. Дәл осы мекемелерге біздің бағдарламамыз пайдалы болады деген ойдамыз. Алдағы екі жылда 4 мыңға тарта мекемені онлайн-сурдоаудармамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл 300-ге жуық сурдоаудармашыны жұмыспен қамтуға жол ашпақ. Ал, абоненттік төлемнен түскен кірісті өзге де әлеуметтік жобаларға жұмсауға болады», – дейді Сергей Мақашев.
Кәсіпкердің жобасы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау тауып, жобаны «Қазақстанда жүзеге асырылған үздік әлеуметтік жобалар» байқауына қатыстыру туралы шешім қабылданған. Осылайша, онлайн-бағдарлама бірінші орынды иеленіп, идея авторы 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық алған.
Жобаның артықшылығы мынада: сөйлеу және есту қабілеті нашар адамдар сурдоаудармашымен байланысқа шығып, сол арқылы өзінің сөздерін сұхбаттасушыға жеткізе алады. Сондай-ақ компания өкілінің сөздерін мүгедек адамға ымдап жеткізеді. Қазіргі таңда, жобада үш сурдоаудармашы жұмыс жасап жатыр. Олар бүгінде, 30-ға тарта мекемеге қызмет көрсетіп келеді. Жоба авторларының айтуынша, surdo-online.kz сайты бірнеше айдан кейін, смартфондар мен планшеттерге қолжетімді болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: