astana-view

«Мұқанов» майлықтары

2016 жылғы 18 Қараша
- Ақмола облысы
7169 просмотров

«Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалығының арқасында Ақмола облысы Жарқайың ауданының кәсіпкері қағаз майлықтар шығаруды қолға алды

Державинск қаласының тұрғыны Марат Мұқановқа өз ісін ашу туралы идея 2015 жылы Кәсіпкерлерді қолдау орталығына барған соң келген. Кеңесшілер оған өңірде сұранысқа ие әртүрлі жобаларды ұсынып, «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» жинағын таныстырады. Онда кәсіби дағдысы жоқ, бірақ бизнес ашуға ықыласы бар адамдарға арналған бизнес-жоспарлар топтастырылған.

Барлық бизнес-жоспарды оқып, танысып, нарық пен өңірлік сұранысты бағалап, өзінің қаржылық мүмкіндігін саралағаннан соң, Мұқанов майлықтар шығару ісіне тоқтайды.

«Майлық шығару келешегі зор, көп шығынды қажет етпейтін сала деген қорытындыға келдім, менің есебім бойынша, шамамен бір жылда өзін-өзі ақтауға тиісті іс. Майлық деген бүгінде әр үйге керекті дүние, дәмханалардың, мейрамханалардың, өзге де қоғамдық нысандардың ажырамас қажеті», – дейді кәсібін енді бастаған кәсіпкер.    

Кәсіпкерлерді қолдау орталығы стартапшыға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге көмектесті. Өзінің жинаған азын-аулақ ақшасына Алматы қаласынан бұрын пайдаланылған құрылғы сатып алды. Шикізатты Қостанайдан әкелді.

Сатып алушылардың пікірінше, жасалған майлықтардың сапасы өзге өңірден әкелінетін майлықтарға дес бермейді. Оның үстіне бағасы әлдеқайда арзан. Мәселен, «Мұқанов» майлықтарының бір қаптамасында 100 майлық бар, бағасы 70 теңге. Басқа өңірден әкелінген дәл осындай майлықтардың 100 данасы – 100-120 теңгеден.

Мұқанов әзірге майлықтарды аз мөлшерде шығарып жатыр, бірақ жергілікті нарықта тұрақты сұранысқа ие. Келешекте өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер