astana-view

Биологиялық қалдықтар кәдеге жарап тұр

2016 жылғы 18 Қараша
- Жетісу облысы
6854 просмотров

Биологиялық қалдықтарды өңдеу жолымен биогаз өндіру инновацияның бір түрі. Әсіресе, бұл ірі мал немесе құс шаруашылықтарында  жүзеге асыруға болатын  аса тиімді жоба. Қазақстанда осы баламалы энергия көзін пайдалану кенжелеп тұр. Дегенмен, арамызда  шаруашылықтағы малдың тезегінен газ өндіріп отырған жеке кәсіпкерлер бар.  Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны Самат Әбенов солардың бірі. Биоэнергетикалық қондырғы ойлап тапқан кәсіпкер бірнеше жылдан бері технология игілігін көріп, қатты отынға деген қажеттілікттен арылған.

«Кәсіпкер жәй адам емес. Ол барын тәуекелге тігетін кісі. Бір тиынды, бір тиынға қосқанда ғана пайда табасың. Мен мұндай құрылғыны шет елден көріп келдім. Қарасам ешқандай қиындығы жоқ сияқты. Содан бастап кеттім ісімді. Құдай оңдап бәрі ойдағыдай болды. Қондырғыны да өзім  ойлап таптым», –дейді жаңашыл кәсіпкер.

 Самат Әбеновке  мұндай қондырғы  жасау туралы ой алғаш рет өз иелігіндегі  қасапхананың қалдықтарын өңдеу мәселесі туындаған кезде  келген-ді. Қазір мал қиы, сойылған малдың қан-жыны, ет қалдықтарын қажетке жаратып, күніне  бес текшеметр газ өндіріп отыр. Биогазды қора-қопсысын, тұрғын үйін жылытуға пайдаланады. Өзінің айтуынша, қысы-жазы тоқтаусыз істей береді. Шикізат іздеп әуре болмайсың. Өсімдік, тамақ қалдықтарын да өңдей беруге болады.

Биогаз –  50-70 пайыз метаннан тұратын, жанатын газ қоспа. Энергетикалық қуаты метанның мөлшеріне  тікелей байланысты. Бір текшеметр метаннан екі киловатт электр энергиясын алуға болады. Самат Әбенов оның да игілігін  көріп отыр. Әрі қосымша экологиялық таза, органикалық тынайтқыш өндіруде. Жалпы, әлемде биогаздық технологиялар ежелден пайдаланылады. Ол ең алғаш 1859 жылы Үндістанда жасалды. Сол жылдары биогазды Ұлыбритания елі көшелерін жарықтандыру үшін  қолданды. Бүгінде озық  технология, әсіресе Еуропа елдерінде кеңінен қолданысқа ие. Мемлекеттік деңгейде қаржыландырылып, биоқалдықтарды жою жұмысы қарқын алған.

Самат өзі жасаған жобасын «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынғысы келіпті, бірақ қолдау таппапты.  «Бірақ ол үшін өкінбеймін. Мүмкін технологиямды жетілдіре түсу керек шығар. Тағы да ізденемін», дейді кәсіпкер.  

Бірнеше жылдан бері құрал-жабдығын өндірісте сынақтан өткізген жетісулық кәсіпкер қазір қондырғының үлкенін құрастыруға көшті. Сол арқылы өндірілетін газ көлемін арттырмақ ниетте. Сондай-ақ, балама қуат көзін өндіргісі келетін шаруашылықтардан тапсырыс қабылдау да жоспарында бар.   

                                                                                            


Еншілес ұйымдар

Серіктестер