«Атамекен» кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік беріп отыр» – Форум қатысушылары
Бүгін Астанада «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен «Ұлы дала елі» отандық тауар өңдірушілердің ІІ форумы басталды
Оған қатысушы кәсіпкерлер шараның кәсіпкерлік саладағы заңдық-құқықтық мәселелерге қатысты жауап алуға, ұсыныстарын айтуға, тәжірибе алмасуға, танысуға, өзара байланыс орнатуға, тауарды жарнамалауға мол мүмкіндік беретіндігіне қуанышты.
Біз осы көрмеге қатысқан бірқатар кәсіпкерлердің пікірін назарға ұсынғанды жөн көрдік.
Зығыр майын Қытайға экспорттаймыз
Көрмеге зығыр майын қойған Қостанай облысы Фёдоровка ауданынан келген «Жаркөл» ЖШС шараға екінші рет қатысып отыр. «Асқа пайдаланылатын зығыр майын біз мемлекеттің қолдауымен Қытайға экспорттаймыз, ал өз елімізде өнімге айтарлықтай сұраныс жоқ. Өйткені ақпарат жоқ. Зәйтүн майынан еш кем түспейтін, емдік қасиетке ие. Құрамында омега3 элементі бар бұл майдың әсіресе әйел денсаулығына пайдасы зор. Ірі компаниялармен қатар көрмеге қатысып, байланыстарымызды арттыруға мүмкіндік алғанымыз үшін ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», – дейді «Жаркөл» ЖШС өкілі Александр Ручкин.
«Атамекен» зор мүмкіндік беріп отыр
Қаймағы алынбаған таза сиыр сүтін өндіретін Батыс Қазақстан облысының «Жұмағұлов» дара кәсіпкерлігі көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Кәсіпкерлік шығаратын табиғи сүттің сақтау мерзімі тоңазытқышта 5 күн. «Қазіргі таңда табиғи өнімдер тапшы келеді. Балаларды дұрыс тамақтандыруда сүттің орны қашанда бөлек. Осы идеяны қолға алып, біз тәуекелге барып, таза өнімді шығарып жатырмыз. «Атамекен» ұлттық палатасы ұйымдастырған көрме арқылы біз бүкіл республикаға шығуға мүмкіндік алып, әрі осы салада өзгелердің өнімдерімен, технологиясымен танысып жатырмыз. Осындай шаралар жиі өткізілсе отандық өнімдер өтімді болады», – дейді шаруа қәожалығының басшысы Назгүл Жұмағұлова.
Мемлекет пен бизнес арасындағы кедергілерді жояды
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауыданының зергері, жеке кәсіпкер Айдын Сәрсенов: «Бұл шара ең алдымен мемлекет пен бизнес арасындағы кедергілерді жояды. Нарықта кәсіпқойлардан басқа бизнесті жаңадан бастаған жастар көп-ақ. «Атамекеннің» жас буынды қолдауы бізге жігер береді. Заңдық тұрғыдан болсын, қарапайым кеңес болсын, тіпті Астананың қақ ортасында екі күн қатарынан тегін орынды да қамтамасыз етіп отыр».
Отандық өнім шетелдікінен кем еместігін көрсетеді
«Осындай көрмелер біздің елімізде де халықаралық стандарттарға сай дүниелер жасалатыны туралы ақпарат беріп, жұртшылықты өзіміздің сапалы дүниелерді пайдалануға үндейді. Жиһаздың ең маңызды бөлігі матрас деп айтар едім. Бірақ, жұртшылық шетелдікін таңдауға бейім тұрады. Осылай ел-жұрттың алдына шығарсақ, елімізде де өндірілетін тауар туралы құлағдар болады. Барынша отандық шикізатты қолдануға тырысып келеміз. Бірақ, Қарағандының металлургия зауыты дәл бізге қажетті дүние жасай алмай отыр, сондықтан әзіре Ресейден алдырамыз, ал оны серіппеге айналдыру жағы фабрикада жасалады», – дейді «Самсон» матрас фабрикасының Бас директоры Айдын Қазыбаев.
Заң-құқықтық кеңес алу үшін ҰКП-ға жүгінемін
Ақтөбе облысынан сүт өнімдерін елордаға жеткізген Әлібек Тәуекелов ашытылған сүт өнімдерді ішкі нарыққа шығару қиындау дейді. Себебі, құрамында жасанды химиялық қоспа жоқ, таза табиғи сүт өнімін шалғай жатқан қалаларға жеткізуге сақтау мерзімі кедергі. Ал арнайы бөтелкеге құйылған, сақтау мерзімі ұзақтау ашытылған сүт сусындарын тіпті Қытайға шығаруды да жоспарлап отыр. «Шығарып отырған сусынымыз Ақтөбеге ғана емес, өзге де қалаларда сатылады. Қытайдағы қандас бауырларымыз біздің отандық сүт өнімдерін жақсы көреді екен. Құжаттарды реттеп алсақ, сол жаққа жөнелтуді ойлап отырмыз. Бізге сүтті жақын орналасқан ауыл-аймақтағы 18 шаруашылық өткізеді, одан 13 түрлі өнім шығарамыз. Енді Қытайға да жібере бастасақ, сүт қабылдауды да арттыру керекпіз. Құжат мәселесіне қатысты заңдық-құқықтық кеңес алу үшін кәсіпкерлер палатасына жүгінемін деп ойлаймын», – дейді кәсіпкер.
Р.S. Қазасқтанда жасалған ең жақсы тауарларды көруге келген жұрттық қарасы қалың болды. Тауарлардың сан алуандығы әрі экологиялық тұрғыдан таза өнім екені көз қуантты. Азық-түлік, жеміс-жидек, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, құрылыс материалдары, үй жиһазы мен тоқыма мата өндірушілердің өз бағасымен сатылуда.
Әлия Кемелбекова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: