Сүт өнімін табыс көзіне айналдырсақ...
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы аясында ел үкіметі ауыл тұрғындарына "екі қолға бір күрек" тауып, бизнесті бірлесіп жүргізуге көмектеспек. Мәселен, бағдарламаның бір бағыты – сүт кооперативтерін құру бастамасы бойынша сиыр сауып, өздігімен пайда тауып жүрген кәсіпқой ауыл тұрғындарын біріктіріп, сүт қабылдау бекетін ашу. Ал үкімет оған кеткен шығынның жартысын өтеуге дайын. Оған қоса, сүттің әр литрі үшін қосымша ақша төлейді. Аталған бағыттың тағы бір өзгешелігі, банкке кепілзат қоюдың қажеті жоқ.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, бес жылдың ішінде ел бойынша мыңға жуық сүт кооперативі құрылмақ. Оған қатысатын адамдардың саны 350 мыңнан асады деген болжам бар. Осы кооперативтерден жиналатын сүт зауыттарға жіберіліп, отандық өндірісті толыққанды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сөйтіп, отандық маркамен шығатын сүт және сүт өнімдер санын барынша арттыру жоспарланған. Айта кетерлігі, бүгінде ауыл xалқының басым бөлігі сүтті қалаға апарып, өз сауда нүктелерінде сатуда. Ал сүт зауыттары шикізат жетіспеушілігі салдарынан жартыкештеніп жұмыс істейді.
Сүт кооперативтерін құру жолдары?
"Еліміздегі 80 пайыз сүтті жеке қосалқы шаруалар өндіреді. Демек, өнімнің басым бөлігі жеке шаруалардың қолында. Енді, оларды ұйымдастырып, кооператив құру арқылы шикізатты отандық зауыттарға жеткізу жолдарын ойластырамыз. Мәселен, бір ауылды алайық, ірі қараның барлығы есепке алынды делік. Кооперативке үш-төрт адам емес, жиырма адам бірігуі тиіс. Келесі жылдан бастап күшіне енетін кооперативтер туралы заңда үш адамнан көп болуы керек деп жазылған, сондықтан кооперативке жиырма адамның біріккені абзал. Сондай-ақ кем дегенде 120 бас ірі қара болуы шарт. Осылайша, кооператив құрып, сүт қабылдау кәсібін бастауға болады", – дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Сүт қабылдау бекеті ашылғаннан кейін ол жерде шикізатты салқындататын екі тонналық контейнер орнатылады. Сөйтіп, таңғы және кешкі уақытта сауылған сүттің бірнеше тоннасы жиналуы тиіс.
Ақша қалай төленеді?
Екі мезгіл сауыннан кейін жиналған сүтті кооператив төрағасы сүт зауытына апарып тапсырып, сүт өткізушілердің тізімін береді. Зауыт басшылығы өз кезігінде тізім бойынша ақшаны сүт тапсырған адамдардың жеке есеп-шоттарына аударады. Вице-министр Қайрат Айтуғановтың айтуынша, ақша айырбасын Қазпошта арқылы жүргізу көзделіп отыр.
Мемлекеттік қолдау
Ал ауыл xалқының сүтті отандық зауыттарға тапсыруға деген ниетін күшейту үшін мемлекет әрбір литрге қосымша ақша төлейді. Бұрын ондай субсидияларды тек ірі фермерлер ғана алатын. Енді, ондай қолдау шаралары барлығына тең болады. Ал сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысын мемлекет "ҚазАгро" xолдингі арқылы өтеп береді. Мәселен, өзімізде шығатын сүт қабылдау бекетінің құрал-жабдықтары 5 млн теңге тұрса, соның 2,5 млн теңгесі бюджет есебінен төленеді.
Бұл ретте, осы 5 миллион теңгенің қалған жартысына да мемлекеттік қолдау көрсетіледі деуге болады. Өйткені, субсидия бар екенін ұмытпау қажет. «Мәселен, мемлекет бір литрге тағы 10 теңге төлесе, айына 120 тонна сүт жиналған жағдайда, 1 миллион 200 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады. 200 мың айлыққа кетсе, қалған ақшаға несиені жабуға мүмкіндік бар. Сөйтіп, 2,5 млн. теңгенің қарызын жауып тастағаннан кейін сиыр сауатын аппараттар және тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алып, кооперативті ары қарай дамытуға болады. Жаңа бағдарламада шаруалардан кепілзат талап етілмейді, өйткені сүт қабылдау бекетінің өзі кепілзат болып саналады", – дейді Қайрат Айтуғанов.
Кооперативтердің даму өрісі
Кооператив тек шаруалардың бірігуімен ғана шектелмейді. Оның аясында ветеринарлық, агроxимия, жем-шөп дайындау, тұқым, теxника, қолдан ұрықтандыру мен несие беру қызметтері кіреді. Осындай үлгіде ет, құс пен көкөніс кооперативтері де құрылады деген жоспар бар. Вице-министрдің айтуынша, жаңа бастама бүгінде Қарағанды облысы Нұра ауданында жүзеге асырыла бастады.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде еліміздегі сары майдың ішкі өндірісі 64 пайызды құраса, ірімшік пен сүзбенің тек 58 пайызы ғана өз күшімізбен өңделеді. Келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа бағдарлама аясында аталған көрсеткіштерді барынша арттырып, дүкен сөрелерінде тұратын отандық өнімдердің қатарын көбейту көзделіп отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: