Тау-кен және металлургия саласы мәселелерінің ортақ тізілімі қажет
Астанада Тау-кен және металлургия өнеркәсібі жұмысшыларының VII съезі өтті
Шараны Тау-кен өндірісі және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы мен Инвестиция және даму министрлігі бірлесе ұйымдастырды.
Съезде сөз алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, тау-кен және металлургия саласында құқықтық, салықтық сипатта тез арада өз шешімін табуды талап ететін түйткілді проблемалардың бар екеніне тоқталды. Басқарма Төрағасы олардың арасында экология, мамандарды даярлау, тарифті бекіту және жергілікті кәсіпорындардың сатып алуларға қатысуы сынды мәселелер де бар екенін жеткізді. Елдің басты бизнес-қауымдастығы болып саналатын «Атамекен» ҰКП топ-менеджері Қазақстанда тау-кен және металлурия саласына қолдау көрсету мақсатында, қандай шаралар қолға алынып жатқандығын айтып берді.
«Біріншіден, біз квотамен сату жүйесін 2018 жылға дейін тоқтаттық. Біз осыдан екі күн бұрын ғана экологиялық реттеуге қатысты мәселені көтерген едік. Алайда, жалпы алғанда, аталған қадам ешбір нәтиже бермеді. Сонымен қатар, біз еркін ішкі саудаға қатысты міндеттерді де өз мойнымызға алдық. Қоршаған ортаға келтірген эмиссиясы үшін, мөлшерлемені он есеге дейін арттыру талабы алынып тасталды. Сондай-ақ, Экологиялық кодекске қалдықтарды «уақытша сақтау» түсінігін айқындау мақсатында жарты жыл емес, бір жыл берулерін сұрадық», – деді Басқарма Төрағасы.
Осылайша, ҰКП араласуының арқасында, мемлекеттен алатын рұқсатнамалардың төрттен үш бөлігі қысқарды, олардың көбі шағын және орта бизнеске қатысты болған. Сонымен бірге, оның нәтижесі ТМК ірі кәсіпорындарына да оң әсерін тигізген. Тарифтерге қатысты ой қозғаған Абылай Мырзахметов, оларды бекітуде нақты үйлесім қажет әрі орынсыз бұлтару орын алмауы керек дегенге келтірді. Салаға орташа есеппен 5-7 жылды құрайтын инвестициялық циклды жүзеге асыру барысында тарифтік саясаттың әркелкілігі мүдделі инвесторлар мен жүйе қатысушылары үшін қалыпты жағдай, деді ол.
Сатудан түсетін салық туралы өз пікірін білдірген Абылай Мырзахметов, мұндай каскадты алым, тек ТМК саласына ғана емес, жалпы шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Аталған тақырып айналасында орын алған пікірталаста бір шешімге келу керек, деп пікірін білдірді ҰКП Басқара Төрағасы. «2018 жылдың 1 қаңтарына дейін мұндай мүмкіндік бар. Бұл ретте, сарапшылар тобы да құрылды. Қауымдастық бізбен сұхбаттасқан, әрі «Қазақмыс», «Қазмырыш» және ERG сынды ірі кәсіпорындармен кездескен бірден-бір бірлестік болды. Бұл кездесулерде, біз Салық кодексінде, жер қойнауын пайдаланушылар саласына инвестиция құюды ескеретін және оған ынталандыратын нақты бөлім болуы керектігі туралы келісімге келдік. Сол сияқты, шағын және орта бизнеске арналған бөлім де болуы тиіс. Бұл бағытта біз Қауымдастықпен және ірі кәсіпорындармен бірге техникалық тапсырмаларды әзірлейтін боламыз және ұтымды жолдарын әзірлеуді қолға аламыз. Онда сатылымнан түсетін каскадты салық сынды салық түрі орын алмайды деген ойдамыз және сәйкесінше басқару мәселелері де жойылады деген пікірдеміз», – деп атап өтті ол.
Жер телімдері мен лицензиялауға қатысты өз ойын ортаға салған Абылай Мырзахметов, Тау-кен және металлургия өнеркәсібі қауымдастығына ҰКП тәжірибесіне сүйене отырып, кәсіпорындардан келіп түсетін өтініштер негізінде бірыңғай реестр құру туралы ұсыныс айтты.
«Біз жүйелі проблемалар реестрін құрдық. Ол құрылғаннан бастап, ҰКП-ға 700-дей өтініш келіп түсті. Қазір біздің қорда олардың 400-і бар, ал 70%-дан астамы өз шешімін тапты. Бірыңғай реестрге өңір кәсіпкерлерінің, түрлі салалардың өтініш-шағымдары енді. Бұл реестрді Премьер-министрдің бірінші орынбасарымен бірге қарап, талқылаймыз. Мысалы, орын алған мәселеге қатысы бар мемлекеттік органдардың әрекетін, заңнамалық, нормативтік өзгерістерді қажет ететін мәселелерді, министрлік қаулыларын, тіпті, кейде қандай да бір қарама-қайшылықтарды жою керек болған жағдайларды немесе мемлекеттік органдар орындамай отырған мәселелерді қараймыз. Егер мұндай реестрді құру қажет болса, біз көмек беруге әзірміз. Ол үшін, Асқар Ұзақбайұлымен (Мамин, ҚР вице-премьері – авт.) кеңесеміз және Жеңіс Махмұдұлы (Қасымбек, ҚР инвестициялар және даму министрі – авт.) оған қолдау көрсетеді деген сенімдемін. Ол үшін ай сайын, мемлекеттік органдарды жинап, жұмыстарды нақты үйлестіру керек. Сол кезде, келесі съездің соңында, біз міне реестр, осындай мәселелер қаралды, олардың осыншамасы шешілді деп есеп бере аламыз. Бұл өте ыңғайлы, себебі олардың денін ұсақ-түйек проблемалар құрап отыр. Мәселен, кассалық аппарат, салық есебі, құжаттарды тапсыру дегендей. Тіпті, шошқа өсіретін фермалар «Қазмырыш» немесе өзге де ірі кәсіпорындар төлейтін экологиялық айыппұлдарды төлеген жағдайлар да болған. Бұл тұста да көптеген келеңсіздіктерге жол берілген. Алайда, олардың бәрі өз шешімін тапты. Біз сіздерге осындай ұсыным айтамыз. Яғни, бірінші вице-премьер деңгейінде жұмысты үйлестіру тетігін іске қосып, оны күшейтуде Инвестициялар және даму министрлігін тартуды ұсынып отырмыз», – деді «Атамекен» Басқарма Төрағасы.
Абылай Мырзахметов геологиялық барлау, мамандарды даярлау және отандық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға қатысу мәселесіне арнайы тоқталып өтті. Шикізат бағасының құлдырауына байланысты мемлекет ірі компанияларды ынталандыру үшін, салықтан шегеру және қазбаларды барлауда жеңілдіктер ұсыну арқылы қолдау көрсете алады, дейді топ-менеджер. Дуальды білім беру арқылы, бүгінде, «Қазмырыш», «Қазақмыс» және ERG кәсіби мамандарды даярлауда табысқа жеткен. Бұл жүйе, колледждер арасында мемлекеттік тапсырыс беру арқылы мамандар даярлайтын, түлектерді жұмыспен қамту индикаторы қарастырылмаған жүйеден әлдеқайда артық екен. Абылай Мырзахметов қаржы нақты жұмыспен қамтылғандарға, ТКБ (техникалық және кәсіби білім беру) бойынша оқитындарға, жұмыс берушілермен тікелей жұмыс жасайтындарға жұмсалуы тиіс екенін айтты. Мемлекеттік сатып алуларға қазақстандық компаниялардың қатысуы туралы пікір білдірген «Атамекен» Басқарма Төрағасы, арнайы киімдерін шығаратын «Ютария» фирмасын мысалға келтірді. Бұл ретте, аталған кәсіпорын өніміне «Қазақмыс» кәсіпорны тапсырыс береді екен. Ал, бүгінде, компания Қорғаныс министрлігімен 7 млрд теңге көлеміндегі келісімшартқа отырып, консорциумдағы көшбасшыға айналған.
Қазақстандағы моноқалалар мәселесіне тоқталған «Атамекен» Басқарма Төрағасы бүгінде ҰКП Үкімет тапсырмасымен Жаңаөзен қаласында пилоттық жобаны аяқтауда деді. Үкіметте қаралған соң, бұл тәжірибе елдің өзге де моноқалаларында жүзеге асырылуы мүмкін.
«Моноқалалар бойынша, қала құраушы кәсіпорындарға ерекше жүк артылады. Бюджеттік саладан бөлек, демеушілік, әлеуметтік салаларға барлық компаниялар қаражат бөледі. Біздің ойымызша, бұл қаражатты әкімдіктер теңбе-тең үлестіруі тиіс. 50% облыстық қажеттіліктерге жұмсалса, қалған 50%-ы моноқалалар мәселелеріне – жолмен қамтамасыз етуге, электроэнергетикаға, әлеуметтік салаға жұмсалуы керек. Және оның бәрін міндетті түрде бақылап отыру қажет. Біз қазір 27 моноқаланың төлқұжатын жасауды ұсынып отырмыз. Яғни, ірі компаниялар бөлетін қаражат шағын қалалар проблемаларын шешуге бағытталуы тиіс. ERG-мен бірге биыл біз пилоттық жобаны қолға алдық. Компания ақша бөліп, Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінен жұмыстан қысқарғандарға, басқа салаға ауысқысы келетіндерге арнап микронесиелер берілді. Аталған микронесиелерді тиімді пайдаланып, өз бизнесіңді ашуға болады», – деді Абылай Мырзахметов.
Данияр Серіков
Пікір қалдыру:
Пікірлер: