astana-view

Аралдықтар шағын бизнеспен белсенді айналыса бастады

2016 жылғы 15 Қараша
- Қызылорда облысы
11719 просмотров

Арал ауданында осы жылдың 10 айы ішінде 4 мыңға жуық шағын кәсіпкер тіркелді

Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиал директоры Қадырхан Еңсепов есеп беру кездесуінде осындай мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, 10 айдың ішінде ауданда 3844 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олар 5605 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 268 бірлікке артық. Былтырдан бері ауданда «бір терезе» ұстанымы бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істеуде. Жеке бизнесін ашқысы келген 1378 адамға 2440-ден аса кеңес беріліп, 508 кәсіпкерге қызмет көрсету бойынша қолдау көрсетілді.  

«2015 жылы мемлекеттің қайтарымсыз грантының арқасында жеке кәсіпкер Рақымжан Шынахметовке құны 2 миллион теңге болатын «Пеноблок өндірісін» жүзеге асырудың сәті түсті. 2016 жылы өз ісін енді ашқан екі кәсіпкер – Нұрбек Сексенбаев пен Айсәуле Аленова 1 миллион теңгенің грантын ұтып алды», – дейді аудандық филиал директоры.

Қадырхан Еңсеповтің айтуынша, келер жылы тағы да бірқатар жастардың инновациялық жобалары қаралатын болады.

Аудан кәсіпкерлеріне қолжетімді қаржылық институттардың бірі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Бұл қор «Экодаму», «Кәсіпкер», «Мурабаха», «Жұмыспен қамту» бағдарламалары арқылы 2015 жылы жалпы сомасы 126,6 миллион теңге болатын 42 жобаны жүзеге асырды. Биылғы жылдың басынан бастап 224,10 миллион теңгені құрайтын 73 жоба қаржыландырылды, бұның есебінен аудандағы жұмыссыз жүрген біршама адам жұмыспен қамтылды.  

Бүгінгі таңда ауданға инвестор тартатын бірден-бір сала – туризм. Қамбаш көлінің жағасындағы демалыс орнын ашу мақсатында 2 гектар жер ауылдағы «Қамыстыбас» тұтынушылар коперативіне жалға берілген болатын. Өзара келісімнің арқасында 80 нысан салынып, жергілікті және сырттан келетін демалушылар үшін жағдай жасалды. Демалыс маусымында 70 мыңдай демалушы келіп-кетеді.

Белгілі кәсіпкер Минажадин Өтеев өңірге туристерді тарту мақсатында 10 бір типті демалыс үйлерін салып, қолданысқа беріп жатыр. Былтыр «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойында қызмет көрсетуге бағытталған, үш жобаның бірі жүзеге асты. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Жандәулетовтің осы магистральдің 1358 шақырымындағы В санатты қызмет көрсету кешенінің құрылысы аяқталып, жұмысын бастап та кетті. Оған қоса жол бойында Ұзақов ЖК-ға тиесілі С санатты қызмет көрсету кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба 15 адамды жұмыспен қамтымақ, оның бағасы 90 миллион теңгені құрайды. Жоба қараша айында іске қосылмақ, ал осыған ұқсас тағы бір жобаны келесі жылы жүзеге асыру жоспарлануда .


Еншілес ұйымдар

Серіктестер