astana-view

Сарапшылардың болжамы дәл келді

2016 жылғы 17 Қараша
- Ақмола облысы
6292 просмотров

Өңірлік палата филиалының қолдауымен жас кәсіпкердің бизнесі жаңа кезеңге аяқ басты

Қорғалжын ауданында пластик терезелер шығаратын 25 жасар бизнесменнің екінші тынысы ашылды. Естеріңізде болса, биыл шілде айында Сайлаубек Қуаныш есімді азамат Қорғалжын ауылында пластик терезелерін шығарумен және орнатумен айналысатын цех ашқан еді. Жергілікті өңірлік палата филиалының сарапшылары сол кездің өзінде-ақ, бәсекелес кәсіпорын жоқтың қасы болғандықтан, өнімге деген сұраныстың жоғары болатынын болжаған еді.

«Біздің болжамдарымыз дәл келген сияқты. Қазір жас кәсіпкерге өз өнімін сату мақсатында, дайын өнімді еліміздің кез келген түкпіріне жеткізетін көлік қажет болып отыр», – дейді ӨКП Қорғалжын аудандық филиалының директоры Мадияр Ахметжанов.

Алғашында Сайлаубек Қуаныш тауарды тасымалдауға қажет автокөлік сатып алмақ болған екен. Алайда, кәсіпкер алдымен КҚО (Кәсіпкерлерді қолдау орталығы) кеңесшілері көмегіне жүгінуді жөн санаған. Олар өз кезегінде, оған өз бизнесін кеңейту үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Жекеменшік кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету» атты екінші бағыты бойынша несие алуға болатынын айтқан.

Кәсіпкер мұнымен шектелмей жүк тасымалдаумен айналысатын тағы бір бизнес ашуға бел буған.

Әдеттегідей Палата филиалы оған бизнес-жоспар құруға, жаңа бизнес ашуға қажет құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетті.

Нәтижесінде, бизнесмен үш миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа Қуаныш «ГАЗель» көлігін сатып алуды көздеп отыр.

«Маған Кәсіпкерлер палатасы осымен екінші рет көмек көрсетіп отыр. Бұл осы ұйым қызметінің тиімділігін дәлелдей түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ Палата маған бизнесті ашуға мол мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар аясында да қолдау көрсетті», – деп өз пікірімен бөлісті кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер