Cақтандырылғанның салымы бар
Бұл күнде өркениетті елдерде сақтандыру жүйесі бір ізге түсірілген. Азаматтар тіпті жеке басын, денсаулығын, мүлікі мен кәсібін де сақтандырады. Мал ұстаған – малына, егінші еккен егініне дейін сақтандырып қояды. Себебі біреу-ақ, бәрі де ертеңгі күнін ойлайды, өйткені, өмір болғасын түрлі оқыс оқиғалар, тосын апаттар болмай тұрмайды. Сондай зауалды шақ төнгенде барынан айырылып, бармағын тістеп қалмаудың, жоқтың орнын толтырып, үзілгенді жалғаудың бірден-бір амалы – сақтандыру төлемдері.
Сақтандыру мәселесіне біздің елде де қызығушылық арта бастады. Міндетті сақтандыру көлікке ғана емес, ауыл шаруашылығына енгізілген тұста Ұлттық кәсіпкерлер палатасының call-орталығына өсімдік шаруашылығын сақтандыруға қатысты сауалдар жиі қойылады. Соған орай, сақтандыру жөнінде кеңірек айтып өткенді жөн көрдік.
Сақтандыру – мүліктік мүдделерді қорғау жөніндегі сақтандыру ұйымдары, жеке және заңды тұлғалардың құқықтық қатынастары. Сақтандыру ерікті және міндетті нысандарда жүзеге асырылады. Бүгінде шаруашылық жүргізу жүйесінде өркениеттің белгісі ретінде әрі қажеттілік пен тиімділік негізінде сақтандыру шаралары жасалады. Табиғи-климаттық жағдайдың айтып келмейтін апаты мен күтпеген өзгерістері туындайтындықтан егін шаруашылығы экономиканың тәуекелі мол саласының бірі болып саналады
Сақтандыру халықты әртүрлі апаттардан, болжауға келмейтін қоғамдық құбылыстардан болатын зиянның орнын толтыруға, өз коммерциялық қызметінің сәтсіздіктері, коммерция бойынша контрагенттік міндеттемелерді орындамау, банктердің дәрменсіздігі кезінде салымдарды жоғалтпауға кепіл беретін жүйе ретінде әртүрлі тауар өндірушілерді де, тұтынушыларды да, шаруаларды да қызықтырады.
Өсімдік шаруашылығын сақтандыру шарасы
Қазақстанның аграрлық секторындағы сақтандыру нарығы толық қалыптаспаған, даму үстінде. Бүгінгі таңда елдегі сақтандыру қызметін ұйымдастырудың негізі мен ауыл шаруашылығындағы тәуекелді сақтандыру 2004 жылы қабылданған «Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы» және 2006 жылдың 5 шілдесінде қабылданған №163 «Өзара сақтандыру туралы» заңдар негізінде реттеледі.
Міндетті сақтандырылуы тиіс дақылдарға майлы, дәнді, қант қызылшасы және мақта жатады. Шаруа иесі өсімдік шаруашылығын сақтандыру үшін негізі 4 құжатты: өтініш-сауалнама (сақтандырушыдан алуы керек), салық төлеушінің нөмірі, банктік есеп-шоттың бар екендігі туралы анықтама, жер учаскесін пайдалану құқығы жөніндегі акті өткізеді.
2012 жылдың шілде айынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігімен екі арада жасалған келісімшарт негізінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды қолдауға бөлінген бюджеттік қаржыны «Қазагромаркетинг» АҚ агент ретінде басқарады. (http://www.kazagro.kz/kk/web/kam).
«Қазагромаркетинг» АҚ біріншіден, қолайсыз табиғат құбылысы орын алған жағдайда сақтанушының өтiнiшi бойынша жергілікті атқарушы орган құрған комиссияның құрамында қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерi өндiрiлетiн алқаптардың мөлшерiн анықтау жөнiндегi жұмысты жүргiзеді; екіншіден, сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн (50%) сақтандырушыға өтейді; үшіншіден, қолайсыз табиғат құбылысының салдарынан туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлiгiн өтеу үшiн сақтандыру төлемдерiн iшiнара өтеу тәртiбi мен талаптары туралы сақтандырушымен келісімшарт жасасады.
Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiнен пайда болған сақтандыру жағдайларында өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың мемлекеттік қолдауы сақтандыру компанияларына және өзара сақтандыру қоғамдарына сақтандыру төлемдерінің 50 пайызын өтеу үшін Агентке бюджеттік қаржыны бөлу арқылы жүзеге асырылады.
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру келісімшартын бүкіл өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрлері бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органымен бекітілген егісті аяқтау күнінен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде кешіктірмей жасау керек.
Сақтандыру төлемі қандай жағдайда төленеді?
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру келісімшартында сақтандыру төлемі ұзақмерзімді және қысқа мерзімді қолайсыз табиғат құбылыстары орын алған жағдайда төленеді. Құрғақшылық, үсік жүру, күн сәулесінің аз түсуі, топырақтың шамадан артық ылғалдануы, су тасқыны, су тапшылығы,аңызақ жел ұзақ мерзімді қолайсыз табиғат құбылысына жатса, бұршақ соғу, нөсер жаңбыр, үсік шалу, қатты жел, сел қысқа мерзімді қолайсыз табиғат құбылысы деп есептеледі.
Қолайсыз табиғат құбылысынан кейін сақтандыру жағдайында орын алған оқиға туралы бес жұмыс күнінен кешіктірмей Сақтандырушыға ауызша немесе жазбаша түрде хабарлау қажет. Одан кейін ауызша хабарлама жетпіс екі сағат ішінде жазбаша расталуы тиіс. Сонымен қатар, Қазгидрометтен немесе төтенше жағдайлар агенттігінен қолайсыз табиғат құбылысы фактісін растайтын анықтама алған абзал. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптардың мөлшерiн анықтау үшін комиссия құру туралы өтініш тапсыру да міндет.
Егер де қолайсыз табиғат құбылысы қысқа мерзімді сипатта болса (бұршақ соғу, нөсер жаңбыр, үсiк шалу, қатты жел, сел), онда әкімдікке 3 жұмыс күні ішінде хабарлау қажет. Ал қолайсыз табиғат құбылысы ұзақ мерзімді сипатта болса (құрғақшылық, үсiп кету, жылудың жетiспеуi, топырақтың шамадан артық ылғалдануы, ауаның шамадан тыс ылғалдануы, су тасқыны, су тапшылығы, аңызақ), онда өтінішті әкімдікке 10 жұмыс күні ішінде беруге болады.
Егер де сақтандырылған алқаптарда өсімдіктер түгелімен жойылған болса, сақтандырушы залал шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге төлемақыны толық мөлшерде төлейді. Егістің ішінара жойылуы кезінде өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарына бекітілген шығындар нормативі мен алынған астық өнімінің табысынан тек оң айырмашылық төленеді. Табиғаттың қолайсыз құбылысында егістіктің ішінара жойылуына е ұшыраған алқаптардан алынған өнім мөлшері міндетті түрде астық жинау барысында бағалануы тиіс.
Егістік толық жойылып кеткен жаңдайда, оның сақтандыру өтемақысы барлық құжаттарды тапсырғаннан кейін 10 жұмыс күн ішінде төленеді. Ал егістік ішінара зардап шексе, сақтандыру төлемақысы Сақтандыру компаниясына барлық құжаттарды тапсырғаннан кейін астық жинап біткен күннен бастап 1 айдан ерте емес, бірақ 3 айдан кешіктірілмей төленеді.
Ақпаратты қайдан алуға болады?
«Атамекен» ҰКП-ның құқықтық қорғау, заңдық кеңес беру қызметіне жүгініп, өңірдегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына хабарласып, кеңес алған артық етпейді. Ұлттық палата көпшіліктің ақпарат алуы жеңіл болуы үшін еліміздің барлық қалаларынан 59-79-60 нөміріне қоңырау шалу тетігін іске қосқан. Алматы қаласының тұрғындары 259-79-60 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ, Қазақстанның кез келген аймағынан ұялы байланыс қызметі мен стационарлы телефон арқылы 8-800-080-80-10 нөміріне тегін қоңырау шалып, сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.
Қарлыға Телман
Пікір қалдыру:
Пікірлер: