astana-view

Кәсіпкерлердің жаңа буынын дайындау жолында

2016 жылғы 18 Қараша
- Алматы қаласы
5864 просмотров

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің жаңа толқынын даярлап жатыр

Халықаралық бизнес академиясы колледжінің жанынан Кәсіпкерлік мектебі ашылды. Мұнда жас бизнесмендер студент кезінен бастап өз ісін ашудың қыр-сырын меңгере бастайды. Алматылық колледждердің басшылары студенттердің қолынан шыққан өнімдерді сатуға болатынын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Олар тіпті білім алушылар үшін тәжірибе болатын, ал оқу орындары кеткен шығындарын өтеп алатындай жұмыс сызбасын жасауды ұсынған.

«Бүгінгі күні алматылық колледждердің студенттері энергия үнемдегіш лампалардан бастап, көрпеқаптар мен балабақшаларға арналған балалар киіміне дейін өндіреді. Олар мұндай өнімдердің 128 түрін жасап шығарады.  Мұның барлығы оқу тағылымдамасы кезінде шеберханаларда жасалады. Қазір біз «Колледж студенттері жасаған» деп аталатын жоба әзірлеп жатырмыз.  Осы айда бұл жобаны қала әкіміне ұсынбақпыз. Бұл колледждер жанындағы өндіріс жобасы болмақ», – деді Алматы колледждері қауымдастығының президенті Жантілеу Әзісханов.

Алматы Кәсіпкерлер палатасы үш жылдан бері отандық кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлауда көмектесіп келеді. Қазіргі таңда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы колледж тәлімгерлеріне бизнес-жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайын.

«Біздің міндет – колледж тәлімгерлерін кәсіпкерлікке машықтандырып, өз өнімін сатуға көмектесу. Біз осы бағытта әлі де жұмыс жасайтын боламыз. Табысты компаниялармен келісіп, тіпті арнайы дүкен ашуды да жоспарлап отырмыз. Болашақ бизнесмен үшін білім мен тәжірибе аздық етпейді. Бүгінде Халықаралық бизнес академиясы жанындағы колледжде кәсіпкерлік мектебі ашылды. Мұнда студенттер өз бизнес-идеяларын ұсынып, тіпті оны жүзеге асыруға да мүмкіндік ала алады. Жобаны Алматы Кәсіпкерлер палатасы белсенді түрде қолдап отыр», – деді ӨКП адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Айгүл Шағамбаева.

Халықаралық бизнес академиясы жанындағы Кәсіпкерлік мектебі бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасайды. Мұнда бизнес-тренерлер мен жеке компаниялардың басшылары студенттерге кәсіпкерлік қызметтің негіздерін, салықтық заңнаманы, маркетинг пен менеджментті үйретеді. Мектептің әрбір қатысушысы кемінде бір бизнес-жобаны жасап, оны жүзеге асырады. Ал оқуды аяқтаған соң, олар  бастаған ісін өз бетінше жалғастыра алады.

Кәсіпкерлік мектебі ашылған күні болашақ бизнесмендер салтанатты шараға Даун синдромы бар балаларды да шақырды. Осылайша, мектеп құрушылар өз студенттерін әлеуметтік жауапкершілікке баулымақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер